Бишімбаев сотындағы аудармашының жайы біраз шындықтың бетін ашты

12606

Олар бір сағат жұмысы үшін 14,7 мың теңгеге дейін ақы ала алуы мүмкін.

Бишімбаев сотындағы аудармашының жайы біраз шындықтың бетін ашты Фото: Жоғарғы сот

Әділет министрлігінің мәліметінше, Қазақстанда заңдар, соның ішінде депутаттар бастамашы болған заң жобалары негізінен орыс тілінде жазылып, содан кейін ғана мемлекеттік тілге аударылады.

Салдарынан заңдардың қазақша мәтіндерінде қате өріп жүр. Ол қателіктер сот үкіміне кері әсер етпеуі үшін судьялар, қалыптасқан тәжірибе бойынша заңдардың орысша мәтінін басшылыққа алады.

Заңдар аударма болғандықтан, олардың асығыс-үсігіс жасалған аудармасын, яғни қазақша мәтінін қазақтар да түсіне алмайды. Сондықтан сот процесінде қазақтардың өзі сот ісінің орысша жүргізілуін сұрауға мәжбүр.

Бұл былыққа Терминком да, мемлекеттік тілді дамытуға жауапты және сол үшін мол қаржы алып отырған институттар да "сүбелі" үлесін қосып жүр. Олар бас-басына би болып, өз бетінше сөздіктерді қаптатып шығарғанымен, барлық маманға ортақ, бекітілген бірыңғай терминдердің нормативтік сөздігін құра алмай келеді.

Тараптардың бірі орысша білмесе, мемлекет бұл тұйықтан шығу үшін оған аудармашы ұсынылады. Олардың да біліктілік деңгейі, жұмыс сапасы сын көтермейді. Бір мысал, биыл елді дүрліктірген Бишімбаев соты кезінде сот аудармашысының қарапайым сөйлемдерді дәл аудармаған кездері болды. Тіпті қате аударған тұсы да болғанын журналистер жазды.

Қазіргі Парламент пен Үкіметтен "қазақша заң жазады" деп күту – әбестік. Өйткені парламенттік журналистер палаталардың отырыстарында баяндамалар негізінен орысша жасала бастағанына назар аударыпты. Сондықтан билік тек сот аудармашыларының біліктілігін арттыру мәселесіне көңіл аударатынға ұқсайды.

Үкімет басшысының орынбасары Тамара Дүйсенованың түсіндіруінше, Азаматтық процестік кодекске сәйкес, сот ісі жүргізілетін тілді мүлдем білмейтін немесе жеткілікті түрде білмейтін іске қатысатын адамдар аудармашының қызметтерін тегін пайдалана алады. Олар соны қаласа, мемлекет аудармашымен қамтамасыз етуі керек.

"Бұл ретте аудармашының қызметі сатып алынады: онымен арада ақылы, өтеулі қызмет көрсету шарты бекітіледі. Азаматтық және әкімшілік істер бойынша аудармашыларға төленетін сыйақы мөлшері қазіргі кезде де Қазақстанның Министрлер кабинетінің 1992 жылғы 25 ақпандағы №152 қаулысымен реттеледі. Оған сәйкес аудармашылар құжаттарды жазбаша аударса, 1 парағы үшін төленеді. Егер ауызша, ілеспе аударып отырса, 1 сағат жұмысы үшін ақы есептеледі", – деп түсіндірді Тамара Дүйсенова.

Алайда, сот аудармашылары өте аз алады, салдарынан бұл қызметке білікті мамандар қызыға қоймайтын көрінеді.

Мысалы, 2014 жылы Үкіметті Кәрім Мәсімов басқарып тұрған кезде қабылданған, бүгінге дейін қолданылып жүрген "Қылмыстық iс бойынша iс жүргiзу кезiнде адамдардың шыққан шығыстарын төлеу қағидаларына" сәйкес, аудармашыларға сыйақы жазбаша аударманың 1 парағы (2000 белгіге дейін) немесе ауызша аударманың бір сағаты есебінен белгіленеді:

  • орыс тілінен қазақ тіліне және керісінше аударғанда – айлық есептік көрсеткіштің екіден бірінен (1/2 немесе 0,5-інен) аспайды. 2024 жылы бұл 1 846 теңге ғана;
  • Батыс Еуропа, түркі және басқа тілдерден орыс немесе қазақ тілдеріне және керісінше аударғанда – 1 АЕК-тен аспауға тиіс. Биыл бұл – 3 692 теңге.

