Биыл әлемде тағы қай елдер аза тұтты?

2791

Ұлт басына қайғы түскенде, әрбір азаматтың халқымен бірге қабырғасы қайысып, ет жүрегі езілуі де – бірліктің белгісі.

Биыл әлемде тағы қай елдер аза тұтты? Фото: inbusiness.kz

Биылғы 2023 жыл халықаралық қоғамдастыққа қиын тиді. Ұзаққа созылған түрлі күйзелістер сыртында, төрткүл дүниенің әр түкпірінде жұрт жүрегін шайлықтырған түрлі қарулы қақтығыстар, табиғи апаттар, топтық қайғылы оқиғалар болып, күйік үстіне күйік салды.

Салдарынан, әлемдегі әртүрлі елдерге бір рет, тіпті Қазақстанға екі рет жалпыұлттық Аза тұту күнін жариялауға тура келді.

Жалпы сарапшылардың мәліметінше, Қазақстанның, басқа да көптеген елдердің заңнамасында ұлттық немесе мемлекеттік траурдың қай кезде жарияланатынына қатысты нақты өлшемшарт-критерий жоқ. Оны ел басшысы өзі шешеді.

Көршінің ақпарат құралдары Ресейде оқиға салдарынан жүз адамнан кем қаза тапса, онда федералдық деңгейде Аза тұту күні жарияланбайтынын хабарлайды. Ондай жағдайда жергілікті деңгейде ғана аза тұтылады. Мысалы, 2023 жылғы 15 тамызда Ресей құрамындағы Дағыстанда Аза тұту күні өтті. Себебі, Дағыстан астанасы Махачкаладағы жанар-жағармай қоймасында жарылыс болды. Ресми дерек бойынша жанар-жағармай станциясындағы жарылыста 27 адам қаза тапты. 102 адам жараланған, оның  13-і – балалар. Телеграм-арналар жаралылар, зардап шеккендер саны жүздеген адамға жететінін жазды.

Әр елде Аза тұту мерзімі де әртүрлі болып келеді.

Бірақ барлық мемлекетте де Аза тұту күні билік өз халқымен бірге қайғыға батып, шер жұтқанын паш етеді. Соның нышанындай, мемлекеттік және басқа тулар төмен түсіріледі. Елдегі және ақпарат құралдарындағы ойын-сауық, көңіл көтеру бағытындағы іс-шаралар, бағдарламалар доғарылады.

Кейбір мемлекеттер бұл күні тіпті ойын-сауық орталықтарын жауып тастайды. Мектептерде арнайы әзірленген білім бағдарламалары жүргізілуі, оқушыларға Аза тұтудың және оған себеп болған оқиғаның мәнісі, мазмұны түсіндірілуі мүмкін.

Барлық елде дәстүрлі түрде Аза тұтуды жариялауға – көптеген адамның құрбан болуына соқтырған техногенді немесе антропогенді апаттар, қайғылы оқиғалар, терактілер, соғыстар, сондай-ақ ұлттық қаһарманның немесе ірі мемлекеттік қайраткердің қазасы себеп болуы ықтимал.

Сирия. 6-9 қазан

Сириялық Хомс қаласындағы әскери академияға дрондардың шабуылы салдарынан кем дегенде 80 адам қаза тапты. BBC кем дегенде 100 адамның жан тапсырғанын жазды. Тағы 240 адам түрлі ауырлықтағы жарақат алды. 5 қазанда пилотсыз ұшатын аппараттар шабуылы басталғанда, әскери академияда оны бітірген түлектермен қоштасудың салтанатты рәсімі өтіп жатқан. Бұл туралы елдің денсаулық сақтау министрі Хасан әл-Габаш хабарлады.

Салтанатқа тек іс басындағы, болашақ әскерилер ғана емес, бейбіт тұрғындар да қатысқан. Салдарынан алты бала, алты әйел мерт болды. Сирия тарапы бұл шабуылға "белгілі халықаралық күштердің қолдауымен Сирияда әрекет ететін содырларды" айыптады. Бірақ айыптылардың атын нақтыламады. Сирия Араб Республикасы бейбіт тұрғындардың және әскерилердің қазасына байланысты 6 қазаннан бастап, 4 күндік Аза тұтуды жариялады.

