Биыл Алматы жұрты ерекше сақ болғаны жөн

2240

Елімізде соңғы бес-алты жылда сел мен қар көшкінінің қаупі арта түскен.

Биыл Алматы жұрты ерекше сақ болғаны жөн Фото: canva.com

Нақтырақ, сондай учаскелердің саны көбейген. Мәселен, сел қаупі бар телімдер саны 584-тен 609-ға, топырақ көшкін 168-ден 394 учаскеге, қар көшкіні қаупі бар жерлер 542-ден 610-ға дейін артқан. Сел мен тасқын тудыратын таудағы мұздақ және мұздық көлдер саны да 694-тен 970-ке көбейіпті. Осыған байланысты профилактикалық іс-шаралар да күшейтіліп отыр.

Сейсмоахуал сел қаупін қоюлатып тұр?

Республика бойынша сел қауіпті өңірлерге Алматы, Шымкент қалалары, Алматы, Жамбыл, Түркістан, Шығыс Қазақстан, Абай облыстары жатады. Әрі ондағы елді-мекендердің басым бөлігі сел жүру жолдарында орналасқан. Алдын ала есептеулер бойынша, қауіпті аумақта 7 миллионнан астам адам тұрып жатыр екен. Бұл ел халқының үштен бірі деген сөз. Соның ішінде, Алматы қаласы мен облысы бойынша жағдай сәл күрделірек. Өйткені, мұнда соңғы кезде сейсмоахуал құбылыңқырап тұр.

Мамандар, қатты жер сілкінісі селдің көшу факторларының бірі екенін айтады. Таудағы көлдер ішкі арнасынан лықсып, үлкен күшпен төменге қарай төгілуі мүмкін. Ал Алматы қаласының маңындағы биік таулы аймақта жалпы ауданы 54,7 шаршы шақырым болатын 146 мұздық, 51 мұздақ көлдер орналасқан. Сол себеп Алматы қаласының аумағы арқылы өтетін 4 өзен де сел қауіпті санатқа жатады. Олар – Ақсай, Қарғалы, Үлкен және Кіші Алматы өзендері. Ал Есентай өзені арқылы биыл қыста мұз көшкіні жүргенін ескерсек, оны да қауіпті санаттан тысқары қалдыруға болмайды.

ТЖМ селдің алдын алу мақсатында жыл сайын мұздақ көлдерді бақылау, босату жұмыстарын жүргізіп отырады. Мәселен, былтыр жоғарыда аталған өзендерінің бассейндеріндегі жарылу қаупі бар 6 мұздақ көл босатылып, 4 166 106 текше метр су ағызылыпты.

 "Халықтың қауіпсіздігін қамтамасыз ету мақсатында биік таулы мұздақ көлдерде сел қауіпті кезеңде маусымдық бақылау бекеттері ашылады. Жалпы Алматы қаласы бойынша сел қауіпті аймақта, соның ішінде мұздақ көлдерде 31 автоматтандырылған бақылау жүйесі орнатылған. Мұздақ көл жарылған кезде АҚПТБ орталық диспетчерлік орталығына, Алматы қаласы Төтенше жағдайлар департаментіне және "Казселденқорғау" бас диспетчерлік орталығына дабыл түседі. Биік таулы аудандардағы мұздақ көлдердің жай-күйін анықтау және сел қауіпті кезеңдегі гидрометеорологиялық ахуалды бағалау үшін "Қазселденқорғау" ММ Алматы қалалық басқармасының қызмет көрсету аумағында 20 гидрологиялық бекеттен (оның ішінде 10-ы жыл бойғы, 10-ы маусымдық) тұратын бақылау және құлақтандыру қызметі ұйымдастырылған", – деп хабарлайды Төтенше жағдайлар министрлігінің баспасөз қызметі.

Мамандар осынау қауіпті гидрогеологиялық құбылыстардың саны артуы соңғы жылдары қардың тез еруімен және мол жауын-шашын түсуімен байланысты екенін айтады. Әсіресе жауын-шашынның айтарлықтай мөлшері ортаңғы және төменгі тау аймақтарында көп жауған. Бұл топырақтың шамадан артық ылғалдануына, яки 2 метрге дейін су сіңіп, селдің лықсуы мен көшкінді сырғыма тудырып, еңіске қарай интенсивті түрде ылдилауына соқтырады екен.

