Биыл 137 мың қазақстандық шетелге жұмыс іздеп кетті

8530

Қазір ақша табамын деген адамға мүмкіндік зор. Басыңды жұмыс істетіп те, қол еңбегімен де кез-келген адам табысты болуына жол ашық. 

Биыл 137 мың қазақстандық шетелге жұмыс іздеп кетті Фото: trn-news.ru

Интернет желісінің жұмысқа шақыру бөлімінде "1 миллион теңге жалақы төлейміз" деген жарнама мен хабарландыру көп. Солардың бәрі шынымен де қызметкеріне миллиондап жалақы төлей ме?

Жұмыспен қамту сайттарының бірінде елімізге танымал құрылыс компаниясы "Сату бөлімінің басшысы" қызметіне маман іздеп, ай сайын қолына таза 2 000 000 теңге жалақы ұстатамыз деп отыр. Бір қызығы, аталған қызметке ие болған адам еліміздегі белгілі топ-менеджерлермен, банкирлермен, депутаттармен және айтулы бизнесмендермен тығыз қарым-қатынаста болады-мыс. Ол үшін компания талаптарына сай, жұмысты дүркіретіп жүргізу керек. Әуелі 350 000 жалақымен бастап, компания саудасын жүргізу арқылы ұдайы бонустарыңызды көтеріп отыруға міндеттісіз.

Бұндай жарқылдаған жарнама-хабарландырулар жұмыс ұсынушы сайттарда өте көп. Әсіресе, сауда-саттықпен, жылжымайтын мүлік саудалаумен және медициналық қызмет көрсетумен айналысатын жеке компаниялардың ұсынған жалақысы 5 миллион теңгеден асып жығылады.

Бүгінгі таңда қазақстандықтардың дені шет ел асып, нәпақа табуға бет бұрғандай. Өйткені, Англия, Америка, Оңтүстік Корея, Араб елдері және Еуропа мемлекеттерінде шынымен де біз үшін өте жоғары жалақы ұсынады. Рас, жат жерге "май асаймын" деп барып, құм шайнап қайтып жатқандар да бар.

HeadHunter онлайн жұмыс іздеу платформасының сарапшылары шетелдік жұмысберуші жоғары жалақыға біздегідей тек басшылық қызметке маман іздемей, керісінше, инженерлерді, дәнекерлеушілер мен ауыр жүк көлігінің жүргізушілерін, медицина қызметкерлері мен ІТ-мамандарды, сондай-ақ, аспаздар мен бақша күтушілерін іздейтінін анықтап отыр.

Белгілі болғандай, шет ел асып қара жұмысқа жегіліп жүрген вахташылардың орташа жалақысы шамамен 541 000 теңгені құрайды екен.

Мәселен, Бельгия елінде дәнекерлеуші боп жұмыс істеген адамның қолына ай сайын 1,3-1,7 миллион теңгені ұстата салады. Талаптары да сондай қатал емес, бар болғаны 2-3 жылдық жұмыс өтіліңіз болса, жетіп жатыр.

Ресейдің Мурманск қаласындағы бір зауыт автоматизация бөліміне инженерь іздейді. Айлығы – 1,7-2 миллион теңге. Жұмыс өтіліңіз 3 жылдан асуы шарт.

Нидерландияның бір компаниясы құбыр құрастырушыға ай сайын 1,5-2,5 миллион теңге жалақы төлеуге дайын. Ал, Германиядағы бір зауыт 1-1,5 миллион теңгелік айлыққа келіссеңіз, автоматтандырылған дәнекер аппаратын сеніп тапсырғалы тұр.

Бәріміз Instagram-нан көріп жүргендей, Англиядағы жылыжайлар еш жұмыс өтілінсіз жеміс-жидек жинайтын жас қыз-жігіттерді жұмысқа шақыруда. Күнұзақ шөптің түбіне шұқшиғаны үшін әр жұмысшыға ай сайын 1-1,5 миллион теңгені қолына ұстатады...

Қарап отырсаңыз, біз секілді үшінші сортты елдерде білімді маман ғана емес, қара жұмыс істейтін қарапайым шаруақор да қалмайтын сияқты. Экономикасы дамыған мемлекеттер сыбайлас жемқорлық есеңгіреткен елдерден арзан жұмыс күшін мың-мыңдап тартып жатыр.

Былтырғы 8 айда жақсы жалақы төлейтін жұмыс іздеп шетелге 186 мың қазақстандық аттанған екен. Биыл жыл басынан бері 137 мың отандасымыз шет ел асып үлгеріпті. Олардың арасында ауылшаруашылығы саласында еңбек етуге Англия мен Түркияға, зауыттарда жұмыс істеуге Оңтүстік Кореяға, ал, құрылыс пен қызмет көрсету саласынан нәпақа табуға Біріккен Араб Әмірліктері мен Катарға сапар шеккендер көп.

Telegram
БІЗДІҢ ТЕЛЕГРАМ АРНАМЫЗҒА ҚОСЫЛЫҢЫЗ Ең соңғы жаңалықтар осында
Жазылу
Telegram арнамызға жазылыңыз! Жаңалықтар туралы бірінші біліңіз
Жазылу