Биыл әлеуметтік төлемге 3 трлн 377 млрд теңге жұмсалады

8086

"Еңбек" бағдарламасы бойынша 735 мың адам жұмыспен қамтылады. 

Биыл әлеуметтік төлемге 3 трлн 377 млрд теңге жұмсалады  Фото: primeminister.kz

Еңбек және халықты әлеуметтік қорғау министрі Біржан Нұрымбетов ел үкіметі азаматтардың алдындағы барлық әлеуметтік міндеттемелерін толық орындайтынын және қажет болған жағдайда әлеуметтік төлемдердің мөлшері инфляция деңгейімен сәйкестендірілетінін жариялады. 

"2020 жылы 4 миллионнан астам әлеуметтік төлем алушыға 3 трлн 377 млрд теңге қарастырылған. Зейнетақы мен жәрдемақы алушылардың сатып алу қабілетін сақтау мақсатында жыл басында инфляция деңгейі ескеріліп, барлық әлеуметтік төлем 5%-ға арттырылды. Оның ішінде зейнетақы 7%-ға, яғни инфляциядан 2%-ға артық көбейтілді", – деді Біржан Нұрымбетов.

Оның айтуынша, сыртқы нарықта қалыптасқан барлық жағдай назарға алынады және инфляция деңгейі ескеріледі. 

"Халықты жұмыспен қамту бойынша барлық шаралар қолданылады. Оның ішінде мемлекеттік "Еңбек" бағдарламасының әлеуеті толық пайдаланылады. Биыл 735 мың адам жұмыспен қамтылады. Бағдарламада дағдарысқа ден қою бойынша қажетті шаралар көзделген. Олар: жұмыссыздарды қайта оқыту, жеңілдетілген несие және микробизнесті дамыту үшін грант беру сонымен қатар субсидияланатын жұмыс орындарына орналастыру. Осы шараларға жергілікті және республикалық бюджеттен 323 млр теңге көзделген. Сырқы нарықта қалыптасқан барлық жағдай сарапталып, қажет болған жағдайда әлеуметтік төлемдердің мөлшері инфляция деңгейімен сәйкестендіріледі", – деді Еңбек және халықты әлеуметтік қорғау министрі.

Қанат Махамбет

Telegram
БІЗДІҢ ТЕЛЕГРАМ АРНАМЫЗҒА ҚОСЫЛЫҢЫЗ Ең соңғы жаңалықтар осында
Жазылу
Telegram арнамызға жазылыңыз! Жаңалықтар туралы бірінші біліңіз
Жазылу