Бұл – қылмыстық істердің аудармашыларына төленетіні.

Әділетсіздігі сол, қылмыстық істерге қатысатын аудармашыларға қарағанда, азаматтық істер бойынша аудармашыларға бұдан да төмен сыйақы мөлшері бекітілген екен.

Сондықтан Жоғары сот 2019 жылдан бері азаматтық істерге қатысатын аудармашылардың төлем мөлшерін ең құрыса, қылмыстық істер бойынша аудармашылардың сыйақы мөлшерлерімен теңестіруді ұсынып келді.

"Сот ісі жүргізілетін тілді білмейтін немесе жетік білмейтін іске қатысушы адамдарға мәлімдеме жасау, түсініктер мен айғақтар беру, өтінішхаттарды мәлімдеу, шағымдар келтіру, іс материалдарымен танысу, сотта ана тілінде немесе өзі білетін басқа тілде сөз сөйлеу, аудармашының  қызметін тегін пайдалану құқығы түсіндіріледі және аудармашымен қамтамасыз етіледі. Аудармашыларға тиесілі сомаларды төлеу тек Үкімет айқындайтын тәртіппен республикалық бюджет есебінен жүргізіледі", – деп түсіндірді Жоғарғы сот.

Жалпы, егер аудармашы сауатсыз болса немесе өз жұмысына салғырт қараса, сот процесіндегі тараптардың теңдігі бұзылып, заң үстемдігіне соққы беріліп, сот төрелігіне нұқсан келетіні даусыз. 

"Сот төрелігіне қол жеткізу – іргелі халықаралық стандарттардың бірі, әрі әрбір азаматтың конституциялық құқығы. Конституцияға сәйкес әркім сот арқылы қорғалуына құқылы және сот алдында бәрі тең. Бұл ретте істі қарау үшін маңызды ақпараттың дәл тәржімалануы – аударманың сапасына тікелей байланысты. Сот төрелігінің әділдігі, тараптардың теңдігі аудармашының кәсіби біліктілігіне байланысты. Ал, білікті маманды тарту тағы да оның өтемақысына, сыйақысына тәуелді", – деді мәжілісмен Нұрсұлтан Байтілесов.

Ол азаматтық және әкімшілік істер бойынша аудармашыларға төлем әлі күнге Үкіметтің 1992 жылғы қаулысы негізінде жүргізілетінін растады.

"Оған сәйкес 1 бетті аударғаны немесе 1 сағаттық жұмысы үшін бұларға небары 369 теңге төленеді. Егер процесс жарты сағатқа созылса, онда төлем осы соманың жартысын құрайды, яғни 180 теңге. Салыстырсақ, Қазақстандағы аударма нарығында 1 парақ мәтіннің, 1 сағаттың аударма жұмысы 5 мың теңгеден жоғары бағаланады. Ал, ілеспе-синхрондық аударма құны 10 мың теңгеден басталады", – деді Мәжіліс депутаты.

Мысалы, арнайы бағдарлама аясында мемлекеттен миллиардтап тапсырыс алып, бюджет қаражатына кітаптарды орыс және ағылшын тілдерінен аударып жүрген белгілі құрылым аудармашыларына әр бет үшін 18 мың теңге және одан көп төлейді екен. Мұндай жағдайда 369 теңгеге қай маман ынтығады?

Н.Байтілесов қазақстандықтар сыртында бүкіл әлем тамашалаған, тікелей эфирде орыс тілінде жүрген Бишімбаев сотында аударма қызметінің сапасыз болғаны қоғамдық резонанс тудырғанын еске салды. Тіл жанашырлары, блогерлер мұны көріп "жүрегі қан жылағанын" айтып жатты.

"Бұған біз де куә болдық. Жалпы, сот ісіне тартылатын білікті аудармашылар осындай төмен мөлшердегі төлемақысына байланысты қызмет көрсетуден бас тартады. Салдарынан, сот процестері кешіктіріліп жатады, хатшылар басқа аудармашыларды сабыла іздеп, оларға: "қызмет көрсетіңізші!" деп жалынуына тура келеді. Тіпті жол шығындарын, таксиін өтеуге жетпейтін қаражатпен соттар азаматтарды сауатты аудармашымен қалай қамтамасыз етпек?!" – деді депутат.

