Биыл балалар лагерлердің орнына киіз үйлерге жатқызылуы мүмкін

1423

Үкімет жазда көше шаңын көтеріп, бос сенделмеуі үшін балалардың бос уақытын қызықты іс-шаралармен қамту жолдарын қарастыруда.

Биыл балалар лагерлердің орнына киіз үйлерге жатқызылуы мүмкін Фото: ethno-park.ru

Таяуда Ұлттық құрылтайдың жаңа жиыны өтеді деп күтілуде. Осы орайда сарапшылар 2023 жылғы 17 маусымда өткен Ұлттық құрылтайдың "Әділетті Қазақстан – Адал азамат" атты екінші отырысында Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаевтың "ұрпақ" деген сөзді 18 рет айтқанына назар аудартады.

Ұлттық құрылтайдың алдағы үшінші съезі жас ұрпаққа қатысты мәселелерге де арналады деп күтілуде. Президенттің өзі айтқандай, ұлттың рухын жаңғырту үшін тарих тағылымын және елдің жарқын болашаққа ұмтылысын бір арнаға тоғыстыратын жастар қажет. Қазақстанды отаншыл, жасампаз, батыл, дарынды, білімді, озық әрі еңбекқор, рухы азат, көзі ашық, көкірегі ояу жас ұрпақ қана жарқын болашаққа жетелейді.

Дегенмен, елде жас ұрпаққа қатысты проблемалар көп, одан әрі қордалануда. Олардың шешімін іздеп табу маңызды.

Осы орайда Оқу-ағарту министрлігі "2024–2027 жылдардағы каникул кезеңінде балалардың сауықтыру демалысын, олардың бос уақытын және жұмыспен айналысуын ұйымдастыру туралы" Үкіметтің арнайы өкімінің жобасын әзірлеп отыр. Бұл салада мұндай көп жылдық құжат алғаш рет қабылданбақ.

Оқу-ағарту министрі Ғани Бейсембаев құжатқа түсініктемесінде оның "балалардың тұлғалық, әлеуметтік, шығармашылық дамуына және каникул кезеңінде құқық бұзушылықтардың алдын алуға" бағытталғанын атап өтті.

Жоба қабылданса, онда барлық облыстардың, үш мегаполистің әкімдеріне және жауапты министрліктерге көптеген міндет жүктеледі.

Мәселен, өңір басшылары мен Оқу-ағарту министрлігі биылдан бастап, жазғы каникул кезеңінде миллиондаған баланың сауықтыру демалысын, олардың бос уақытын дұрыс өткізіп, жұмыспен айналысуын қамтамасыз ету үшін түрлі шараларға, қосымша білім беру бағдарламаларын іске асыруға бюджет қаржысын, демеушілік қаражаттарды тартуға міндеттеледі.

Лагерлердің, балаларды сауықтыру ұйымдарының пайдалануға қаншалықты дайын екенін тексеру және қабылдап алу үшін Ведомствоаралық өзара іс-қимыл комиссиялары құрылатын болады.

Биыл қызықты бастама қолға алынады деп жоспарлануда, оған сәйкес, балалар жазғы демалысын табиғат аясында құрылған, арнайы жабдықталған киіз үйлерде өткізбек. Осылайша, жас ұрпақ нағыз шаңырақ астында тұрып, бабалар рухын сезінеді, олардың байырғы тұрмыс-тіршілігіне қанығады, қазақтың дәстүрлі және мәдени құндылықтарымен танысады. Көшпелілердің берекелі баспанасының "сүйегін", қабырғасындағы туырлық, үстіндегі үзік, төбесіндегі түндік сияқты құрамдас бөліктерін кітаптан емес, өмірде танып-біліп, жадына тоқи алады.

Оның үстіне осы арқылы жазғы демалыспен мейлінше көбірек баланы қамтуға мүмкіндік болады. Қазақстандық кәсіпкерлердің Украинаға, Түркияға қаншама киіз үйді тегін жеткізгенін ескерсек, дәл соны олар қазақстандық балалардың игілігі үшін де ұсына алар еді.

Киіз үйлер лагеріне Үкімет "шығыны аз демалыс ұйымдары" деген ресми атау беріп отыр.

"Қала сыртындағы балаларды сауықтыру ұйымдарының, жыл бойы жұмыс істейтін балаларды сауықтыру ұйымдарының қызметін ұйымдастыру, білікті кадрлармен қамтамасыз ету, қала сыртындағы лагерлердің желісін кеңейту және шығыны аз демалыс ұйымдары нысандарының үлесін арттыру жөнінде шаралар қабылдасын. Атап айтқанда, киіз үйлер, шатыр-палаткалар, отбасылық лагерлер, күндізгі орталықтар, туристік жорықтар, археологиялық және өлкетану экспедициялары ұйымдастырылсын", – делінген Үкіметтің өкімі жобасында.

