Биыл халыққа 50 сотықтан жер үлестіріледі

140

Кедейлікті қысқартуға бағытталған ауқымды мемлекеттік бағдарлама бастау алды.

Биыл халыққа 50 сотықтан жер үлестіріледі Фото: canva

Тоқшылыққа апарар "жібек жолы"

Бірден ескертелік, бұл игіліктерді тек көрші елдің тұрғындары ғана пайдалана алады. Өзбекстанда әрбір отбасы тегін, аукционсыз, артық қағазбастылықсыз 50 сотық жер ала алады. Бұл жер жайдан-жай берілмейді: онда тұт ағашы өсірілуге тиіс. Өйткені жібек – нәзік жіп, бірақ табысы мол, болашағы берік кәсіп болып шықты.

Өзбекстанда ата-бабадан қалған табиғи ресурстарды бүгінгі ұрпақтың әл-ауқатының іргетасына айналдыруға бағытталған бұрын-соңды болмаған ауқымды науқан басталуда. Кедейлікті қысқартуға және халықты жұмыспен қамтуды кеңейтуге бағытталған жаңа мемлекеттік бағдарлама аясында тек 2026 жылдың өзінде 4 мың аз қамтылған отбасының әрқайсысы 10 жыл мерзімге 50 сотық жерді тегін алады.

Айта кетсек, мысалы, Ташкенттің Мірабад ауданында 50 сотық жердің нарықтық құны 4 миллион доллар тұрады. Осыдан-ақ елге қандай құнды актив таратылғалы тұрғанын аңғаруға болады.

Осы мақсатта жалпы көлемі 2 мың гектар орман алқабы экономикалық айналымға енгізіліп отыр. Ол жер енді жайқалған тұт бақтарына айналуы шарт. Осының арқасында жер абстрактілі "халық байлығы" болып қала бермей, отбасыларға дәл қазір табыс әкелетін, бұқараға арналған бастапқы капиталға айналады.

"Мемлекет мұнда шығындардың едәуір бөлігін өз мойнына алады: үйінің жанында бақшалық жері барларға және фермерлік шаруашылық иелеріне сертификатталған көшеттерді сатып алуға жұмсайтын шығындарының 50% бюджет есебінен өтеледі. Шпалер орнатуға 20 мыңнан 70 мың сумға дейін субсидия қарастырылған. Тамшылатып суару жүйесін енгізген жер иелеріне әрбір сотық үшін 160 мың сум өтемақы төленеді", – деп хабарлады өзбектің Spot порталы.

Жібек шаруашылығын дамыту үшін мұқтаж отбасыларға 4 миллион сум көлемінде субсидия беріледі. Ал бұл іспен үй жағдайында айналысуды, мысалы, жертөледе, төбеде өсіруді жоспарлағандарға ғимараттарды жабдықтау және құрал-жабдық сатып алу үшін 20 миллион сумға дейін пайызсыз несие ұсынылады.

Бұл бастамалардың барлығын Президент Шавкат Мирзиёев 2026 жылы кедейлікті қысқарту және жұмыспен қамту саласындағы негізгі міндеттерге арналған бейнеконференциялық кеңесте жариялады. Жиында өткен жылдың қорытындылары шығарылды. Көрсеткіштер сенімді естілді: 2025 жылы Өзбекстан экономикасының өсімі 7,7%-ды құрап, алдын ала болжамдардан асып түсті.

Ал ӨР-дің ЖІӨ көлемі 147 миллиард долларға жетті. Экономиканың барлық секторы 2024 жылға қарағанда жоғары өсімге жетті. Бірде бір салада кері кету тіркелмеген. Шетелдік инвестициялар көлемі 43 млрд долларды құрады (бұл көрсеткіш бойынша Өзбекстан ТМД елдерінің көшбасшысы атанды), экспорт 33,8 млрд долларға жетті.

Экономикалық белсенділік пен тұтынушылық сұраныстың артуына қарамастан, инфляция деңгейі 2024 жылғы 9,8%-дан 2025 жылы 7,3%-ға дейін төмендеді: көршілермен салыстырғанда көп төмен. Яғни, қымбатшылықты құрықтауда өзбек ағайын өзгеге өнеге көрсетуде.

Әрбір цифрдың артында әлдекімнің тағдыры тұр. Сондықтан ең басты жеңіс – адамдардың өміріне қатысты: небары бір жылдың ішінде Өзбекстанда 366 мың отбасы кедейліктен құтылып, бақуатты өмірге қадам жасаған. Кедейлік деңгейі 8,9%-дан 5,8%-ға, жұмыссыздық 5,5%-дан 4,8%-ға дейін азайды. Дегенмен Мемлекет басшысының айтуынша, алда әлі де атқарылар жұмыс аз емес.

"Экономикалық өсім өрістеген сайын инфрақұрылымды дамытуға бағытталатын қаражат көлемін арттырудың мүмкіндігі пайда болады. Бұл өз кезегінде жұмыспен қамтуға, табыстың өсуіне және халықтың әл-ауқатының артуына қызмет етеді", – деді Президент Мирзиёев.

Оңтүстік көршідегі іргелі жаңғырулардың басты буыны – махаллалар болады. Өзбекстан лидері махалланы "реформалардың айнасы" деп атады: егер онда жұмыссыздық бар болса, демек, өзгерістер ол жерге әлі жетпеген. Егер мәселелері шешілмесе, онда жүйе ақаулы, тұралап тұр деген сөз.

