Биыл БҰҰ Бас Ассамблеясының кезекті сессиясы қалай өтеді?

1909

Екі жылдық виртуалдық және гибридтік саммиттерден кейін әлемдік лидерлер Нью-Йорктегі БҰҰ Бас ассамблеясында алғаш рет бетпе-бет кездесіп жатыр. 

Биыл БҰҰ Бас Ассамблеясының кезекті сессиясы қалай өтеді?

77-ші сессия планетаны барлық майданда дағдарыс дендеген шақта ашылып отыр. Ресейдің Украинадағы соғысы, инфляция мен экономикалық тұрақсыздық, терроризм мен идеологиялық экстремизм, қоршаған ортаның нашарлауы мен алапат су тасқындары, құрғақшылық пен өрттер, жалғасып жатқан пандемия — бұл көп қауіптің бірнешеуі ғана.

Жоғары деңгейдегі кездесу дүйсенбіде коронавирустық пандемия кесірінен кідіріп, соның зардабын ондаған жылдар бойы тартуы мүмкін білім саласы саммитімен ашылды. Көптеген лидер сейсенбіде сөз сөйлей бастайды. Бұл мәлімдемелер қыркүйектің 26-ына дейін жалғасуы керек.

Биыл Чаба Кереши төрағалық ететін БҰҰ Бас Ассамблеясы жайында нені білуге тиіспіз. Бұл сауалға қатысты жауаптарың қысқаша сипаты төмендегідей:

Биыл барлық лидерлер Нью-Йоркке бара ма?

Иә, негізінен. Биылғы жиынға сөз сөйлеу үшін лидерлер немесе олар тағайындаған жоғары лауазымды өкілдер қатысуы керек. Бірақ былтырғыдан өзгерек бір жайт бар: Украина президенті Владимир Зеленский ақпанның соңында соғыс басталғаннан бері елінен шыға алмай отыр. Сондықтан жұма күні Бас Ассамблея оның алдын-ала жазылған үндеуін сәрсенбіде сессияның екінші жартысында көрсетуге дауыс берді.

Бас ассамблеяға қатысудың мәні неде?

Біріккен Ұлттар Ұйымының тиімділігі бұрыннан бері күмән тудырып келе жатқанымен, оған қатысудың артықшылық екені сөзсіз. Өйткені әлем елдері Ассамблея мінберінен өздерінің күн тәртібіндегі өзекті мәселелерін, наразылықтарын жеткізіп, бүкіл дүниені қандайда бір іс-қимылға үндей алады. Сонымен бірге, қарым-қатынастары шиеленіскен елдердің басшыларына осы жиын аясында жеке кездесулер өткізуге мүмкіндік беріледі.

Сөйлеуге қанша уақыт беріледі?

Сөз сөйлеуге әдетте 15 минут беріледі. Делегаттарға бұл турасында БҰҰ-ның веб-сайтында сыпайы түрде ескертіледі, бірақ мәлімдемелердің уақыты бұл шектеуден асып кетуі мүмкін. Мәселен, 1960 жылы Фидель Кастроның Бас Ассамблеяда сөйлеген сөзі 269 минутқа созылған екен.

Сөйлеу тәртібі қалай анықталады?

Алдымен Бразилия сөйлейді. Бұл - дәстүр. Неліктен бұлай? Себебі бір кездері өзге елдердің өкілдері мінберге бірінші шығудан бас тартқанда, Бразилия жетекшісі алғаш болып, сөз тізгінін өз қолына алған. Ал, Америка Құрама Штаттары, қабылдаушы ел ретінде әдетте екінші орында тұрады. Бірақ президент Джо Байденнің Патшайым Елизавета II-ні жерлеу рәсіміне қатысуына байланысты биыл мәлімдемені әдеттегіден кешігіп жасайды. Оның сөз сөйлейтін реті сәрсенбіге ауыстырылған.

Сөйлеу тәртібі елдердің кімдерді жіберуімен анықталады. Бірінші  — мемлекет басшылары, содан кейін үкімет жетекшілері, әрі қарай министрлер мен басқа да өкілдерге сөз беріледі. Сонымен қатар, бұл мәселеде елдің қалауы мен географиялық орналасқан жері де ескеріледі. Яғни, бір аймақ мемлекеттері өкілдерінің бірінен соң бірінің мінберге шығуына жол берілмейді.

Дебат деп аталғанымен, драмаға да жол бар

Жалпы, пікірталастар барысында ешқандай толқуларға, үзілістерге немесе сөз бөлуге, тез арада теріске шығаруға жол берілмеуі керек. Бірақ бұның бәрі интригалар мен драмалардың жоқтығын білдірмейді.

Мысалы, былтыр Зеленский БҰҰ-ны "зейнетке шыққан супер қаһарман" деп айыптап, Ресей президенті Владимир Путинді мысқылдап сөйледі. Сонымен қатар, өткен жылы Пәкістан премьер-министрі Имран Хан Үндістанның ұлтшыл үкіметін "фашистік" деп атады. Алайда бұған жауап бере отырып, Үндістан үкімет жетекшісі Нарендра Моди қандайда бір елдің атын атамады.

Бас ассамблеяға мүше мемлекеттердің ғана қатысуына рұқсат етілген бе?

Жоқ. Биыл Палестина, Қасиетті Тақ (Ватикан) және Еуропа одағы өкілдері Ассамблеяға тұрақты бақылаушылар болып тағайындалды.  

Биыл ассамблеяда назар аударуға тұрарлық танымал спикерлер бола ма?

Көп. Байден мен Зеленскийден бөлек, Ұлыбританияның жаңа премьер-министрі Лиз Трасстың, Франция президенті Эммануэль Макронның, Иран президенті Ибрагим Раисидің, Египет президенті Абдель Фаттах әс-Сиссидің, Кенияның жаңа басшысы Уильям Рутоның және тағы басқа лидерлердің сөздерін күтуге болады.

Ресей БҰҰ Бас Ассамблеясына биыл өзінің сыртқы істер министрі Сергей Лавровты аттандырып отыр.

Telegram
БІЗДІҢ ТЕЛЕГРАМ АРНАМЫЗҒА ҚОСЫЛЫҢЫЗ Ең соңғы жаңалықтар осында
Жазылу
Telegram арнамызға жазылыңыз! Жаңалықтар туралы бірінші біліңіз
Жазылу