Мәселен, 2023 жылы Алматы қаласында және Алматы, Түркістан облыстарында 7 сырғыма, Алматы қаласы мен Алматы облысында 11 сел көшкіні және Алматы облысында 1 жылжыма оқиғасы тіркеліпті. Абырой болғанда, қаза тапқандар мен зардап шеккендер жоқ. 2023 жылдың 27 шілдесінде Кіші Алматы өзен алабында қатты және ұзаққа созылған жаңбыр салдарынан еңіске қарай қарқынды ағыс пайда болып, оның соңы сел көшкініне ұласқан.

Салдарында "Шымбұлақ" базасына баратын жолдың 5 учаскесін жартылай су шайып қиратқан. Сол кезде шамамен 45 мың текше метр лай массасы жиналған екен. Жалпы былтырғы сел қауіпті кезең өте қиын өткенін атай кету керек. Тек тау көлдерінің суын мезгіл-мезгіл ағызып отырғанның арқасында, жағдайды тұрақтандыру мүмкін болыпты. Сол себеп биыл да босаңсуға болмайды. Бірақ, бұл мәселенің тек табиғи ғана емес, адами және техникалық факторлары да болып тұр.

"Бүгінде Алматы қаласының тау баурайында 145 сел қауіпті учаскелер бар. Онда 7 мыңға жуық адам тұрып жатыр. Ескертулерге қарамастан, тау беткейіне құрылыс салу жұмыстары тоқтамай тұр. Олардың арасында 1-2 қабатты жеке тұрғын үйлер ғана емес, ірі-ірі коммерциялық нысандар да бар. Солардың бірі – ең бір табиғаты әдемі "Тау Самалы" шағын ауданы. Бұл жерлердің топырағы жылжымалы боп келеді. Жерін қазуға болмайды. Өйткені, беріктігі кетіп қалады. Қазбақ түгілі ауыр техника шамадан артық күш салатын болса да, сырғып кетуі мүмкін.  Осыдан екі жыл бұрын көлбеу деңгейі 15 градустан көп жерге құрылыс салуға тыйым салынған еді. Бірақ, кәсіпкерлер түрлі жолдар тауып, құрылыс салуды жалғастыруда. Сол себепті заңды одан сайын күшейте түсу қажет", – дейді эколог Тимур Елеусізов.

Республикада да сол жағдай

Бұл тек Алматыдағы ахуал десек, өзге өңірлерде де жағдай одан кем емес. Десе де ТЖМ бүкіл республика бойынша жағдайды жіті бақылауда ұстап отыр. Дайындық жұмыстары жыл сайын өткізіліп тұрады. Мәселен, былтыр ауа-райы қолайлы уақытта төтеншеліктер "Қазавиақұтқару" АҚ-ның әуе кемелерін пайдалана отырып, қауіпті учаскелерді тұрақты бақылауда ұстау үшін биік таулы мұздақ көлдерге жылжымалы тұрғын вагондар, өнімділігі жоғары сорғылар, полиэтилен құбырлар, жарылғыш заттар, жабдықтар, азық-түлік және жұмыс бригадаларын жеткізіп алған. "Қазселденқорғау" ММ балансында 37 селден қорғау нысаны бар болса, күнтізбелік кестеге сәйкес соның 9-ына жөндеу-қалпына келтіру жұмыстарын жүргізген.

