Биыл электр энергиясы қымбаттамайды – Болат Ақшолақов

2050

Ведомство басшысы заңсыз жұмыс істейтін майнерлермен күрес қалай жүргізілетінін білмейді.

Биыл электр энергиясы қымбаттамайды – Болат Ақшолақов

Энергетика министрі Болат Ақшолақов биыл электр энергиясының бағасы өткен жылғы деңгейде сақталатынын айтты, деп хабарлайды inbusiness.kz тілшісі.

Алдымен ол электр энергиясының тапшылығы мәселесіне тоқталды. Оның пікірінше, бұл мәселеге майнингпен заңсыз айналысатын фермалар кінәлі.

"Майнерлер, электр желісіне заңсыз қосылатындар электр желісінің жұмысына әсерін тигізіп жатыр. Салдарынан электр энергиясы жетіспеуде. Бұл мәселеге қатысты қосымша жұмыстар жүргізіледі", – деді министр ОКҚ-де өткен баспасөз мәслихатында.

Болат Ақшолақов аталған мәселені шешу үшін қандай жұмыстар жүргізілетініне тоқталды.

"Біріншіден, электр энергиясының тапшылығы болмауы үшін генерациясыны көбейтуіміз керек. Екіншіден, электр желілерінің сапасын арттыруымыз қажет. Бұл жұмыстар 180 күнде жүргізіледі, оның нәтижесін қосымша хабарлаймыз", – деді ведомство басшысы.

Алайда министр "заңсыз жұмыс істейтін майнерлермен күрес қалай жүргізіледі?" деген сұраққа нақты жауап бере алған жоқ. Ол бұл мәселеге тек Энергетика министрлігі ғана жауап бермейтінін жеткізді.

"Заңсыз майнерлердің жұмысы ұлттық электр желісіне әсерін тигізіп отыр... Бүгінде заңсыз жұмыс істейтін майнерлерді анықтап, табу керек... Энергетика министрлігі электр нарығын қуатпен қамтамасыз ету мәселесін шешіп жатыр. Бұл мәселені (заңсыз жұмыс істейтін майнерлермен күрес – автор) шешу үшін Үкімет пен құзырлы органдардың бірігіп, жұмыс жүргізуі керек. Тиісті нәтижеге жеткенде қосымша хабарын береміз", – деді Болат Ақшолақов.

Сондай-ақ ведомство басшысы биыл электр энергиясы қымбаттамайтынын атап өтті.

"Энергетика министрлігінің жоспарына сәйкес, биыл электр энергиясының бағасы 2021 жылғы деңгейде сақталады. Сондай-ақ біз елді электр энергиясымен толық жабдықтау, ұлттық электр желісінің тұрақтылығын сақтау үшін жұмыс істеп жатырмыз. Бұл маңызды мәселелер", – деп түйіндеді сөзін министр.

Дәурен Ерболат

Telegram
БІЗДІҢ ТЕЛЕГРАМ АРНАМЫЗҒА ҚОСЫЛЫҢЫЗ Ең соңғы жаңалықтар осында
Жазылу
Telegram арнамызға жазылыңыз! Жаңалықтар туралы бірінші біліңіз
Жазылу