Биыл денсаулықтың электронды паспортында тосын функция пайда болмақ

3175

Қазір қазақстандықтар одан дәрігерлердің медициналық жазбаларын көре алмайды. Тиісінше, қабылдау кезінде дәрігердің өзі туралы не жазғанын біле алмай, басы қатады.

Биыл денсаулықтың электронды паспортында тосын функция пайда болмақ

Қазақстанда 2018 жылдан бастап, "денсаулықтың электронды паспорты" енгізілді. Осы мақсатта емханалар мен ауруханалар жаппай компьютерлендірілді. Денсаулық сақтау министрлігі IBM және Microsoft секілді алпауыт компаниялармен Қазақстанда жаңа инновациялық жүйелерді ендіру жөнінде меморандум бекітті. Дегенмен тапсырыстың басым бөлігін жергілікті компаниялар орындаған көрінеді.

Аталған электронды паспортта дәрігерлер қойған диагноздар, емдеуге қатысты кеңес-ұсынымдар, сырқаттың бұрын ауырған дерттері, созылмалы аурулары туралы ақпарат, дәрі-дәрмекке аллергиялық реакциялары, барлық талдау-анализдерінің нәтижелері және басқа да құнды ақпарат болатыны жарияланды.

Науқастар туралы бүкіл ақпарат бірыңғай репозиторийде сақталады және дәрежесі мен қызметіне қарай медициналық қызметкерлердің шектеулі бөлігіне ғана қолжетімді болады.

Жеке бастың құпиясы саналатын медициналық ақпарат сыртқа кетіп қалмауы үшін деген себеппен бұл жүйеге азаматтардың кіруі шектелді. Бұл ретте eGov және "Damumed"-те сырқаттар тек нақты диагноз, рецептура, дәрігердің қабылдауына қай күні жазылғаны, анализ нәтижесі секілді жекелеген ақпараттарды ғана біле алады.

Денсаулықтың электронды паспорты енгізілген соң емханалар кеңес кезінен келе жатқан дәптер түріндегі амбулаториялық карталардан құтылды. Бірақ жаңа жүйенің олқы тұстары әлі күнге табылуда.

"Біздің емханадағы учаскеге терапевт тұрақтамайды. Таяуда жаңасы келді. Егделеу, сөзге сараң кісі. Алаңдап, өзіме қатысты әрнені сұраймын, көзілдірігінің үстінен тесіле қарайды да, компьютерге қайта шұқшиып, әрі қарай тере берді. Соңынан мейірбикесі рецепт жазып беріп, тілдей қағаз ұстатып, осыны ішсеңіз жазыласыз деді де шығарып жіберді. Диагнозымның не екенін дұрыс түсіне алмадым. Компьютерге сонша уақыт не жазғанын білмеймін", – дейді елорда тұрғыны Жасұлан Нүкетай.

Осы мәселені алматылық белсенді Наталья Наумова біраздан көтеріп жүр.

"Мен әртүрлі деңгейдегі шенеуніктерден: "өзіме тиесілі пациенттің электронды картасының мазмұнымен қалай таныса аламын?" деп сұраумен келемін. Емханадағы дәрігерлер: "Оның сізге керегі не?" деп аң-таң болады. Өз денсаулығым туралы егжей-тегжейлі ақпарат қалай маған керек болмайды? Кейбір емхана қызметкерлеріне сенсек, ХҚКО-ға барып, белгілі бір ақысын төлесе, оның контентін көрсетіп береді екен. Заң бойынша мен өз денсаулығымның жай-күйі туралы білуге құқылымын. Демек, дәрігердің ол картама не жазып қойғанын білуге тиіспін. Оны менен неге жасырады?", – дейді ол.

Бастапқыда шағым жазумен болған Наталья Наумова енді жауапты тұлғаларға нақты ұсыныстармен шығуға көшкен екен.

