Биткоиннің бағасы 3 миллион долларға жетуі ықтимал, бұл – қиял емес, нарықтағы ең ірі ойыншылардың бірінің болжамы.
VanEck зерттеу бөлімінің басшысы Мэттью Сигелдің (Matthew Sigel) жорамалынша, алғашқы криптовалюта 2050 жылға қарай 3 миллион долларлық межеге дейін шарықтауы мүмкін. Алайда бұл үшін Bitcoin бүгінгі үйреншікті, тіпті іш пыстырарлық криптонарықтың тар аясынан шығуға, әлемдік сауда мен мұнай-газ секторындағы энергетикалық есеп айырысудың құралына айналуға тиіс, деп жазды inbusiness.kz.
Бұл мақсатқа дейін әлі талай жол бар. Әзірге әлдеқайда маңызды сұрақ – алдағы бірнеше аптада не болмақ? Биткоин таяуда бағындырған 80 мың доллар белесін ұстап тұра ала ма?
Егер оған қабілеті жетпесе, күзгі құлдырау жаңа шыңырауларға ұласуы мүмкін. Ал, егер биткоин бұл сынақтан сүрінбей өтсе, келесі маңызды меже – Citi банкінің 113 мың долларлық болжамы.
Сарапшылар оптимизмге жаңа негіз тапты
VanEck болжамы ертеңгі күнге емес, "онжылдық экономикалық көкжиекке" бағдарланған. Компания биткоинді доллардың құнсыздануынан қорғану құралдарының бірі ретінде қарастырып отыр.
Мэттью Сигел ұзақмерзімді өсімге ықпал ететін бірнеше факторды атады. Олардың қатарында Bitcoin-нің әлемдік саудада кеңінен қолданылуы, энергетикалық нарықтарға енуі, жас инвесторлардың қызығушылығы және "жекелеген мемлекеттердің", әсіресе авторитарлық режимдердің оған деген ынта-ықыласы бар.
Дегенмен сарапшы ғасыр ортасына дейінгі арман мен таяу болашақтағы нақты перспективаның арасын анық ажыратады. Оның пікірінше, әлдеқайда шынайы болжамды баға – 500 мың доллар.
Мұндай бағамға жетуі үшін биткоин капитализациясының ауқымы алтын нарығы капитализациясының шамамен жартысына жетуі шарт. Сигелдің бағалауынша, бұл қазіргі немесе келесі нарықтық циклде-ақ жүзеге асуы мүмкін.
Инвесторлар мұндай сеніміне не негіз болып отыр? Сарапшылардың бағалауынша, Bitcoin-нің физикалық алтынға қарағанда бір маңызды артықшылығы бар: оны елдер арасында тасымалдау әлдеқайда оңай.
Мысалы, Қазақстаннан тіпті 5 грам болса да, алтын құймаларын алып шығуға қатаң тыйым салынған. Алайда криптовалюталарға ондай тыйым жоқ.
Оның үстіне, цифрлық активтің ірі көлемін бір жерден екінші жерге жеткізу үшін алтындағы сияқты көлік, қойма қажет емес.
Алайда мұның басты кемшілігі де бар: тым құбылмалы. Биткоин бағасы алтынға қарағанда шамамен үш есе қатты "тербеледі". Ол небары бір аптаның ішінде алапат құнсызданып қалуы мүмкін.
Алтын құнын көп жоғалтпайды. Сондықтан институционалдық инвесторлар әдетте тым көп елікпей, портфельдерінің биткоинге тиесілі үлесін төмен деңгейде ұстайды.
Өсімге қосымша серпін-стимулдар да бар. VanEck сарапшыларының байламынша, егер биткоин бағасы елеулі көтерілсе, онда ұзақмерзімді электр энергиясы келісімшарттары бар ірі майнерлер жасанды интеллект жобаларына бағыттап жатқан қуаттарды алда қайтадан Bitcoin өндіруге бұруы мүмкін. Қазіргі 80 мың доллар шығыстарды жабуға ғана жетеді, көп таза пайда бермейді.
80 мың доллар – нарықтың басты табалдырығы
Ғасыр ортасына дейінгі 3 миллион долларлық болжам алып инвесторлардың қызығушылығын тудырғанымен, ағымдағы нарық әлдеқайда қысқа циклдермен өмір сүреді.
Биткоин қазан айына өткен жылғы басты артықшылығынсыз кірді: бір жыл өтсе де, тарихи максимумын жаңартуға қабілетті екенін қайтадан паш ете алмады.
8 қазанда, небары бір күн ішінде биткоинның бағасы 83,5 мың доллардан 80,5 мың долларға дейін құлады. Бұл бір жыл бұрынғы көрсеткіштен 45,7 мың долларға аз. Еске сала кетсек, 2025 жылдың қазан айында Bitcoin өзінің тарихи шыңын – 126,2 мың доллар межесін бағындырып еді.
