Бұдан бұрын бір топ депутат Үкіметке тиісті ұсыныспен шыққан болатын. Олар Ішкі істер министрлігінен абақтыда отырған әйелдерге рақымшылық жасау мүмкіндігін қарастыруды сұрады.
Ішкі істер министрі Ержан Саденовтің бұл ұсынысты құптағаны анықталды. Бірақ соңғы шешімді ел басшылығы қабылдауы керек.
"Мұндай рақымшылық актісін қолдану туралы ұсынысты тұжырымдамалық-концептуалды түрде қолдаймыз. Бүгінде 6 399 әйел қылмыстық құқық бұзушылық жасағаны үшін жазасын өтеп жатыр. Оның 2 692-сі – бас бостандығынан айыру орындарында ұсталса, 3 707-сі пробациялық бақылауда. Қылмыстық кодекстің 78-бабына сәйкес, ауырлығы аз және орташа қылмыстары үшін сотталған 1 220 әйел жазасын ары қарай өтеуден босатылуы мүмкін", – деді ІІМ басшысы.
Соның ішінде түзеу мекемелерінде – 157, пробациялық бақылауда – 1 064 қылмыскер әйел тұр.
Бұған қоса, тағы 2 002 әйел мәселен, ұрлық, алаяқтық және басқа зорлық-зомбылықпен байланысты емес қылмыстар жасағаны үшін сотталды. Олардың 1 766-сы – алғаш рет темір торға қамалды. Ал, 150-і – ауырлығы шағын және орташа қылмыстар жасаған.
Егер ел басшылығы биыл Ұлы Отан соғысының 80 жылдығына және Ата заңның 30 жылдығына орай амнистия жарияласа, онда ішкі істер органдары осы аталған әйелдерді еркіндікке жіберуді, бостандықта жүргендерін – пробациялық бақылаудан босатуды ұсына алады.
Бірақ тар қапас әйел қылмыскерлерден мүлдем босап қалмайды. ІІМ басшысының айтуынша, ауыр және аса ауыр қылмыстар жасаған, кісі өлтірген 5 055 әйел тіркелген.
Оның 2 535-і – түзеу мекемелерінде отыр. Қалған 2 520-сы шартты түрде мерзімінен бұрын босап шығып, Пробация қызметінің қадағалауына алынған. Министр бұл сұсты қылмыскер әйелдердің "жаза мерзімін қысқарту мүмкін болатынын" нақтылады.
Бұдан бөлек, Сәденов рақымшылықты қарау кезінде жасалған қылмыстың ауырлығымен қатар, сотталғандардың әлеуметтік жағдайын қосымша ескеруді ұсынды. Өйткені сотталғандар арасында:
- 29 мүгедек әйел (I-ші топтағысы – 3-еу, II-ші топтағысы – 3-еу, III-ші топтағысы – 15),
- 60 жастан асқан 243 әжей (түзеу мекемелерінде – 152, Пробация қызметі қадағалауында – 91),
- 13 жүкті әйел,
- үш жасқа дейінгі сәбилері бар 58, сондай-ақ балдырғандары бостандықта қалған 226 көп балалы ана бар екен.
Заң бойынша мемлекет пен зардап шегуші алдындағы қарызын өтемегендер бостандыққа шықпауға тиіс. Бұл жағдайда министр мойнында өтелмеген талап-арыздары (иск) бар әйелдер үшін "бас бостандығынан айыруды жазаның неғұрлым жеңіл түріне ауыстыру жолымен" жеңілік беруді ұсынды. Онда 3 910 әйелге ізгілік жасалады.
Дегенмен, Ішкі істер министрі Мәжіліс депутаттарының биылғы атаулы даталар аясында тек нәзік болмыс иелеріне ғана рақымшылық сұрағанын құптамай, өз түзетуін жасады.
"Себебі, Қазақстан Республикасы Конституциясының 14-бабының талаптарын ескеру қажет: оған сәйкес заң мен сот алдында барлығы тең! Ешкімді де жынысына байланысты кемсітуге болмайды", – деді Ержан Саденов.
Ол мысалы, сотталған ерлер арасында әлеуметтік осал 920 адам барына назар аудартты. Бұл санатқа I-ші және II-ші топтағы мүгедектігі бар адамдар, мүгедек балаларды тәрбиелеп отырған әкелер, Ұлы Отан соғысы қатысушыларына теңестірілгендер, зейнеткерлер, толық емес отбасылар кіретін көрінеді.
