Бұл туралы inbusiness.kz тілшісіне демограф Шынар Тулешова айтып берді.
"Пандемия балалары" бүгінде мектеп жасына жетіп қалды. Кейіпкеріміздің сөзінше, бұл жағдай биыл білім саласына айтарлықтай салмақ түсіреді. Әсіресе, инфрақұрылым жайы алдыңғы орынға шығады.
– Келесі жылы мектепке баратын балаларды демографтар "пандемия балалары" деп атайды. Себебі, 2020-2021 жылдары Қазақстанда туу көрсеткіші тәуелсіздік жылдарындағы ең жоғары деңгейлердің біріне жетті. Әсіресе, 2021 жыл рекордтық жыл ретінде есте қалды.
Әлемнің көптеген елінде коронавирус пандемиясы кезінде бала туу азайғанымен, Қазақстанда керісінше өсім байқалды. Сарапшылар мұны 2 негізгі фактормен байланыстырады. Біріншісі – карантин кезеңінде отбасылардың үйде көбірек уақыт өткізуі. Екіншісі – 2020 жылдың басынан бастап көпбалалы отбасыларға арналған жаңа жәрдемақының енгізілуі. Сол кезеңде төрт және одан көп баласы бар отбасыларға тұрақты төлемдер қарастырылды. Демографтардың пікірінше, бұл да туу көрсеткішінің артуына белгілі бір деңгейде ықпал етті, – дейді Шынар Тулешова.
Десе де, сол уақытта нақты себептерді анықтайтын арнайы әлеуметтік зерттеулер жүргізілмеген. Сондықтан, пандемия жылдарындағы бала туу өсіміне әсер еткен факторлардың үлесі туралы нақты қорытынды жасау қиынға соғып отыр.
– Қазір сол жылдары дүниеге келген балалар мектеп жасына жетті. 2020 жылы туғандар биыл бірінші сыныпқа барса, 2021 жылғы балалар келесі жылы мектеп табалдырығын аттайды. Соның салдарынан алдағы бірнеше жылда бірінші сынып оқушыларының саны айтарлықтай артады.
Бұл жағдай ең алдымен білім беру инфрақұрылымына қосымша жүктеме түсіреді. Әсіресе, мектептердегі орын тапшылығы мәселесі өзекті болмақ. Мұндай қиындықтар көбіне халық көп шоғырланған Алматы мен Астана сияқты мегаполистерде байқалады.
Мысалы, соңғы жылдары Астанадағы бірқатар мектепте бірінші сыныпқа қабылдау кезінде орын жетіспеушілігіне байланысты дау-дамайлар туындады. Кейбір мектептерде сыныптағы бала саны шектелгендіктен, ата-аналар тұрғылықты жеріне жақын мектепке балаларын орналастыра алмай қалды.
Мемлекеттік мектептер барлық тіркелген оқушыны қабылдауға міндетті болғандықтан, кей жағдайда сыныптардағы бала саны 30-35 оқушыға дейін жетеді. Ал бұл білім сапасына әсер етпей қоймайды. Әсіресе, бастауыш сыныптарда әр балаға жеке көңіл бөлу маңызды болғандықтан, сыныптағы оқушы санының шамадан тыс көп болуы оқыту тиімділігін төмендетуі мүмкін, – деп қауіптенеді кейіпкеріміз.
Сол себепті, жаңа тұрғын аудандар салынған кезде мектеп инфрақұрылымын қатар дамыту керек. Бұл мәселе күн тәртібінен ешқашан түскен емес. Демографиялық үрдістерді, туу көрсеткішін және көші-қон қозғалысын ескере отырып жоспарлау білім беру жүйесінің тұрақты жұмыс істеуінің негізгі шарты болып қала береді.
– Қазақстанда урбандалу үдерісі күшейіп келеді. Ауылдан қалаға, өңірлерден Астана мен Алматыға көшетін жастар саны артуда. Бұл құбылыс халықтың өмір салтына ғана емес, демографиялық көрсеткіштерге де әсер етеді.
Қалаға келген жастар алдымен білім алып, жұмысқа орналасуға, баспана мәселесін шешуге ұмтылады. Соның нәтижесінде неке жасы ұлғайып, отбасы құру кейінге шегеріледі. Кей жағдайда материалдық қиындықтар ажырасуға немесе бала санын шектеуге де әсер етеді.
Әйелдердің білім деңгейінің өсуі, қаржылық тәуелсіздігінің артуы және өмір сапасына қойылатын талаптардың күшеюі де осы үрдістерді жеделдетіп отыр. Мұндай құбылыстар Қазақстанға ғана тән емес. Еуропа елдері мен Шығыс Азия мемлекеттері бұл кезеңнен әлдеқашан өткен.
Қазір Қазақстандағы туу деңгейі әлі де салыстырмалы түрде жоғары. Алайда урбандалу, өмір сүру салтының өзгеруі және әлеуметтік-экономикалық факторлар ұзақ мерзімді перспективада туу көрсеткішінің төмендеуіне алып келуі мүмкін, – деп ашығын айтты Шынар Тулешова.
Жалпы алғанда, демографиялық үрдістерді тек халық санының өсуі немесе азаюы тұрғысынан емес, тұрғын үй, мектеп, балабақша және басқа да әлеуметтік инфрақұрылыммен бірге қарастыру қажет. Демограф осыны айтады. Өйткені, халық санының өзгеруі қоғамның барлық саласына тікелей әсер етеді.