Биыл машина жасау саласында өсім сақтала ма?

8907

Қазақстан машина жасаушылар одағы талдау бөлімінің жетекшісі Жәнібек Даринов коронавирус пандемиясы салаға қалай әсер еткенін, кәсіпорындар қиындықты қалай еңсергенін, экспортқа шығарылатын үздік отандық өнімдер мен саладағы маңызды жобалар туралы inbusiness.kz тілшісіне берген сұхбатында айтты. 

Биыл машина жасау саласында өсім сақтала ма?

– Машина жасау – ұлттық экономика драйвері, ол өнеркәсіптің барлық саласын өндіру құрылғыларымен қамтамасыз етеді. Мұнда ашылған бір жұмыс орны басқа өндіріс салаларында 7-8 жұмыс орнын ашуға мүмкіндік береді. Коронавирус пандемиясы машина жасау саласына қалай әсер етті? Өткен жылы қанша теңгенің өнімі шығарылды?

– Біріншіден, әлем елдері шекарасын жауып, тауар тасымалына шектеу енгізді. Болаттан жасалған бұйымдар қымбаттады. 2020 жылғы 4-тоқсанда болат бұйымдарының бағасы шамамен 40-50%-ға өсті. Бағаның өсуі әлі тоқтаған жоқ. Болат бұйымдары машина жасаудағы негізгі шикізаттың бірі болып саналады. Мысалы, оның бағасы 50%-ға көтерілсе, біз шығаратын соңғы өнімнің бағасы кем дегенде 20-25%-ға өседі.

Екіншіден, коронавирус әлем экономикасына кері әсерін тигізгені белгілі. Індеттің таралуы алыс-берістің төмендеуіне де ықпал етті. Қиындықтарға қарамастан, өткен жылы (2019 жылмен салыстырғанда) өндіріс көлемі 16%-ға өсті және ақшалай мәнде 1,8 трлн теңгенің өнімі шығарылды.

– Өткен жылы салада 16% өсім болды дедіңіз. 2021 жылғы 4 айға қатысты мәлімет бар ма?

– Коронавирусқа қарсы екпенің салынуы, карантин шектеуінің бәсеңдеуі, шекараның ашылуы саладағы жұмысты жандандырды. 4 айдың қорытындысы бойынша машина жасау саласында 20,6% өсім тіркеліп, 648 млрд теңгенің өнімі өндірілді. Машина жасау саласының маңызды 6 сектордан тұрады: мұнай-газ машина жасау, тау-кен өндіру, теміржол, электротехника, ауыл шаруашылығы және автокөлік пен арнайы техника жасау. Аталған барлық секторда да өсім тіркелді.

– Жыл соңына дейін саладағы өсім сақтала ма?

– Өсім бірнеше факторға байланысты. Осы жылғы 4 айда саладағы өсім 20,6% болғанын айттым. Егер өндіріске теріс факторлар әсерін тигізбесе: шекаралар жабылмаса, індет өршімесе, карантин шектеуі күшеймесе машина жасаудағы өсім 20% деңгейінде сақталады немесе көрсеткіш одан да жоғары болуы мүмкін. Бұл – болжам.

– Қазақстан машина жасаушылар одағына 636 кәсіпорын кіреді. Бүгінде олар шығарған қандай өнімдер сұранысқа ие? 3 үздік өнімді атап өтсеңіз.

– Олар – аккумуляторлар, трансформаторлар және локомотивтер. Аккумуляторларды Талдықорғандағы "Кайнар-АКБ" кәсіпорны шығарады. Бұл өнімдер Ресей, Әзірбайжан, Қырғызстан, Өзбекстан, Беларусь, Тәжікстан, Германия, Италия, Африка елдеріне және Қытайға жіберіледі. Трансформаторларды Alageum Electric АҚ өндіреді. Бүгінде кәсіпорын еліміздегі қажеттілікті 85%-ға өтеп отыр. Петропавлда бесінші трансформатор зауыты іске қосылса, кәсіпорын жылына тағы 10 мың трансформатор өндіреді. Ал локомативтерді Нұр-Сұлтандағы "Локомотив құрастыру зауыты" АҚ мен "Электровоз құрастыру зауыты" АҚ шығарады. Бұл өнім Тәжікстан, Әзірбайжан, Түрікменстан, Украина, Молдавия және Қырғызстанға экспортталады.

– Салада шешімін таппаған қандай проблемалар бар?

– Біріншіден, шикізат мәселесі. Біз оның көп бөлігін импорттап отырмыз. Оның бағасы өссе, тиісінше соңғы тауарға да әсерін тигізеді. Екіншіден, салаға ұзақ мерзіммен берілетін арзан кредит керек. Өткен жылы "Өнеркәсіпті дамыту қоры" АҚ құрылды. Оның мақсаты – өңдеу өнеркәсібіне қолжетімді кредит беру. Кредиттің мөлшерін 3% асырмау, салаға өте тиімді. Себебі банктердегі кредиттің ставкасы өте қымбат.

– Өткен жылы мұнай-газ саласындағы 3 ірі оператор: Қашаған, ТШО, Қарашығанақ пен Индустрия және инфрақұрылымдық даму министрлігі, Энергетика министрлігі және Қазақстан машина жасаушылар одағы арасында мұнай-газ машина жасау саласын дамыту бойынша халықаралық орталық құруға келіскенін болатын. Бүгінде орталық өз жұмысын бастады ма?

– Биыл орталық құрылды. Қазіргі таңда ұйымдастыру жұмыстары жүргізіліп жатыр. Ол шетелдік операторлар мен отандық кәсіпорындар арасында байланысты нығайтуға септігін тигізеді. Мысалы, отандық кәсіпорындарға ASME, API сертификаттарын алуға, операторлар ұйымдастыратын сатып алу конкурсқа құжат рәсімдеуге, өндірістегі отандық өнімнің үлесін арттыруға көмектеседі. Яғни, операторлардың отандық тауарға деген қажеттілігін талдап, технологиялар трансфертін жүзеге асырады.

Сұхбаттасқан Дәурен Ерболат


Atameken Business Telegram каналына жазылып, маңызды ақпараттардан бірінші болып құлағдар болыңыз ! 

Telegram
БІЗДІҢ ТЕЛЕГРАМ АРНАМЫЗҒА ҚОСЫЛЫҢЫЗ Ең соңғы жаңалықтар осында
Жазылу
Telegram арнамызға жазылыңыз! Жаңалықтар туралы бірінші біліңіз
Жазылу