Сондай-ақ, ІІМ басшысы ерлер арасында бірінші рет сотталғандарды және зорлық-зомбылықсыз қылмыстарды жасағандарды босату мәселесі "жәбірленушілердің құқықтарын қорғауды ескере отырып, одан әрі талдауды қажет ететінін" мәлімдеді.
Егер депутаттардың және Ішкі істер министрлігінің ұсыныстары өтсе, онда онсызда еркіндікте жүрген, бірақ пробациялық бақылауға алынған сотталғандарды қоспағанда, темір тордың ар жағында отырған 2 мыңнан астам сотталған босап шығуы мүмкін.
"Екі мың сотталғанды босату күніне 5,8 миллион теңгеге дейін бюджет қаражатын үнемдеуге ықпал етеді. Сондай-ақ бұл шара гуманизм қағидаттарын және мемлекеттің әлеуметтік бағдарланған саясатын қолдауға, сотталған әйелдерді қоғамға қайта бейімдеуге, отбасылық құндылықтарын нығайтуға және балалардың құқықтарын сақтауға септеседі. ҚАЖ түзеу мекемелерінде жазасын өтеушілердің жүктемесін азайту есебінен мемлекеттік шығыстар оңтайландырылады", – деді Ішкі істер министрі Саденов.
Оның пікірінше, амнистия қамауда қалатын сотталғандарды ҚАЖ мекемелерінде ұстау жағдайларын жақсартуға ықпал етеді.
Қазақстанда 1 сотталған үшін бюджеттен шығарылатын жалпы шығындар күніне – 2 900 теңгені құрайды. 2 мың сотталғанды босатын жіберсе, бюджет жылына олардың тамағынан, киім-кешегінен 1 млрд 117 млн теңгедей үнемдей алады. Егер бірқатар босаған түрмелерді жаба алса, бюджеттің үнемдеуі одан да артуы мүмкін.
Бірақ Ішкі істер министрлігі рақымшылыққа қатысты қаупін де қоса білдірді.
"Қылмыскерлердің жазасын толық өтемей еркіндікке жіберілуі олардың қылмыстарынан зардап шеккен азаматтар, жалпы қоғам арасындағы наразылық көңіл-күйді тудыруы ықтимал. Сондай-ақ рақымшылық жасағандар қайта қылмысқа бару тәуекелі болуы мүмкін", – деп ұстанымын білдірді Ішкі істер министрі Саденов.
Бастама авторы, Мәжіліс депутаты Қарақат Абденнің айтуынша, Қазақстан биыл Конституциясының 30 жылдығын атап өтеді.
"Онда отбасы және ана мен бала мемлекеттің қорғауында болады деп белгіленген. Яғни, әйелдердің ана ретіндегі құқығын қорғауға мемлекет ерекше көңіл бөледі. Еліміз қылмысқа қатысты саясатты гуманизациялау бағытын ұстанады. Сондықтан сотталған әйелдердің жасаған қылмысы зорлық-зомбылық жасаумен байланысты болмаса, қоғам үшін қауіп төндірмесе, ондай әйелдерге амнистия жасау мүмкіндігін қарастыруды ұсындық", – деді Қарақат Абден.
Депутаттардың байламынша, мұндай шара әлеуметтік әділдік орнатуға, отбасы құндылығының нығаюына және өмірде қиын жағдайға тап болған әйелдердің дұрыс жолға түсуіне жағдай жасауға тиіс.
Мәжілісмен 1 500-ден астам бала түрмеде отырған аналарымен бостандықта қауышуды күтіп жүргенін алға тартты. Қылмыс жасап, от басқан анасы абақтыда туғандықтан, 100-ге жуық сәби балалар үйіне жіберілген.
Депутаттар сотталған әйелдерге амнистияны қолдану үшін келесі критерилерді қарастыруды ұсынады:
- зорлық-зомбылыққа қатысы жоқ қылмысы үшін сотталған әйелдер;
- жүкті әйелдер және кішкентай баласы бар әйелдер;
- көп балалы әйелдер;
- алғаш сотталған әйелдер;
- жасы ұлғайған (60-тан асқан) әйелдер.
Ал ауыр қылмыс, аса ауыр, зорлық-зомбылыққа байланысты қылмыс жасап, сол үшін сотталған, қоғамға қауіп төндіретін әйелдерге мәжілісмендер рақымшылық жасамауды ұсынды.