Бішкектегі оқиғадан кейін Қырғызстаннан пәкістандық студенттер қашып жатыр

1481

Қырғыз үкіметі жағдайды бақылауға алғанын хабарлады. Екі елдің сыртқы істер министрлері мамырдың 21-де Астанада кездеспек.  

Бішкектегі оқиғадан кейін Қырғызстаннан пәкістандық студенттер қашып жатыр Фото: бейнеден скриншот

Пәкістан сыртқы істер министрлігі сенбі күні Бішкекте пәкістандық студенттерге жасалған зорлық-зомбылыққа жауап ретінде Қырғызстанның Исламабадтағы бас дипломатын шақырып алып, оған наразылық нотасын тапсырды.

Қырғыз полициясы жұма күні ел астанасында шетелдік студенттерге, соның ішінде пәкістандықтар тұратын ғимараттарға шабуыл жасаған жүздеген қырғыз жігітті тоқтату үшін күш жұмылдырғанын хабарлап отыр.

Полицияның айтуынша, бұл шабуылға ұлты нақты белгісіз шетелдіктердің жергілікті тұрғындарды ұрып-соғуы себеп болған.

"Қырғызстанның уақытша сенімді өкіліне Қырғызстан үкіметінің пәкістандық студенттер мен азаматтардың қауіпсіздігін қамтамасыз ету үшін барлық шараларды қабылдауы керектігі айрықша ескертілді", - деп жазылған Пәкістан сыртқы істер министрлігі таратқан мәлімдемеде.

Сонымен қатар, осы мәлімдемеге жүгінсек, Қырғызстан денсаулық сақтау министрлігі төрт пәкістандықтың алғашқы медициналық көмек көрсетілгеннен кейін үйлеріне жіберілгенін, тағы біреуі жарақатына байланысты емделіп жатқанын растаған.

Пәкістанның Dawn басылымының хабарлауынша, Бішкектегі зорлық-зомбылықтан кейін Пәкістан 140-тай студентін қайтарып алды. Жексенбі күні тағы бірталайы оралуы керек.

Пәкістан премьер-министрі Шехбаз Шариф болса, өз мәлімдемесінде Қырғызстанда орын алған оқиғаға алаңдаушылық білдіріп, Исламабад Бішкектен кеткісі келетін  кез-келген пәкістандықты қайтарып алатынын хабарлады.

Сондай-ақ Қырғызстанның Исламабадтағы елшілігі жанында шеру өтіп, оған жиналған көпшілік Бішкектегі тәртіпсіздіктерге наразылық білдірді.

Жұманың кешінде Бішкекте не болды?

Шетелдіктердің қатысуымен болған жаппай төбелес Бішкекте стихиялық наразылықты туындатты, деп хабарлайды 24.kg.

24.kg дерегінше, "жұманың кешінде Бішкекте басталған шетелдіктерге қарсы стихиялық наразылық тек 18 мамырда таңертең аяқталды. Полицейлер шеруге шыққандармен келісімге келіп, демонстранттар Шу даңғылын қайта ашып, сәлден соң тарап кетті. Жергілікті тұрғындарды соққыға жыққан шетелдіктерден кек алу үшін 17 мамырда сағат 21.00 шамасында Бішкектегі 7 сәуір мен Огонбаев көшелерінің қиылысына 100-ден астам жігіт жиналды. Ал мұның алдында, яғни, 13 мамырда Бішкекте шетелдіктердің қатысуымен жаппай төбелес болды. Бұл оқиға өзге елдердің жастары тұратын жатақханалардың бірінің ауласында болып, бірнеше жергілікті тұрғын соққыға жығылған".

Көп кешікпей осы жағдайға Қырғызстанның Ұлттық қауіпсіздік жөніндегі мемлекеттік комитетінің (ҰҚК) төрағасы Камчыбек Ташиев түсініктеме берді. Оның сөзінше, наразылық акциясына 18 бен 25 жас аралығындағы 700-ге жуық адам шыққан. Олардың қарсылық білдіруіне  басқа мемлекеттерден – Пәкістан, Бангладеш, Египет, Үндістан сияқты елдерден  келген мигранттардың көбейіп кетуі де себепші.