"Қазселденқорғау" ММ аталған әкімшілік аумақтардағы жергілікті атқарушы органдарға қауіпті учаскелерде тиісті іс-шараларды өткізу бойынша ұсынымдар беріп жатыр. Биыл жыл басынан бері таулы және тау бөктеріндегі аумақтарға жыл бойғы және маусымдық бекеттер арқылы 127 гидрометеорологиялық мониторинг жүргізілді. Қауіпті табиғи құбылыстар туралы мәліметтерді өңдеу мен талдауды 29 диспетчерлік пункт тәулік бойы жүргізеді, деректер бас диспетчерлік пунктке жіберіледі. Сел және сырғыма құбылыстары кезінде уақтылы ден қою мақсатында "Қазселденқорғау" ММ-ның авариялық-механикаландырылған бригадасы жедел әрекет етеді. Ал былтыр сел және сырғыма қаупі бар учаскелерге 2 166 жерүсті және 46 аэровизуалды зерттеу жүргізілді. Қауіпті учаскелерде ескертулер мен ақпараттық қалқандар орнатылды. Сырғыма қаупі бар аймақтар орналасқан әкімдіктерге, ұйымдар мен кәсіпорындардың басшыларына, жеке үй иелеріне хабарлама-ұсынымдар берілді, брошюралар таратылды. Эвакуациялық арналар арқылы және сифондардың көмегімен суды сорып шығару жұмыстары жүргізіліп, мұздақ көлдердің жиектерінен 8,6 млн текше метрден астам су төгілді. Одан бөлек, көлдердің өткелдерінде 49 бұрғылау-жару жұмысы жүзеге асырылды. Жарылғыш заттардың жалпы салмағы 4,9 тонна болса, жалпы көлемі 1 200 текше метр эвакуациялық арналарды кеңейту және тереңдету бойынша аумақ қамтылды", – деп хабарлайды ТЖМ баспасөз қызметі.

Ел тарихында сел көшкіні болған жылдар аз емес. Мәселен, 2014 жылы Алматы облысы Талғар ауданындағы Талғар өзені тасып, секундына 40 текше метр жылдамдықпен аққан су орман шаруашылығындағы 3 үйді, "Спутник" пионер лагеріне апаратын автожолды, "Алматы-Қорғас" тас жолындағы автомобиль көпірін шайған болатын. Одан бөлек Талғар қаласындағы өзен маңындағы көшелерде телефон бағаналары құлаған. Өзен маңындағы саяжайлар зардап шеккен. "Радуга" лагерінің бірінші қабатын су алып кеткен. Бірақ онда балалар болмаған. Ал бөгет маңындағы "Спутник" және "Маралды сай" лагерьлеріндегі балалар зардап шекпесе де екі-үш күн оқшауланып қалып қойған еді.

2020 жылы мамырда Түркістанды сел басқан болатын. 13 мамыр күні нөсер жауынның салдарынан Төлеби ауданындағы өзендердің су деңгейі көтеріліп, арық-атыз, қыр-сайлардан жиналып аққан жаңбыр суынан 6 елді мекендегі 250 тұрғын үйлердің ауласына су кірген еді. Таулы аймақтарда жүрген селден үйлер мен жолдарды су шайып, бірнеше көпір қираған. Сол кезде арнайы комиссия құрылып, сел салдары шұғыл түрде жойылды. Ауданда селден зақым келген 42 үй қайта салынды.

Өткен күндердің сабағы осындай. Жоғарыда аты аталған қай өңірде де қауіп деңгейі жоғары. Мәселен, ШҚО-да 146 мұздық көлден сел қаупі бар. Оның 98-і Катонқарағай ауданында, 16-ы Зайсан қаласында, 2-уі Үржар ауданында және 30-ы Риддер қаласында орналасқан. Олар 13 елді мекенге қаупі бар (Зайсан қаласы, Сарытерек, Катонқарағай, Аршаты, Өрел, Берел, Кутиха, Қазымбет, Науалы, Қаратөбе, Қызыл кесік, Тұғыл және Маңырақ ауылдары) сел тасқынының 23 ошағын туындатып отыр. Сол сияқты облыстың 4 ауданындағы 9 өзенде лай көшкіні қаупі бар. ТЖД мұздық көлдердің жай-күйіне, Громотуха, Бұқтырма, Ақ Үбе, Тұрғысын өзендері бассейндерінің сел қаупі бар учаскелеріне әуеден барлау жасауда.

Telegram
БІЗДІҢ ТЕЛЕГРАМ АРНАМЫЗҒА ҚОСЫЛЫҢЫЗ Ең соңғы жаңалықтар осында
Жазылу
Telegram арнамызға жазылыңыз! Жаңалықтар туралы бірінші біліңіз
Жазылу