Биыл теңгені не күтіп тұр?

5238

AERC теңгенің долларға қатысты бағамы бойынша болжамын жариялады.

Биыл теңгені не күтіп тұр? Фото: canva.com

Жақында AERC (Applied Economics Research Centre) теңгенің доллар бағамына қатысты болжамын жақсартты.

Былтыр орташа алғанда 1 доллар 456,3 теңге деңгейінде қалыптасты. Оған дейін AERC қазан айында доллардың теңгеге қатысты бағамы орта есеппен 458,2 доллар деңгейінде болады деп бағалады. 2023 жылғы нақты бағам біздің күткенімізден де жоғары болды, дейді сарапшылар.

"2023 жылдың желтоқсан айында ұлттық валюта бағамы қарашамен салыстырғанда 0,8%-ға нығайып, 454,7 теңге болды. Желтоқсанда теңгенің нығаюына Ұлттық Банк тарапынан валютаны сатудан басқа америкалық доллардың әлсіреуі де ықпал етті. Желтоқсан айында доллардың индексі қарашаға қарағанда 2,1%-ға төмендеді. AERC болжамына сәйкес, 2024 жылы ұлттық валюта бағамы долларға қатысты 473,2 теңге деңгейінде қалыптасады. Салыстырар болсақ, AERC қазан айындағы шолуында ұлттық валюта 474,3 деңгейінде болады деп болжады. Тиісті болжам Қазақстанда мұнай өндірісінің үлкен көлемі мен осы жылы нақты экспорттың жоғары өсу қарқынының күтілуі аясында жақсарды", - делінген шолуда.

Бұдан бөлек сарапшылар инфляция мәселесіне де бөлек тоқталды.

Олардың дерегінше, былтырғы желтоқсанда Қазақстандағы тұтынушылық инфляция жылдық мәнде 9,8 пайызға дейін төмендеген.

"AERC 2024 жылы инфляция орташа есеппен 8,8% деңгейінде болады деп болжайды. Үй шаруашылықтары шығыстарының өсу қарқынына қатысты болжамның нашарлауына қарамастан, биыл инфляцияны бағалау қазан айындағы шолуға қарағанда ұлғаю есебіне қарай қайта қаралды. Оған 2024 жылы Ресейде инфляцияның анағұрлым жоғары болады деп күтілуі, сонымен қатар желтоқсанда Қазақстанда ақша массасының өсу қарқынының күрт жеделдеуі себеп. Желтоқсанның өзінде ғана ақша массасы 7,4%-ға артты, ал өткен жылдың басынан бастап ақша массасының өсу қарқыны 11,7% болды", - деп хабарлады AERC.

Биыл төл валютамызға қандай факторлар әсер етеді?

Экономист Ләззат Нұрғалиқызының сөзінше, теңге бағамы ішкі және сыртқы факторлардың әсеріне байланысты көп өзгереді.

"Соңғы болған пандемия, одан кейінгі геосаяси жағдайлар, сыртқа шығатын өнімдеріміздің логистикасы өзгеруіне байланысты баға біраз тұрақсыз, теңгенің құны төмендеген болатын. Қазір соңғы жағдайларға байланысты төл валютаның жағдайы біршама жақсарып келе жатыр. Оның үстіне біз шикізат өндіруші елміз, сырттағы шығарған өнімдеріміздің бағасының, әсіресе мұнай бағасының өсуіне немесе төмендеуіне байланысты теңгеміздің құны өзгеріп отырады. Дегенмен де, теңгенің осымен бағасы жақсы, осы қалыпта тұрады, теңге әрі қарай нығая береді деп толығымен 100 пайыз келісуге болмайды. Расында да, еліміздің экономикасы Қытай, Ресей сияқты көршілес елдердің саясатына да байланысты болады. Сондай-ақ экспортқа шығаратын өнімдеріміз бен сырттан келетін тауарларға да әсері болады", - деді ол.

Сарапшы жылдың соңына қарай теңге бағамының өзгеруіне қатысты пікір білдірді.

"Сырттан келетін экспорт аз болып, сыртқа шығаратын импортымыз көп болған жағдайда, инфляция да, теңге құны да тұрақтайды. Сырттан келетін экспорт евроға немесе долларға келеді, ол көбірек болған сайын міндетті түрде ел ішіндегі ақшаның айналымына әсер етеді. Осыған да баса көңіл аудару керек. Жылдың аяғына қарай теңге бағасының төмендеуіне негіз бар деп есептеймін. Еліміздегі экономика алыс-жақын елдермен алыс-беріс, ішкі-сыртқы факторлардың әсерінен өзгеріп отырады", - деп атап өтті экономист.

Теңге құнсыз емес – министр

Жақында журналистер Ұлттық экономика министрі Әлібек Қуантыровтан "Теңгеге қарағанда Әзербайжан, Қырғыз Республикасының валюталары жоғары. Неге төл валютамыз сонша құнсыз?" деп сұрады. Бұл пікірмен ведомство басшысы келіспейтінін айтты.

"Біздің (ред. – ТМД елдерінің) валюталарымыз әртүрлі. Оларды қалай байланыстырып отырсыз? Теңге құнсыз емес. Екі жыл ішінде біздің валюта тұрақты. Биыл бюджетте (доллардың ресми бағамы) 460 теңге деп тұр, бірақ қазіргі таңда бұл көрсеткіш 450 теңгеге жуық, одан да төмен. Былтыр бюджетте доллардың ресми бағамы 470 теңге болды. Қорытындысы бойынша 450-472 теңге болды. Сол себептен, әрине, біздің валюта тұрақты", - деп жауап берді Әлібек Қуантыров Үкіметтің баспасөз орталығында.

Telegram
БІЗДІҢ ТЕЛЕГРАМ АРНАМЫЗҒА ҚОСЫЛЫҢЫЗ Ең соңғы жаңалықтар осында
Жазылу
Telegram арнамызға жазылыңыз! Жаңалықтар туралы бірінші біліңіз
Жазылу