Биыл болмайды

Абылай Бейбарыс Абылай Бейбарыс
1759

Министрдің былтыр айтқаны биыл емес, келесі жылы жүзеге асырылады.

Биыл болмайды

Былтыр парламент мәжілісінің жалпы отырысында ұлттық экономика министрі Тимур Сүлейменов 2019 жылдың қазан-қараша айларына жоспарланған жалпыұлттық халық санағына 8,8 млрд теңге жұмсалатынын жариялады.

"2009 жылғы санаққа 6 млрд теңгеден астам қаржы жұмсалды. Бір адамға арналған шығынның көлемі 430 теңгені құрады. Ал 2019 жылы бір адамға 480 теңге қарастырылған", – деген еді Тимур Сүлейменов.

Оның сөзінше, 2019 жылы цифрлы технологияны қолдану арқылы жүзеге асырылатын жалпыұлттық халық санағы барысында 1,5 млрд теңге үнемдеу көзделген. Жалпыұлттық санақ заманауи технологияның көмегімен жүргізілетінін алға тартқан министр бұл үшін интернет-портал құрылатынын айтқан.

"Азаматтарға өздеріне қатысты мәліметті порталға жолдау мүмкіндігі беріледі. Бұған қоса ел аралау барысында санақ алушылар тұрғындарға қатысты мәліметті планшет арқылы  порталға енгізеді. Өңделген ақпарат деректер базасына түседі", – деп хабарлаған Тимур Сүлейменов.

Сөз арасында ол 8,8 млрд теңгенің негізгі бөлігі санақ алушыларға еңбекақы төлеуге және планшет сатып алуға жұмсалатынын жеткізген. Сонымен қатар 2019 жылы санақшылардың саны қысқаратынына тоқталған.

"2009 жылы 70 мың адам ел аралап, санақ жүргізді. 2019 жылы бұл істі 40 мың адам атқарады. Санақ кезіндегі білім, кіріс деңгейі секілді базалық сұрақтар өзгермейді. Сауалнамада 89 сұрақ болады", – деп нақтылаған. Тимур Сүлейменов.

Министр мәлімдегеннің бірде бірі биыл орындалмайтын тәрізді. Себебі жалпыұлттық халық санағы 2020 жылға ауыстырылғалы жатыр. Бұл туралы ұлттық экономика министрлігінің статистика комитеті мәлімдеді.

"Қазақстан заңнамасы және халықаралық ұсыныстар бойынша, халық санағы кемінде 10  жылда бір рет жүргізіледі. Бұл халық санағын жүргізу мерзімдерінің кезекті әлемдік раундтармен салыстырмалылығын қамтамасыз ету үшін жасалады. Сондықтан санақ жүргізу арасында 10 жылдық мерзімді сақтауға Қазақстан үшін 2019 жылғы қазан мен 2020 жылғы қазан айы арасындағы мерзім қолайлы. Осыған орай 2020 жылы халық санағын жүргізудің ең қолайлы мерзімдері ақпан-наурыз айлары деп белгіленді.  Жалпыұлттық санақ жүргізуге байланысты бірқатар ұйымдастырушылық және нұсқаулық сәттерді есепке ала отырып, Қазақстан халқының ұлттық санағын 2020 жылдың басында өткізу туралы шешім қабылданды", – деп жазды статистика комитеті.

Естеріңізге сала кетейік, Қазақстан жалпыұлттық санаққа 2017 жылдан бері дайындалып жатыр. Тәуелсіз ел атанғаннан бері Қазақстанда екі рет жалпыұлттық санақ ұйымдастырылды. Оның бірі 1999 жылы, екіншісі 2009 жылы өтті. 1999 жылғы жалпыұлттық санақ елімізде 14 981 28, ал 2009 жылғы санақ 16 009 597 адам өмір сүріп жатқанын анықтады.

Айтпақшы қазір үкіметтің "2020 жылы Қазақстан Республикасында жалпыұлттық халық санағын өткізу туралы" қаулысының жобасы мемлекеттік, жергілікті атқарушы органдар, аккредиттелген ұйымдар, "Атамекен" ұлттық кәсіпкерлер палатасымен келісіліп, ұлттық экономика министрлігінің интернет-ресурсында талқыланып жатыр.

"Қаулы жобасы келісілген және қабылданған жағдайда, ұлттық халық санағын 2020 жылдың 5 ақпаны мен 5 наурыз аралығында өткізу жоспарланып отыр", – деп хабарлады статистика комитетінің баспасөз қызметі.

Бұл – жалпыұлттық халық санағы былтыр министр мәлімдегендей биыл емес, келесі жылы жүзеге асырылады деген сөз.

Абылай Бейбарыс

Telegram
БІЗДІҢ ТЕЛЕГРАМ АРНАМЫЗҒА ҚОСЫЛЫҢЫЗ Ең соңғы жаңалықтар осында
Жазылу
Telegram арнамызға жазылыңыз! Жаңалықтар туралы бірінші біліңіз
Жазылу