Сондықтан дәл қазір 80 мың доллар деңгейі шешуші мәнге ие. Егер осы меже ұзақ сақталса, сатып алушылар нарықтағы бақылауды өз қолында ұстай алады. Егер баға 85 мың доллардан жоғары бекіп, одан әрі 90–100 мың долларға қарай қозғалса, нарықтағы сенім қайта оралуы мүмкін.
"Ал, 80 мың долларлық деңгейден төмен қарай құлдилау нарыққа мүлде басқа сигнал береді. Мұндай жағдайда сатушылар үшін бағаны ары қарай төмендетуге кеңістік ашылады. Ендеше инвесторлар келесі тұрақты сұраныс деңгейінің қай жерде орналасқанын жанұшыра іздей бастайды. Бұл №1 криптовалютаның ары қарай арзандауына соқтырады", – деп ескертті TradingView.com сарапшылары.
Өз кезегінде Santiment осы аптада, 6 қазанда, бір тәуліктің ішінде криптовалюта биржаларынан 24 073 BTC шығарылғанын жариялады. Бұл – соңғы жеті айдағы ең ірі біркүндік таза әкетілім.
Биржалардағы биткоиннің үлесі жалпы ұсыныстың шамамен 6,5%-ына дейін қысқарды. Нарық үшін бұл ықтимал оң белгі. Себебі, сауда алаңдарына шығарылған криптомонета азайған сайын, жылдам сатылымға шығарылатын Bitcoin көлемі де кемиді. Мұндай жағдай бағаның өсуіне қосымша түрткі болуы ықтимал.
Сонымен қатар нарықтағы сатып алушылардың қарасы әлі де қалың. Bitcoin-нің тәуліктік сауда көлемі 21%-ға өсіп, 31,7 млрд долларға жетті. Биткоиннің нарықтық капитализациясы шамамен 1,6 трлн долларды құрады.
Биткоин 100 мың доллардан аса ма?
Нарыққа тағы бір маңызды бағдарды Citi қаржылық ұйымы ұсынды. Банк биткоин бойынша 12 айлық нысаналы болжамын бұрынғы 82 мың доллардан 113 мың долларға дейін көтерді, деп жазды Reuters.
Бұл болжамның негізінде криптовалюталық ETF-терге қаражат ағынының қайта жандануы және институционалдық сұраныстың сақталуы жөніндегі үміт жатыр.
Қазіргі нарықтың бұрынғы циклдерден маңызды айырмашылығы осында. Bitcoin енді тек бөлшек трейдерлерге тәуелді емес. Оның тағдырына ірі қаржы ағындары көбірек ықпал ете бастады.
Егер ETF арқылы криптонарыққа ақша ағындай құйыла берсе, иеленуге құлшынған сатып алушылардың қысымы бағаны біртіндеп 100 мың доллардан жоғары итермелеуі мүмкін.
Алайда басқа сценарийлер де бар: базалық нұсқасы бойынша Bitcoin 80–90 мың доллар аралығында тұрақтап, нарықтағы көңіл-күй жақсарған жағдайда қайтадан өсуін жалғастыра алады.
Бірақ ескі тәуекелдер жойылған жоқ. АҚШ облигацияларының жоғары кірістілігі инвесторлар үшін криптовалютадан гөрі дәстүрлі құралдарды тартымдырақ етеді. Мұнай бағасының қымбаттауы инфляциялық тәуекелдерді күшейтеді. Ал, АҚШ Федералдық резерв жүйесінің (FRS) қазіргі қатаң әрі агрессивті саясаты инвесторларды тәуекелі жоғары активтерден аулақтатады.
Теріс сценарийде Bitcoin 80 мың доллардан төмен құлдырап, нарықта жаппай сатылым толқыны үдеуі мүмкін. Демек, алдағы екі ай криптовалюталарға салым салған жандар үшін жан тыныштығынан гөрі жүйкеге салмақ түсіретін жайттарды көбейтуі ғажап емес.
Биткоиннің күзгі тағдыры екі күштің текетіресі болғалы тұр. Бір жағында – институционалдық инвесторлардың сұранысы, биржалардағы қордың азаюы және қаржылық жағдайдың жұмсаруына деген үміт. Екінші жағында – валюталардың қымбат құны, майнинг шығынының өсуі, инфляция және тәуекелді активтерге жаңа қысым.
Бұл ретте 3 миллион долларлық болжам әзірге мүлде басқа сценарийдің өрісі. Ол Bitcoin әлемдік қаржы және энергетика жүйесінің толыққанды бөлігіне айналғанда ғана шындыққа айналады.
Айтпақшы, бұл материалдың мақсаты – тек ақпарат беру. Ол инвестициялық кеңес болып табылмайды және қандай да бір активті сатып алуға немесе сатуға шақырмайды. Инвестициялық операциялар туралы шешімді әр оқырман ықтимал тәуекелдерді алдын ала өзі бағалап, лицензияланған қаржылық кеңесшімен немесе брокермен кеңескеннен кейін дербес қабылдауға тиіс.