Биыл егістік көлемі 291 мың гектарға көбейеді

Фархат Әміренов Фархат Әміренов
4468

Отандық шаруалар 22,3 млн гектар жерге түрлі дақылдар егуді жоспарлап отыр.

Биыл егістік көлемі 291 мың гектарға көбейеді

Ауыл шаруашылығы министрлігі өсімдік шаруашылығы өнімдерін өндіру және қайта өңдеу департаментінің директоры Азат Сұлтановтың мәлімдеуінше, биыл Қазақстан бойынша егістік көлемі 22,3 млн гектарды құрамақ. Аталған көрсеткіш өткен жылмен салыстырғанда 291 мың гектарға көп.

"Биыл арпа және жүгері алқаптарын 57 мың гектарға, қант қызылшасын 2,6 мың гектарға, жемдік дақылдарды 654 мың гектарға ұлғайту жоспарлануда. Көктемгі дала жұмыстарына 147 мың трактор, 3,8 мың жоғары өнімді егіс кешені, 83,6 мың тұқым сепкіш, 297 мың топырақ өңдеу құралы жұмылдырылмақ", – деді министрлікте өткен баспасөз мәслихатында Азат Сұлтанов.

Департамент директорының сөзінше, қазір себілетін тұқым қорын әзірлеу жұмыстары пысықталуда. Бұл ретте 2019 жылдың 1 қаңтарынан бастап тұқым шаруашылығын субсидиялаудың жаңа тетігі іске қосылғанын атап өткен жөн.

"Жаңашылдыққа сәйкес, элиталық тұқым өндірушілер, тұқым шаруашылықтары немесе оны өткізушілер тұқымды шаруаларға күзге дейін бастапқы жарнасыз және төлемді кейінге қалдыра отырып береді. Олардың шығындарын толықтай облыс әкімдіктері өтейді. Егін жинаған соң шаруалар элиталық немесе бірінші репродукциялы тұқым құнының 30%-ын нормаға сәйкес арнайы ұйымға қайтарады", – деді департамент директоры.

Сонымен қатар, жүгері, қант қызылшасы, рапс, күнбағыс, мақта, жеміс-жидек дақылдарын, жүзімнің элиталық көшеттерін сатып алған шаруалардың шығындары ішінара (50 пайызы) өтеу жолымен субсидияланатын болады. Еске сала кетейік, тұқымға субсидия беру процесі толығымен автоматтандырылған.

Биылғы көктемгі дала жұмыстарына 394 мың тонна дизель отыны қарастырылған. Оған қол жеткізу үшін фермелер https://qoldau.kz/ сайты арқылы өтінім беруге тиіс.

"Агроөнеркәсіп субъектілеріне несие беру басталды. Бұл бағытқа 60 млрд теңге бөлінді. Несие 7 пайыздық мөлшерлемемен беріледі. Аграрлық несие корпорациясы өтініштерді https://qoldau.kz/ порталы арқылы қабылдайды. Шаруашылықтарға несие беру несие серіктестіктері арқылы жүзеге асырылады. Ол үшін 13 млрд теңге қарастырылған. Сондай-ақ екінші деңгейлі банктер, микроқаржы ұйымдары және өңірлік инвестициялық орталықтар арқылы алуға да болады. Оларға 33 млрд теңге бөлініп отыр. Аграрлық несие корпорациясының филиалдары арқылы тікелей несие беруге 14 млрд теңге қарастырылды", – дейді Аграрлық несие корпорациясының басқарма төрағасы Нұрмұхан Сарыбаев.

Фархат Әміренов

Telegram
БІЗДІҢ ТЕЛЕГРАМ АРНАМЫЗҒА ҚОСЫЛЫҢЫЗ Ең соңғы жаңалықтар осында
Жазылу
Telegram арнамызға жазылыңыз! Жаңалықтар туралы бірінші біліңіз
Жазылу