Оның айтуынша, санкция және соғыстан қатар қажи бастаған көрші Ресейдің өзінде сот аудармашылары бір сағаттық жұмысы үшін 7 500 теңгеден басталатын ақы алады. Бұл біздің соттардағы аудармашылардың өтемақысынан 20 есе көп.

Сорақы жайт бар. Бұл проблеманы Жоғарғы сот өзі-ақ шеше алады, өйткені қазіргі кезде ол қаржы жағынан тәуелсіз, әрі ауқатты. Бірақ проблеманы шешуіне заңнама рұқсат етпейтін көрінеді. Барлығы тек Үкімет басшысының қаулысымен ғана шешіледі.

"Құзырлы орган ретінде Сот әкімшілігі тіпті бюджеттен ешқандай қосымша қаражат талап етпестен, өз бюджеті есебінен аудармашылардың қолданыстағы өтемақы мөлшерін көтеруге рұқсат етуге бірнеше рет ұсыныс жасалды. Алайда, Үкімет тарапынан бұл мәселе қолдау таппай келеді. Осыған орай, қазіргі нарықтық заманның деңгейіне сәйкес аудармашылардың өтемақысын қайта қарау қажет деп санаймын. Бұл өз кезегінде соттарда заң үстемдігін қамтамасыз ету мақсатында білікті және тәжірибелі аудармашыларды тартуға мумкіндік береді", – деді Нұрсұлтан Төленұлы.

Сондықтан аудармашылардың өтемақы мөлшерін нарықтық бағаларға сәйкестендіріп қайта қарау – күн тәртібіндегі көкейкесті мәселе. Ол тіпті ұлттық мүддемен ұштасып жатыр.

Үкімет не дейді?

"Қылмыстық болсын, азаматтық болсын, сот аудармашылары жұмысының ерекшелігіне қарамастан, сот талқылауы аясында аудармалардың құны бәрібір аударма қызметтерінің нарықтық, коммерциялық құнынан едәуір төмен болып тұр. Осыған байланысты бүгінде Сот әкімшілігі қалыптасқан жағдайды реттеу үшін сот процесіне қатысатын аудармашыларға сыйақы мөлшерін ұлғайту ұсынысымен қайта шықты. Оны көздейтін қаулы жобасын дайындады. Ол қазіргі уақытта заңнамада белгіленген тәртіппен келісуден өтуде", – деді вице-премьер Тамара Дүйсенова.

Қаулы барлық келісімнен өтіп, Үкімет басшысының үстеліне жетпегендіктен, оның орынбасары нақты сомаларды атап жатпады.

Дегенмен, Жоғарғы сот былтырғы 2023 жылдың соңында "Азаматтық істер бойынша іс жүргізу кезінде сарапшыларға, мамандарға және аудармашыларға төленуге жататын сомаларды төлеу қағидаларын бекіту туралы" Үкімет қаулысының жобасын әзірлеген болатын.

Оған сәйкес, Азаматтық істер бойынша іс жүргізу кезінде аудармашыларға тиесілі сомалардың мөлшерін:

  • орыс тілінен мемлекеттік тілге және кері бағытта, сондай-ақ Батыс Еуропа, түркі және басқа тілдерден мемлекеттік немесе орыс тілдерге жазбаша аударманың 1 беті (2000 таңбаға дейін) немесе бір сағаты – 1 АЕК (2024 жылы 3 692 теңге) аспайтын;
  • орыс тілінен мемлекеттік тілге және кері бағытта, сондай-ақ Батыс Еуропа, түркі және басқа тілдерден мемлекеттік немесе орыс тілдерге ауызша ілеспе-синхронды аударма үшін сағаттық төлемі – 4 АЕК-тен (14 768 теңгеден) аспайды деп белгілеу ұсынылған.

Жоғарғы соттың аудармашылардың төлемақысын көтеру туралы бастамасын Мамин Үкіметі де, Смайылов Үкіметі де қолдамапты. Бектенов Үкіметі тұсында тоң жіби ме екен?

Telegram
БІЗДІҢ ТЕЛЕГРАМ АРНАМЫЗҒА ҚОСЫЛЫҢЫЗ Ең соңғы жаңалықтар осында
Жазылу
Telegram арнамызға жазылыңыз! Жаңалықтар туралы бірінші біліңіз
Жазылу