Биыл мектеп формасымен қатар классикалық киімді киюге де рұқсат беріледі

3177

Бұл туралы әлеуметтік желідегі парақшасында Білім және ғылым министрі Асхат Аймағамбетов жазды, деп хабарлайды inbusiness.kz порталы. 

Биыл мектеп формасымен қатар классикалық киімді киюге де рұқсат беріледі

"Жаңа оқу жылының басталуы қарсаңында мектеп формасы туралы мәселе өзекті болады. Пандемияға дейін мектеп формасын кию міндетті болды. Бірақ өткен жылы барлық жағдайларды ескере отырып, біз оқушыларға мектепке тек мектеп формасында ғана емес, сонымен қатар классикалық стильдегі киімде де келуге мүмкіндік беретін шешім қабылдадық. Мен өзім ата-ана ретінде де, Білім және ғылым министрі ретінде де мектеп формасын киюді қолдаймын. Cонымен қатар, педагогтер мектеп формасы балаларды бір тәртіппен тәрбиелеуге үлес қосатынын, сол мектепке баратын балалармен бірлікті сезінуге мүмкіндік беретінін және ең бастысы, оқушылар арасындағы әлеуметтік айырмашылықты азайтуға көмектесетінін айтады", – дейді министр

Асхат Аймағамбетов ата-аналардың, мұғалімдердің, мектеп әкімшіліктерінің, білім басқармасы басшыларының пікірлерін тыңдап, көбісі мектеп формасын жақтайды деген қорытындыға келгенін айтады.

"Бірақ мектеп формасын қолдағандар мен қарсылық білдіргендердің пікірлерін саралап, барлық жағдайларды ескере отырып, біз оқушыларға мектепке тек мектеп формасында ғана емес, сонымен қатар классикалық стильдегі киімде де киюге мүмкіндік беретін шешімді қабылдадық. Бұл шешім тек ғана келесі оқу жылы үшін қабылданды. Мектеп формасын өндірушілердің бұл туралы басқа пікірде екенін білемін. Осыған байланысты кейбір ата-аналар мен мектеп формасын өндірушілердің пікірлері әртүрлі болатынын білемін", деді ол.

Министр бұл шешімді қабылдаған кезде нені басшылыққа алғанын түсіндірді.

 "Біріншіден, эпидемиологиялық жағдай ескерілген. Қазір еліміздің көптеген аймағында карантиндік шектеу шаралары күшейген. Дүкендер белгілі бір уақытта, кейбір қалаларда жұмыс күндері ғана істейді. Егер ата-аналар балаларға мектеп формасын сатып алу үшін сауда орталықтары мен дүкендерге жаппай баратын болса, онда ұзын-сонар кезек болып, СOVID-19 жұқтыру қаупін тудыруы мүмкін.

Екіншіден, кейбір отбасылардағы уақытша экономикалық қиындықтарға байланысты мектеп формасын сатып алу отбасылық бюджетке қосымша жүктеме болуы мүмкін. Сондықтан егер ата-аналар түрлі жағдайларға байланысты балаға мектеп формасын ала алмаса, онда уақытша, келесі оқу жылына дейін мектепке классикалық стильдегі киіммен баруға болады. Қорытындылай келе, мектеп формасына қатысты қандай шешім қабылданса да, осы мәселе төңірегінде пікірлер әр түрлі болатынын түсінемін. Мектеп формасын жақтаушылар да, қарсы болғандар да өз пікірлерін айтатыны белгілі.

Бірақ бұл мәселеде біз үшін қалыптасқан жағдайды объективті бағалау және ықтимал тәуекелдерді қарастыру маңызды болды", – деді ол.

Аян Бекенұлы
 


Atameken Business Telegram каналына жазылып, маңызды ақпараттардан бірінші болып құлағдар болыңыз ! 

Telegram
БІЗДІҢ ТЕЛЕГРАМ АРНАМЫЗҒА ҚОСЫЛЫҢЫЗ Ең соңғы жаңалықтар осында
Жазылу
Telegram арнамызға жазылыңыз! Жаңалықтар туралы бірінші біліңіз
Жазылу