"Мен "Дамумедке" де нақты ұсыныстар айттым. Бюрократиялық, сырғытпа жауап келеді. Білуімше, 2012 жылдан бері осы электронды карта-паспортты жасауға шенеуніктер 440 миллиард теңге бөліпті. Жеті-сегіз жылдай өткенде картасы "дүниеге" келді. Бірақ кемшін болып шықты. Ең басты функциясы жоқ: яғни, қабылдау кезінде дәрігердің өзі туралы жазбасымен сырқат таныса алмайды. Бұл медициналық құпияны сақтау үшін қажет дейді. Шынында, бұл "Полишинель құпиясына" айналды: "Дамумедтен" жеке ақпараттар сыртқа кетіп қалды. Хакерлер үнемі бұзады. Ондағы деректер қалаған қаскөйге белгілі болады, ал мен оны біле алмаймын. Неге? Әлде жүйені жетілдіру үшін тағы бірнеше жыл және миллиондаған халық қаржысы қажет пе?", – дейді Наталья Наумова.

Ол жауапты тұлғалардан азаматтарға өзінің төл денсаулық паспортын ашып қарауға мүмкіндік беруді сұрайды. Егер шенеуніктер құлақ аспаса, Президентке шағымдануға ниетті.

Айтқандай, оған "Damumed" КМАЖ техникалық қолдау қызметінен жауап келіпті. Онда бұл – "Дамумедтің" кінәсі еместігі айтылған.

"Сіздің медициналық көмекке жүгінулеріңіздің нәтижелеріне қатысты барлық деректер медкартаңыздың "медициналық деректер" пунктінде жинақталған. Сізді қабылдау кезінде дәрігер толтыратын жазбалар сізге көрсетілмейді. Себебі, Денсаулық сақтау министрлігінің осыны бекітетін регламенті жоқ. ДСМ регламенттейтін бұйрығын ұсынған жағдайда, дәрігер қорытындыларын қарау функционалы жүзеге асырылады да, біз "Damumed" қосымшасын жаңартамыз. Сонда пациенттер ол жазбаларға қол жеткізе алады", – деп түсіндірді "Damumed" кешенді медициналық ақпараттық жүйесінің техникалық қолдау қызметі.

ДСМ не дейді?

Денсаулық сақтау министрлігі азаматтардың осы мәселеге қатысты наразылығы барын біледі екен.

Ведомство рұқсат етілген ақпаратты пациенттер "Электронды Үкімет" порталы арқылы электронды медкартадан көре алатынын қайталады.

"Медұйымдарда орнатылған медициналық ақпараттық жүйелер, соның ішінде "Даму" ақпараттық технологиялар орталығы" ЖШС-іне қарасты "Damumed" кешенді медициналық ақпараттық жүйесі де ақпараттандыру және денсаулық сақтау салаларындағы нормативтік құқықтық актілермен регламенттеледі. Бұл ретте "Damumed" мобильді қосымшасы үнемі дамытылуда. Соның арқасында қазіргі кезде лабораториялық және диагностикалық қызметтердің нәтижелері қолжетімді болды. Өкінішке қарай, дәрігерлердің медициналық жазбалары әзірге қолжетімсіз", – деп мойындады өз түсініктемесінде ДСМ.

Бірақ бұл олқылық алда түзетілуі мүмкін.

"Қазіргі уақытта аталған мәселе бойынша нормативтік құқықтық актілер қайта қаралуда. Содан кейін медициналық ақпараттық жүйелер арқылы пациенттерге өзіне қатысты жазбаларды қарау мүмкіндігін ұсыну бойынша жұмыстар жүргізіледі. Бұл жұмыстарды 2022 жылдың соңына дейін аяқтауды жоспарлап отырмыз", – деп хабарлады министрлік.

Денсаулық сақтау министрлігі уақыты келгенде "медициналық деректерге қолжетімділіктің пайда болғаны" туралы ақпараттық хабарламаны өз сайтында орналастырып, жария ететінін жеткізді.

ДСМ мәліметінше, қабылдау кезінде дәрігердің өзі туралы не жазғанын бүге-шігесіне дейін білгісі келетін пациенттер одан медициналық жазбаны басып шығарып беруін сұрай алады: "ондай мүмкіндік дәрігерлерде бар".

Әйткенмен, принтері болмауы, не оның бояуы таусылуы, тіпті сынып қалуы да ғажап емес.

Жанат Ардақ

Telegram
БІЗДІҢ ТЕЛЕГРАМ АРНАМЫЗҒА ҚОСЫЛЫҢЫЗ Ең соңғы жаңалықтар осында
Жазылу
Telegram арнамызға жазылыңыз! Жаңалықтар туралы бірінші біліңіз
Жазылу