"Менің ойымша, олардың кешегі талаптары белгілі бір дәрежеде дұрыс. Жоғарыда аталған елдерден келушілер көп. Президент елде заңсыз жүрген мигранттардың жауапкершілігін қарастыруды тапсырды. Сәуір-мамыр айларында белсенді жұмыс жүргіздік. Күн сайын елімізде заңсыз жүрген 20-30 шетелдікті анықтаймыз. Негізінен Пәкістан мен Бангладеш азаматтары ұсталады. Біз қазірдің өзінде мың жарымдай пәкістандықты, мыңнан астам Бангладеш азаматын елден шығардық", - дейді  Қырғызстан Ұлттық қауіпсіздік комитетінің басшысы.

Сонымен қатар, Ташиев шерушілерге тәртіп сақшыларының күш қолданбағанын да айтып өтті.

"Біз жиналғандардың кешегі талаптарын белгілі бір дәрежеде дұрыс деп санаймыз. Бірақ қоғамдық тәртіп бұзылып, елге қауіп төнсе, қатаң шара қолданамыз. Шеруден арам ниет байқаған жоқпыз. Дегенмен, арасында арандатушылар да болды. Олардың аты-жөні анықталып, жақын арада ұсталып, жауапқа тартылады. Кейбіреулер WhatsApp арқылы түрлі арандатушылық хабарламалар таратып, мемлекетке қарсы әрекеттерге шақырып, қалыптасқан мемлекеттік жүйеге қарсы тұруға тырысты. Қарулы адамдар да болды, олардың барлығы ұсталды, енді жазаланады", - дейді Ташиев.

Пәкістанның Бішкектегі елшісі не деді?

Пәкістанның Қырғызстандағы елшісі Хасан Зайгам Бішкекте болған жағдайға байланысты бұрынғы Twitter, қазіргі X парақшасында бейнежазба жариялады. Оның айтуынша, "жергілікті экстремистік элементтер" Бішкекте шетелдік студенттердің алты жатақханасы мен олардың жеке резиденцияларына шабуыл жасап, 14 адамды жаралаған.

"Бішкектегі студенттік жатақханалардың айналасындағы топтық зорлық-зомбылықты ескере отырып, елшілік Бішкектегі барлық пәкістандық студенттерге жағдай қалпына келгенше үйден шықпауға кеңес береді. Біз студенттеріміздің қауіпсіздігін қамтамасыз ету үшін жергілікті құқық қорғау органдарымен байланыстамыз", - деді елші 'X' арқылы таратқан мәлімдемесінде.

Үндістан Бішкектегі студенттерінің жағдайын "қадағалап отыр"

Үндістан үкіметі де Қырғызстандағы азаматтарына көмектесу үшін сенім телефонын ашты.

"Бішкектегі үнді студенттерінің жағдайын бақылап отырмыз. Қазір жағдай тыныш деп хабарланды. Студенттерге Елшілікпен үнемі байланыста болуға кеңес береміз", - деп жазды Үндістанның Сыртқы істер министрі С.Джайшанкар.

Бішкекте зардап шеккендер арасында үнділердің бар-жоғы белгісіз.

The Times of India газетінің хабарлауынша, Бішкекте шетелдіктерге топтасқан шабуылдың басталуына  13 мамырда жергілікті қырғыз студенттер мен мысырлықтар және араб елдерінен келген студенттер арасындағы жанжалдан басталған. Сол оқиғада қырғыз студенті жарақат алып, оның соңы шетелдіктерге қарсы акцияларға ұласқан.

Жағдай бақылауға алынды

"Қырғызстан билігі қауіпсіздікті қамтамасыз етіп, бейбітшілік пен тұрақтылықты сақтау үшін барлық қажетті шараларды қабылдады. Біздің құқық қорғау күштеріміз қоғамдық тәртіпті бұзу әрекеттерінің табанды түрде жолын кеседі", - делінген Қырғызстанның министрлер кабинетінің 24.kg ақпарат агенттігі таратқан мәлімдемесінде.

Осы агенттіктің өзге бір дерегінше, Пәкістан Премьер-Министрінің орынбасары - Сыртқы істер министрі Мохаммад Исхак Дар Қырғызстан Сыртқы істер министрі Жээнбек Кулубаевпен мамырдың 21-де Астанада ШЫҰ Сыртқы істер министрлерінің кеңесі аясында кездеседі.

Telegram
БІЗДІҢ ТЕЛЕГРАМ АРНАМЫЗҒА ҚОСЫЛЫҢЫЗ Ең соңғы жаңалықтар осында
Жазылу
Telegram арнамызға жазылыңыз! Жаңалықтар туралы бірінші біліңіз
Жазылу