Ауқатты отбасылардағы балалар жазғы каникулда негізінен ата-аналарымен шетелдік курорттарды аралауға аттанып, саяхаттайтыны мәлім.

Сондықтан Оқу-ағарту министрлігі мен барлық әкімдер бірнеше санаттағы балаларды сауықтыру демалысымен бірінші кезекте қамтуға басымдық беруге міндеттеледі. Бұл санаттарға:

• жетім балалар,

• ата-аналарының қамқорлығынсыз қалған балалар,

• тұрмысы төмен және көп балалы отбасылардың балалары,

• мүгедек, даму мүмкіндіктері шектеулі балалар,

• экологиялық қолайсыз аудандарда тұратын балалар,

• жалпы білім беретін мектептердің үздік оқушылары жатқызылды.

Олар басым тәртіппен және жергілікті бюджет қаражаты есебінен демалыспен қамтамасыз етілетін болады. Қалған орындар басқа балалар арасында әкімдіктің қалауына қарай бөлінбек.

Бұдан бөлек, мектептердің және қосымша білім беру ұйымдарының жанында тамақтандыратын және тамақтандырмайтын күндізгі лагерьлер ұйымдастырылады. Әрбір әкім жергілікті бюджетте осыған да қаражат қарастыруы шарт.

Ересектеу балалар ауыл-қалада ермек таппай, бос тентіремеуі үшін жұмысқа тартылады. Олар үшін "еңбек және демалыс лагерьлері, мектеп орманшылығы, абаттандыру және көгалдандыру жасақтары" құрылады. "Жасыл ел" жасақтары қатарына да қосылады.

Осы еңбегі үшін азын-аулақ болса да ақы төлеу ұсынылып отыр. Қалай болғанда, еңбек лагерлері (трудлагерь) мен жасақтарын ұйымдастырушылар еңбек заңнамасын сақтауға тиіс. Мысалы, буыны қатпаған жасөскіндерді ауыр жұмысқа жегуге тыйым салынады.

Мемлекет дәстүрлі лагерлерде, киіз үйлерде, еңбек жасақтарында және басқасында топырлайтын балалардың өмірі мен денсаулығына зиын, залал келмеуін кепілдендіруі керек.

2023 жылғы қаңтарда Бурабайдағы "Балдаурен" республикалық балалар лагерінде 14 жасар жасөспірім көз жұмды. Былтырғы тамызда Атырау–Астрахань пойызымен лагерге бара жатқан 13 жасар бала қаза тапты. Мұндай қайғылы жағдайлар аз емес.

Сол себепті әкімдерге және Оқу-ағарту министрлігіне "балалардың сауықтыру ұйымдарының өрт қауіпсіздігін, сауықтыру демалысы, олардың бос уақыты мен жұмыспен айналысуы кезінде балалардың өмірі мен денсаулығын, судағы қауіпсіздігін қамтамасыз ету жөнінде шаралар қабылдау" жүктелмек.

Жазатайым жағдай бола қалса, алыс лагерлерде жедел жәрдем көрсету қиын болып жатады. Оған жол бермеу үшін әкімдер және министрлік балаларға медициналық қызмет көрсету және оларды сауықтыру үшін денсаулық сақтау ұйымдарының қызметін үйлестіруге міндеттеледі.

Былтыр және одан бұрынғы жылдары ата-аналар балаларының лагерлерде, демалыс базаларында дұрыс тамақтандырылмайтынын, тіршілік жағдайы нашар екенін біліп, шошынып, перзенттерін дереу алып кеткен, жоғарғы жаққа дейін шағымданған фактілері болды. Ақпарат құралдарында ол жарияланды.

Бұл масқара қайталанбауы үшін тендерде жеңіп, мемлекеттік тапсырысқа ие болған объектілерден 10 күн ішінде "сәйкестігі туралы санитариялық-эпидемиологиялық қорытынды" алуы талап етіледі.

Ондай қорытындысы жоқ нысандарға балалар жіберілмейді. Сондай-ақ әкімдер құзыретті меморгандарды тарта отырып, сауықтыру маусымы басталғанға дейін алдын ала мониторинг жүргізу үшін әрбір объектіге баруы қажет.

Оның барысында балалардың тамақтануына, білім алуына, сауықтырылуына қаншалықты жағдай жасалғаны тексеріледі. Мұндай тексеріс кейін қайталанады: маусымда кемінде 1 рет жүргізуге рұқсат етіледі. Бұл ретте 2024 жылдан бастап шағын және орта бизнесті тексеруге мораторий жойылғаны белгілі. Әрине, Антикор тарапынан тиісті бақылау болмаса, шенеуніктер тексерісті жиілетіп, пара дәметуі, мұны коррупция көзіне айналдыруы да ғажап емес.

