Биыл Ресей мен Қазақстанда су тасқыны неге сонша қатты болды?

6012

Еуропаның ең ұзын өзені Еділдің айналасындағы кейбір аймақтар да Сібірдің Алтай аймағы сияқты сұмдық топанның астында қалды. 

Биыл Ресей мен Қазақстанда су тасқыны неге сонша қатты болды? Фото: Reuters

Ресей мен Қазақстандағы алапат тасқын зардабының қысқаша мазмұны:

ЕКІ ЕЛДІҢ ҚАЙ АЙМАҚТАРЫ РЕКОРДТЫҚ ТАСҚЫННАН ЗАРДАП ШЕГІП ЖАТЫР?

Ресейдің ең қатты зардап шеккен аймақтары Оралдың Орынбор, Қорған және әлемдегі ең ірі көмірсутегі бассейні саналатын Батыс Сібірдегі Түмен облысы. Бұл облыстарда төтенше жағдай жарияланды.

Орал тауларынан бастау алып, Қазақстан арқылы Каспий теңізіне құятын Жайық өзенінен тасыған су сәуірдің 5-де Оралдың Орск қаласындағы бөгетті жарып, Орынбор қаласының бір бөлігін су басты.

Еуропаның ең ұзын өзені Еділдің айналасындағы кейбір аймақтар да Сібірдің Алтай аймағы сияқты сұмдық топанның астында қалды. Сібірдің Томск облысындағы Том өзенінің деңгейі де көтерілді.

Фото: Reuters

Ресейде шамамен 30 мыңдай адам эвакуацияланған және су басқан аймақтарда А гепатитіне қарсы егу жұмыстары жүргізіліп жатыр.

Қазақстанда 125 мыңнан астам адам қауіпсіз жерге көшірілді. Ең көп зардап шеккен аймақтар Ресеймен шектеседі және Ресейден келетін немесе сол Ресейге баратын өзендер бойында орналасқан. Олар - Атырау, Ақтөбе, Ақмола, Қостанай, Солтүстік Қазақстан және Павлодар облыстары.

Билік 23-25 сәуірде Есіл мен Тобыл өзендерінің суы ең жоғары шегіне жетеді деп болжап отыр.

ЭКОНОМИКАЛЫҚ ҚАУІП ҚАНДАЙ?

- Тасқыннан әлемдегі ең ірі бидай экспорттаушы Ресейдің негізгі бидай өндіретін аудандары зардап шегіп отыр.

– Ресей, сонымен қатар, әлемдегі екінші мұнай экспорттаушы. Оның Орынбор облысындағы Орск мұнай өңдеу зауыты 8 сәуірден бастап жанармай жеткізуде форс-мажорлық жағдай жариялады, деп хабарлайды "Рейтер" агенттігі.

Бұл зауыт экологиялық қауіптерді болдырмау және еңбек қауіпсіздігін қамтамасыз ету үшін жабылған. Өткен жылы энергетикалық кәсіпорын 4,5 миллион метрикалық тонна (тәулігіне 90 000 баррель) мұнай өңдепті.

– Қазақстанда су тасқынынан 8 мыңнан астам мал өлекселерін залалсыздандыру және аурулардың таралуына жол бермеу үшін еліміздің Ауыл шаруашылығы министрлігі апат жайлаған аудандарға арнайы жасақ жіберді.

- Әлемдік мұнайдың шамамен 1%-ын тасымалдайтын Каспий құбыр консорциумы (КҚК) болса, Атырау облысындағы нысандарын су тасқынынан қорғау үшін жұмыс істеп жатқанын мәлімдеді.

- Билік бүлінген немесе су тасқыны қаупі төнген жолдарды жапқандықтан, Қазақстанда жүк тиелген жүздеген жүк көлігі сапарға аттана алмады.

БҰЛ ТАСҚЫН НЕГЕ СОНША ҚАТТЫ БОЛДЫ?

Көктемгі тасқындар әлемнің осы бөлігі үшін аса таңсық емес. Себебі қатаң қыста жауған қар еріп, Ресей мен Орталық Азияның қуатты өзендерінің кейбірі арнасынан асады. Дегенмен, биыл бірнеше фактордың жиынтығы ерекше су апатына түртк болды. 

Фото: Reuters

Ресейлік шенеуніктердің сөзінше, қыс қарсаңында топырақ батпақтанған және сол саз қар борағанда қатып қалған. Ал ауаның температурасы күрт көтеріліп, жауын құйғанда қатқақ жерге түскен қар тез еріді. 

Ұлыбританияның Ридинг университетінің климаттанушы профессоры Мария Шахгеденова "Рейтер" агенттігіне берген сұқбатында айтқандай, қыс кезіндегі ылғалды топырақ пен әдеттен тыс қар көшкіндері және көктемнің басында температураның күрт көтерілуі тасқынның ауқымын түсіндіріп бере алады.

"Бірнеше күнде-ақ ауаның температурасы нөлден 17-18 тіпті 20 градусқа дейін көтерілді. Осы жағдай қарды тез ерітіп жіберді", - дейді Шахгеденова. 

Ғалымның сөзінше, климаттың өзгеруі де Ресейдің өзендер өтетін солтүстігі мен шығысында қардың жаууын күшейтіп, тасқындарға сеп болуы мүмкін. 

Ресей - жер көлемі жағынан бүгінде әлемдегі ең үлкен ел. Оның аумағына АҚШ пен Австралия бірге сыйып кетеді. Және де Ресейдің Құрама Штаттардың территориясымен бірдей тайгасы Жер шарындағы ең ірі орман алқабы саналып, жаһандық климатта шешуші рөл ойнайды. 

2009 жылы АҚШ-тың Ұлттық барлау кеңесінің тапсырысы бойынша климаттық өзгерістің 2030 жылға дейінгі Ресейге әсері туралы зерттеуі жарияланды. Оның авторларына сенсек, жаһандық температураның көтерілуі Ресей үшін бірқатар күрделі мәселелерді туындатады.

Солардың қатарында нөсер жаңбырлар, Сібір шымтезек алқаптарындағы өрттер және жауындармен өзен мұзының ертерек жарылуынан Ресейдің Арктика өзендерінің жиі тасуы тәрізді төтенше климаттық оқиғалар бар. 

Telegram
БІЗДІҢ ТЕЛЕГРАМ АРНАМЫЗҒА ҚОСЫЛЫҢЫЗ Ең соңғы жаңалықтар осында
Жазылу
Telegram арнамызға жазылыңыз! Жаңалықтар туралы бірінші біліңіз
Жазылу