Морокко. 9-11 қыркүйек

Марокко патшасы VI Мұхаммед биылғы 8 қыркүйекте болған зұлмат зілзала құрбандарының рухына арнап, үш күндік Аза тұту жариялады. Бұл туралы 9 қыркүйекте марокколық Hespress газеті мәлім етті.

Кейінгі деректер бойынша, жер сілкінісі салдарынан 1 037 адам опат болған. Мыңнан астам адам зардап шекті. Рабаттағы патшалық сарайда отырыс өткізген Марокко королі зілзала зардаптарын жоюға, баспанасынан айрылғандарға көмек көрсетуге, іздеу-құтқару жұмыстарын жеделдетуге бағытталған іс-шаралар кешенін қабылдауды тапсырды. 10 шақырым тереңдікте болып, алапат қысыммен жер бетіне суырылып шыққан зілзала толқыны Марракеш пен Агадирде тұрғын үйлердің күйреуіне, ЮНЕСКО-ның Дүниежүзілік мұралары тізіміне енген объектілердің қирауына соқтырды.

Біріккен Араб Әмірліктері. 27-29 шілде

Біріккен Араб Әмірліктері биыл өз президентінің інісі, бизнесмен, Абу-Даби билеушісінің өкілі Саид бен Зейд Әл Нахайяннан айрылды.

Соңғы кездері оның денсаулығы қатты сыр беріпті. Мемлекет басшысы Мұхаммед бен Зейд Әл Нахайян бауырының өліміне қайғырып, қан жұтып, мемлекетте үш күндік Аза тұту жариялады.

Молдова. 4 шілде

30 маусым күні ел астанасы Кишинэудің әуежайында шетелдік адам айналасындағы адамдарды қарумен атқылай бастады. Ол бірнеше адамды кепілге алып, бөлмелердің бірінде қамалған. Құзырлы органдар арнайы операция нәтижесінде оны ауыр жаралап, ұстап алды. Қылмыскер атыс кезінде екі офицерді өлтіріп тастады.

Молдава Президенті Майя Санду әуежайда бейбіт тұрғындарды құтқару үшін өз жандарын құрбан еткен қос әскеридің рухына тағзым ретінде 4 шілдеде елде Аза тұту жариялады. Марқұмдар Президент жарлығымен "Жауынгерлік еңбегі үшін" ("За боевые заслуги") медалімен марапатталды.

Италия. 14 маусым

Италия ел басқарған мемлекеттік қайраткер, бұрынғы премьер-министр Сильвио Берлусконидің қазасына байланысты 14 маусым күнін жалпыұлттық Аза тұту күні деп жариялады.

Берлускониді ақтық сапарға мемлекеттің деңгейде шығарып салу рәсімі де сол күні ұйымдастырылды.

АҚШ. 6-11 мамыр

6 мамыр күні Далласта орналасқан Allen Premium Outlets сауда орталығында атыс болды. Белгісіз біреу сенбі күні халық нөпіріне лық толатын сауда орталығында сатып алушыларды атқылауға кіріседі. Салдарынан 9 адам қаза тауып, тағы 7 адам жараланған. Қылмыскерді оқиға орнына шұғыл жеткен құқық қорғау қызметкері атып тастады.

АҚШ Президенті Джо Байден Техастағы трагедияда, "еш мәні жоқ зорлық-зомбылық актісінде көз жұмған құрбандардың құрметіне" жалпыұлттық Аза тұту жариялады.

Ол 11 мамырға дейін Ақ үйден бастап, елдегі барлық туларды тутұғырдың сабына дейін түсіруге бұйрық берді. Америка лидері зардап шеккендерге көмек көрсетуді тапсыры және Конгрестен шабуылдау қаруларын және олардың оқ-дәрілерін еркін сатуға тыйым салатын заң жобасын тағы да қарауды сұрады. 