Сондықтан енді хокимдер (әкімдер) басымен жауап беретін болады: кез келген олқылық оның орынтағынан айрылуына соқтырады. Олар үшін бір ай ішінде арнайы әдістемелік құралдар әзірленіп, оның орындалуы қатаң бақылауға алынады.

Өзбекстан жобалық басқаруға көшті, осы мақсатта "жобалық топтар" деген құрылып жатыр. Әкімдердің көмекшілері жобалық менеджерлерге айналады. Мыңнан тұлпар шығып, ілгері озған үздік 100 махаллаға 1 миллиард сум көлемінде грант беріледі. Ал олардың көмекшілері Азияның озық экономикаларының тәжірибесін игеру үшін Қытай, Түркия мен Малайзияда тағылымдамадан өтеді.

903 "қиын" махаллада (“оғир” маҳалла) 100 мың гектарға жуық үй жанындағы және жалға берілетін жерлер бар екен. Суару үшін қажетті құбырлар тартылса, тұқымдармен және көшеттермен қамтылса және дұрыс мамандандырылса, бұл жерлерді бақшаға айналдырып, халық табысын айтарлықтай арттыруға болатынына назар аудартылды. Жер бар, мүмкіндік бар, бағдарлама бар – жетіспейтіні, Президенттің пікірінше, әкімдердің жауапкершілігі және қарапайым білім.

Бұл махаллаларда енді бос жер телімдері мен мемлекеттік нысандарды бастапқы бағасынан 2–3 есе арзан бағамен сату тәжірибесі енгізіледі.

Махаллалардың мамандануын ("специализация") ынталандыру үшін қосымша қаржылық тетіктер енгізіледі: өтемақылар, субсидиялар және тәжірибелі фермерлерді қолдау. Соңғыларынан табыс тарихын, жиған тәжірибесін жасырмай, өзгемен бөлісу талап етіледі: ауыл бизнесімен айналысқысы келетін отбасыларға "шефтік" жасап, оның мүшелерін жерден табыс табу өнеріне баулуы, дән себуден, көшет егуден бастап тұрақты өнім алуға дейін кезең-кезеңімен үйретуі керек.

Осыған келіскен тәжірибелі фермерлерге экспорттық өнім өндірісін жолға қойған әрбір 10 үй үшін 2 миллион сумнан сыйақы төленеді. Егер ол қамқорлыққа алған барлық отбасының кемінде 30 пайызы өнімін экспорттауға дейін өссе, қосымша 75 миллион сум беріледі.

Көрші-қолаңның энергетикалық тәуелсіздігі

Жаңа реформа бағыттарының жеке бір блогы энергетика саласына арналған. 903 "қиын" махалланың әрқайсысында қуаты 300 кВт болатын күн электр станциялары салынып, оларға тегін актив ретінде беріледі. Станция жылына 400–500 миллион сум көлемінде қосымша табыс әкеле алады.

Халықтың шығыны азаяды: тұрғындар үшін жылу мен жарық тегін болады, ал, қосымша табыс үйлерге жөндеу жүргізуге және мұқтаж жандарға көмекке бағытталады. Ұқсас шаралар мамандануы жоғары тағы 1 мың махаллада да жүзеге асырылады. Шағын күн станциялары махалларға 7 жыл мерзімге пайызсыз лизинг шартымен дайын күйінде табысталады.

Сонымен қатар 2026 жылы Өзбекстанда қосымша 1 миллион адамды тұрақты жұмыспен қамту, тағы 181 мың отбасын кедейлік қамытынан құтқару, ауқатты махаллалар санын 2,5 есеге – 3,5 мыңға дейін арттыру, кедейлік пен жұмыссыздық деңгейін 4,5 пайызға дейін төмендету жоспарланып отыр.

Шавкат Мирзиёев Үкіметке шағын және орта бизнесті несиелеуді кеңейтуді тапсырды. Биыл ШОБ үшін салықтар төмендейді, 140 триллион сум көлемінде несие бөлінеді. 37 "қиын" махаллада "Отбасылық кәсіпкерлік" бағдарламасы аясында несиелер төмен пайызбен ұсынылады.

Барлық ауданда отбасылық кәсіпкерлікті қолдау бағдарламасы аясында таратылатын жеңілдетілген несиенің ең жоғары шегі 1,5 есеге ұлғайып, 50 миллион сумға жетеді. Импорттық және сертификатталған асыл тұқымды малды іргедегі Қазақстаннан, Моңғолиядан және алыс шетелден сатып алу үшін әрбір отбасыға 100 миллион сумға дейін кепілсіз несие ұсынылады.

Шекара маңындағы аудандар мен анклавтарда орналасқан 563 махаллада кәсіпкерлік жобаларға берілетін несие сомасы 1 миллиард сумға дейін арттырылады. Осы мақсатта аталған бағдарлама аясында бұрын жоспарланған 3,6 триллион сумға қосымша тағы 2 триллион сум бөлінеді.

Telegram
БІЗДІҢ ТЕЛЕГРАМ АРНАМЫЗҒА ҚОСЫЛЫҢЫЗ Ең соңғы жаңалықтар осында
Жазылу
Telegram арнамызға жазылыңыз! Жаңалықтар туралы бірінші біліңіз
Жазылу