Мереке қарсаңында inbusiness.kz журналистері Алматыдағы гүл өсіретін ең ірі жылыжай кешенінде болып, қалалық қоймалардың бірін аралады.
Қаладағы көгалдандыру кешенінің аумағында ондаған жылыжай орналасқан. Жарты ғасырдан астам уақыт бойы аруларымызға әсемдік сыйлап келе жатқан ферма гүл өнімдерін өсірумен айналысады. Мұндағы жылыжайлардың кейбіреуі дәл 8 наурыз мерекесіне орай ашылады. Биыл маусым басына дейін аталмыш шаруашылықтың жылыжайларында 180 мыңға жуық қызғалдақ өсірілді.
Гүл өсірушілер үшін наурыз айы дәстүрлі түрде маусымның басы болып саналады. Ақпан айының ортасынан бастап жылыжайларда жаппай гүлдер кесіле басталады, өнім сұрыпталғаннан кейін салқындатылған қоймаларда сақталады. Мерекеге бір ай қалғанда гүл өсірушілер өз өнімдеріне дистрибьюторлардан алдын ала тапсырыс жинай бастайды.
Серіктестік жетекшілерінің бірі Анна Башинская 30 жылға жуық гүл өнімдерін өсірумен айналысады. Оның айтуынша, көктемгі сатылымдардан айтарлықтай табыс түседі. Алайда ол қожалықтың ең басты өнімі емес. Себебі жылыжай абаттандыру, гүлзарлар, қоршауларға да маманданған.
Бұл ретте ол Анна Романовна жылыжайда өсірілетін гүлдердің түрлеріне тоқталды.
"Дәстүр бойынша, біз өз өнімдерімізді сату маусымын наурыз айында бастаймыз және бізде наурызда сатылым қалай басталса, бүкіл маусым да солай болады деген тәмсіл бар. Қызғалдақтардан бөлек, біз көктемгі гүлдің тағы бір танымал түрі – фрезияны өсіретін қаладағы жалғыз компаниямыз. Бірақ бұл біздің негізгі бағытымыз емес, бизнестің бір бөлігі, өйткені біздің негізгі табысымыз қаланы абаттандыру, гүлзарлар, ағаштар, қоршаулар. Ал көктемгі гүлдерді сату маусымаралық уақыттан кейін айналым қаражатын алуға мүмкіндік беретін жақсы көмек. Жылыжайларда қызғалдақ пен фрезиядан бөлек, жылы кезде Алматының сәнін келтіретін көптеген басқа да өсімдік түрлерін өсіреміз.
Осы орайда кәсіпкер неге гүлдердің бағасы жыл сайын қымбаттайтынын түсіндірді.
"Дайын өнімнің бағасына көптеген факторлар әсер етеді, бірақ ең алдымен, бұл импорттық пиязшықтар, немесе тұқымдар бағасы. Нидерландыда сатып алынған бұлардан қызғалдақтың 10-ға жуық түрін және фрезияның 6-ға жуық түрін өсіреміз. Наурыздан кейін оның барлығын тастаймыз, өйткені жақсы, жоғары сапалы гүлдер алу үшін біз тұқымнан мүмкін болатын барлық нәрсені алып аламыз. Ал келесі жаздың соңында біз тағы да шетелден жаңа пиязшықтар сатып аламыз, ал валюта бағамы жылда құбылады. Бәлкім, бүгін гүлді түгел сатып жіберген соң, дәл осындай тұқымға жетпей қалуымыз мүмкін. Кейде гүл бизнесі лотереяға айналады", – деп түсіндірді кәсіпкер.
Нарықтағы жыл сайынғы өзгерістерден кейін жергілікті гүл өндірушілер тек импорттық тұқымдарды ғана емес, сонымен қатар шетелдік технологияларды да кеңінен пайдаланады.
Қанат Балтабаев гүл бизнесімен бала кезінен таныс, ол Жамбыл ауданындағы ауылдардың біріндегі жеке учаскесінде ата-анасына әсемдік символын өсіруге көмектескен. Бүгінгі таңда Қанаттың жылыжай аумағы гектарға жуықтаған, Ал көктем келгенше 1 000 000-ға жуық қызғалдақ өсіріп үлгерді.
Осы орайда спикер наурыз қарсаңында сатып алушыларға қандай гүлдер көбірек ұнайтынын айтты.
"Соңғы екі-үш жылда қызғалдақтар тағы да бірінші орынға шықты. Бұл гүл көптен күткен көктемнің келуін бейнелейтін нәзіктікті, сұлулықтың нышаны іспетті. Ал қазір отандық тауар өндірушілер оның небір тұқымын шетелден импорттайды. Қазір жергілікті гүлдердің сапасы сырттан әкелінетін гүлдерден кем емес. Өсіру үшін біз Триумф санатындағы қызғалдақтардың сұрыптарын пайдаланамыз, олар ұзақ уақыт сақталады және өте төзімді", – деді Қанат Балтабаев.
Сонымен қатар ол қазір республикамызда раушан гүлін өсірумен айналысатын шаруашылықтар көп екенін айтады.
"Негізгі жеткізушілеріміздің бірі Түркістан облысы Сарыағаш ауданындағы шаруа қожалығы. Онда раушандар сабақ ұзындығы бойынша үш санатқа бөлінеді. Сонымен қатар бұрын тек шетелден әкелінетін гүлдердің басқа түрлері енді елімізде өсіріліп, оларға сұраныс артуда. Қазір олардың өндірісін өзіміз жолға қойдық деп айтуға да болады. Әрине, әлемнің түкпір-түкпірінде өсірілетін сырттан әкелінетін гүлдер де бар. Мысалы, көбі Нидерландыдан әкелінеді. Биылғы маусымда логистикалық қиындықтарға байланысты жеткізу жағынан кідірістер орын алып, ол бағаға кері әсер етті", – деп түйендеді кәсіпкер.
Биылғы жылдың басынан бері елімізге құны 7 000 000 АҚШ долларынан асатын мың тоннадан астам гүл өнімдері әкелінді. Гүл импортының тізімінде бірінші орында раушан гүлдері тұр. Ал соңғы 2021 жылы Қазақстан 41 400 000 АҚШ долларын құрайтын 5 752 тонна гүл әкелді.
Мереке қарсаңында танымал әлеуметтік желілердің бірінде шағын сауалнама жүргізген едік. Белгілі болғандай, гүл 8 наурызда әйелдің ең қалаулы сыйлығы болып қала береді. Екінші орында әтір, үшінші орында – зергерлік бұйымдар.
Валюта бағамының құбылауын, логистиканың өзгеруі және тыңайтқыштар бағасының өсуі мерекелік гүл шоқтарының құнына әсер етері сөзсіз. Мереке алдындағы дүрбелең кезінде көптеген сатушылар гүлдердің құнын көтеруден тартынбайды, ал өндірушілер, керісінше, нақты бағаны сақтауға тырысады.
Демек бүгінде қала дүкендерінен қызғалдақтың бірданасын 350 теңгеден 700 теңгеге дейін сатып алуға болады. Раушанның талы 500 теңгеден, сортына, сабағының ұзындығына қарай 1 500-2 000 теңгеге дейін сатылады.
8 наурызды мерекелеу қарсаңында inbusiness.kz сайтының редакциясы Қазақстан Республикасының барша қыз-келіншектерін Халықаралық әйелдер күнімен шын жүректен құттықтайды. "Бір қолымен әлемді, бір қолымен бесікті тербеткен" аруларымызға денсаулық, табыс пен бақ-береке тілейді.
Құралай Құдайберген
Максим Морозов