Грекия. 1-3 наурыз

Грекиялық Ларисса қаласының жанында екі пойыз соғылысты. Ақпарат құралдарының хабарлауынша, неге екені белгісіз, қарама-қарсы бағытта заулап келе жатқан жолаушылар пойызы және тауарлық жүк пойызы бір жолға түсіп кеткен. Екеуі де ағындаған күйі алапат қарқынмен шарпысқан соң вагондарда өрт басталды. Мысалға, мейрамхана-вагондағы температура 1300°C градусқа дейін жетуі мүмкін деп бағаланды.

Өрт сөндірушілердің мәліметінше, алғашқы вагондар толығымен жапырылып қалған. Соққының қуатты болғаны сонша, дөңгелектер, өзге сынықтар теміржолдан 100 метрге дейін ұшып түскен.

Грекия тарихындағы ең ірі теміржол апасында 57 адам қаза тапты, жүзге дейін адам жараланған. Грекияда үш күндік Аза тұту жарияланды. Бұл оқиға елдің ашынысын туғызды, көптеген қалада қарсылық шерулері өтті, теміржолшылар ереуілдеді. Олар салада қауіпсіздік техникасына, қозғалыс қауіпсіздігіне еш мән берілмейтініне, жабдықтаудағы проблемалардың шешілмейтініне назар аудартуға тырысты.

Аза тұтумен шектелген билік еңбеккерлердің, бәлкім, келесі құрбандардың жанайқайына меңіреу қалды.

Түркия. 6-12 ақпан

Биылғы 6 ақпанда Түркия және Сирияда қатар жүрген жантүршігерлік жер сілкінісі бірнеше апта бойы әлем назарын өзіне аударды. Наурыз айының соңындағы деректер бойынша бір ғана Түркияның өзінде құрбандар саны 50 мың адамнан асқан.

Халықаралық медициналық корпус 8 ақпанда Сирияда зілзаладан 7 259 тұрғын дүние салғанын хабарлады. Бірақ соғыс пен экономикалық күйзелістен қаусаған, халықаралық қоғамдастықтан жете көмек ала алмаған Сирияда құрбандар саны одан да көп болуы мүмкін. Көптеген үйінділер толыққанды аршылмаған, оған құтқарушылардың күші мен құралы жетпегенге ұқсайды.

6 ақпан күні Түркия Президенті Реджеп Тайып Ердоған елдің оңтүстік-шығысындағы зілзала құрбандарының рухына бағыштап, 12 ақпанға дейін созылатын жеті күндік Аза тұту күнін жариялады. Сейсмологтар жер сілкінісінің магнитудасы 7,7-ге жеткенін тіркеді. Түрік геофизигі Ахмет Ерджанның бағалауынша, бұл 130 атом бомбасының қатар жарылу қуатына тең.

Непал. 16 қаңтар

Непалдың Yeti Airlines авиакомпаниясының Катмандуға бет алған ұшағы Покхара түбінде апатқа ұшырады. Әлеуметтік желіде тараған видеода әуе көлігінің жерге тік шаншылып, құлдилап бара жатқан мезеті бейнеленген. Болжам бойынша ұшқыштар Рамгхат атты ірі базары бар елді мекенге құламауы үшін лайнерді Сети өзенінің шатқалына бұруға күш салған.

Қайғылы оқиға салдарынан 68 жолаушы, экипаждың 4 мүшесі өлгені жарияланды. 16 қаңтарда Непалда Покхара жанындағы ұшақ апатында қаза тапқандар үшін Аза тұту күні жарияланды.

Telegram
БІЗДІҢ ТЕЛЕГРАМ АРНАМЫЗҒА ҚОСЫЛЫҢЫЗ Ең соңғы жаңалықтар осында
Жазылу
Telegram арнамызға жазылыңыз! Жаңалықтар туралы бірінші біліңіз
Жазылу