Жалпы, Үкіметтің өкімі (распоряжение) жобасында биылғы жылы қанша миллион бала қандай демалыс түрімен қамтылатыны, қанша киіз үй тігілетіні, еңбек лагерлеріне қанша жасөспірім аттанататыны нақтыланбаған.

Әрбір облыс пен үш мегаполис "Балалардың демалыс орталықтарының жұмыс істеуі және оларды дамыту" жөніндегі жеке, төл өңірлік бағдарламаларын бекітпек. Егжей-тегжей, жай-жапсар да сонда көрініс табуға тиіс.

Үкімет Ішкі істер министрлігіне қала сыртындағы балаларды сауықтыру ұйымдарында қауіпсіздікті сақтау, құқық бұзушылықтарды, қылмысты болдырмау, балаларды тасымалдаудың қауіпсіздігін қамтамасыз ету жөнінде шаралар қабылдауды тапсырды.

Төтенше жағдайлар министрлігі алдына балалардың сауықтыру ұйымдарының өрт қауіпсіздігін бақылау, балалардың суда қауіпсіз шомылуын қамтамасыз ету, сондай-ақ өрт қауіпсіздігі талаптарын сақтауы үшін балалар арасында түсіндіру, профилактикалық іс-шаралар өткізу міндеті қойылды.

Денсаулық сақтау министрлігі де лагерлерді санитариялық-эпидемиологиялық бақылау, медицина қызметкерлерімен қамту сияқты өз саласына қатысты жұмыстарды лайықты жүргізу туралы тапсырмалар алды.

Ал мемлекеттің жас ұрпаққа қамқорлығын паш ететін "пиарға" Мәдениет және ақпарат министрлігі жауапты болады. Ведомство қазақстандық балалардың демалысын, бос уақытын қаншалықты көңілді, пайдалы өткізіп жатқанын, еңбек лагерлері мен жасақтарында қалай жұмыс істеп жатқанын ақпарат құралдарында жариялауға тиіс.

Республикалық және өңірлік телеарналарда балаларды сауықтыру демалысын, олардың бос уақыты мен жұмыспен айналысуын ұйымдастыру туралы арнайы хабарлар циклін дайындап, көрсетеді.

Сонымен қатар министрлік балалардың мұражай-музейлерге, еліміздегі киелі орындарға тегін экскурсияларын ұйымдастыруы керек.

Мәдениет ұйымдарында да тегін үйірмелер мен секциялар, шеберлік сыныптары ашылады деп жоспарланған.

Туризм және спорт министрлігі балаларға жазғы каникул кезінде спорт ұйымдарында тегін үйірмелер мен секциялар, шеберлік сыныптарын ұйымдастыру мәселесін пысықтайды. Соның ішінде балаларды жүзуге тегін үйретеді деп күтілуде.

Экология, геология және табиғи ресурстар министрлігі де істен тыс қалмайды: оған мемлекеттік ұлттық табиғи парктер аумағында балаларға арналған туристік маршруттар қалыптастыру жүктелді.

Биыл осының бәрі қалай жүзеге асқаны туралы Оқу-ағарту министрлігі Үкіметке есеп береді. Ол есеп 10 қазанға қарай тыңдалмақ.

Министрліктің дерегінше, Қазақстанда былтырғы жағдай бойынша 218 қала сыртындағы лагерь бар. Сондай-ақ мектептер жанынан 10 мыңнан астам балалар лагері ашылды. Оның арасына шатырлы-палаткалы лагерлер де кірді.

2023 жылдың жазында 1-10 сыныптарда оқитын 2 млн 800 мың бала жазғы демалыспен және сауықтырумен қамтылды. Оның ішінде 500 мыңы – әлеуметтік аз қамтылған отбасылардың балалары болды.

Бұдан өзге, балаларды жан-жақты шығармашылық, интеллектуалдық дамыту үшін 11 мыңдай үйірме жұмыс істеді. Олар жұмысы биыл да жалғастырады деп жоспарланған.

Егер Үкіметтегі ағалар мен апалардың жоспарлары лайықты орындалса, балаларды қызықты жаз күтіп тұрғанға ұқсайды.

Telegram
БІЗДІҢ ТЕЛЕГРАМ АРНАМЫЗҒА ҚОСЫЛЫҢЫЗ Ең соңғы жаңалықтар осында
Жазылу
Telegram арнамызға жазылыңыз! Жаңалықтар туралы бірінші біліңіз
Жазылу