Биыл хоккейден Әлем чемпионаты өтпейді

2514

Жыл сайын Қазақстан құрамасы қатысып жүрген Әлемдік хоккейдің элиталық дивизионы биыл өтпейтін болды .

Биыл хоккейден Әлем чемпионаты өтпейді

Биыл Әлем чемпионаты Швейцарияда 8-24 мамыр аралығында өтуі тиіс еді. Бірақ, Швейцария билігі наурыз айының басында коронавирустың таралуына байланысты чемпионатты тоқтата тұру керек деген шешім қабылдаған. Осы мәлімдеге орай Халықаралық хоккей федерациясы елдегі жағдайды күнде қадағалап, өз бақылауына алған болатын.  

Жұма күні IIHF президенті Рене Фазель элиталық дивизиондағы ойындарға қатысты 22-наурызға дейін нақты шешім қабылдайтынын айтқан. Соған байланысты 21-наурыз күні хоккейден биыл Әлем чемпионаты өтпейтіні белгілі болды. "Халықаралық хоккей федерациясына мұндай шешім қабылдау оңайға соқпады. Бірақ, келіспеуге шара жоқ. Коронавирус – бұл жаһандық мәселе және оның таралмауы үшін күресуге мемлекеттік ұйымдар тарапынан да қолдау қажет. Спортты шетке ысыра тұрып, мемлекеттік ұйымдар мен хоккей федерациясын да бұл індеттен қорғап қалуымыз керек", - деді IIHF президенті Рене Фазель.

Осыған дейін IIHF коронавирус пандемиясына байланысты жасөспірімдер арасындағы Әлем чемпионатын және Ұлттық құрамалар арасында төрт жарыстың өтпейтінін хабарлаған.

Естеріңізге сала кетсек, Қазақстан құрамасы Ресей, Финляндия, АҚШ, Швейцария, Латвия, Норвегия және Италия командаларымен бір топқа түскен. Сондай-ақ, Ресей хоккей федерациясының басшысы Владислав Третьяк Әлем чемпионатына байланысты өз пікірін білдіргенде Құрлықтық, Жоғарғы және жастар хоккей лигаларының маусымын уақытынан бұрын аяқтау керек деген еді. "Маусымдық кездесулерді уақытынан бұрын аяқтау – бұл біздің жұмыстарымыз тоқтап қалады деген сөз емес. Біз келесі маусымға дайындықты бастап кеттік. Дегенмен, хоккей маусымы әлі толықтай аяқталған жоқ. Ресей чемпионатының, балалар мен жасөспірімдер арасындағы жарыстар соңына дейін жеткізілуі керек, - деді Третьяк РИА Новости арнасына берген сұхбатында. – ҚХЛ, ЖХЛ және Жасөспірімдер ХЛ ойындарын одан әрі өткізуге рұқсат алсақ, чемпиондарды анықтау қажет. Бізді жауапты әрі мықты еткен, сондай-ақ жоспарларымызға кедергі келтірген бұл вирусты бүкіл ел болып, әлем болып жеңіп шығамыз".

Айта кететін бір жәйт, елордалық "Барыс" Нұр-Сұлтан қаласында кездесулерді өткізе алмауына және шет елдегі ойындардан соң елге қайтуға мүмкіндігі болмайтындығына байланысты Гагарин Кубогінің ¼ финалына қатысудан бас тартты. Бұған дейін финляндиялық "Йокерит" те дәл сол себептерге байланысты турнирден шығып қалды. "Ақ-Барыс" та 10-сәуірден кейін ойындарға қатыспайтынын мәлімдеді. Осыған орай сарапшылар енді Гагарин Кубогін тоқтатып, ресейлік алты команда ішінде өзара турнир өткізуді ұсынды. "Егер жағдай оңала бастаса чемпионаттың ұйымдастырушылары бірігіп, плей-оффтың қандай форматта өттетіні жайлы нақты шешім шығарады", - деді Р-Спортқа берген сұхбатында Ресейдің еңбек сіңірген жаттықтырушысы Юрий Новиков. – Чемпионаттағы жоспарланған кездесулер соңына дейін өтсе, біз ойыншылар мен жанкүйерлерге қуаныш сыйлар едік. Қай команданың чемпион болатыны маңызды емес".  

Ермұхамед Мәулен



 

Telegram
БІЗДІҢ ТЕЛЕГРАМ АРНАМЫЗҒА ҚОСЫЛЫҢЫЗ Ең соңғы жаңалықтар осында
Жазылу
Telegram арнамызға жазылыңыз! Жаңалықтар туралы бірінші біліңіз
Жазылу