Биыл жазда қазақстандықтар қайда демалады?

9671

Екі аптада соң туристік компаниялар үшін ең табысты саналатын жаз маусымы басталады.   

Биыл жазда қазақстандықтар қайда демалады?

2020 жылғы коронавирус пандемиясы еліміздегі туризм саласын тұралатып тастағаны белгілі. Салдарынан салада жұмыс істейтін мыңдаған адам табысынан айырылып, жұмыссыз қалған болатын. Биыл туризмдегі жағдай өзгере ме, карантин шектеулерінің алынуы және СOVID-19-ға қарсы вакцина салаға әсерін тигізе ме, жазда қазақстандықтар қайда демалуды жоспарлап отыр? Бұл сұрақтарға inbusiness.kz тілшісі жауап іздеп көрді.

 Туризм индустриясы комитетінің қызметкері Нұрбол Байжановтың пікірінше, биыл салада оң өзгерістер болуы мүмкін.

"Себебі Қазақстанда карантин шектеулері алынып, тұрғындар коронавирусқа қарсы екпе салғызуда, әрі әлем елдері шекарасын ашып жатыр. Алайда туризмдегі жағдай бірден жақсарады деп нақты болжам айту қиын… Әлемдегі жағдай әлі күрделі. Мысалы, сәуірде Түркияда індет өршіді. Үндістандағы эпидемиологиялық ахуал қиын болып тұр, ал Мальдив аралдарында СOVID-19 жұқтырғандар саны өсіп жатыр. Бұған коронавирустың жаңа штамдарын қосыңыз. Бұл деректер болжам жасауға кері әсерін тигізеді",– деді маман.

Ал "Kazakh Tourism" ұлттық компаниясының баспасөз хатшысы Ернұр Кенжебеков саладағы жұмыс жанданатынын айтады.

"Дағдарыс жаңа мүмкіндіктерге жол ашатынын ескерсек, кәсіпкерлер мен инвесторлар жұмысын жандандырады деп ойлаймын. Мысалы, Үкімет қонақүйлер мен жол бойындағы сервис объектілерін салу бойынша шығынның 10%-ын, сондай-ақ туристік көліктерді сатып алуға, тау шаңғысы курорттары үшін техника мен жабдықтарды сатып алуға шығынының 25%-ын өтеуді көздеп отыр. Оған қоса, отандық туроператорлар шетелдік туристерді елімізге кем дегенде 4 күнге шақырған жағдайда әрқайсысының 15 мың теңге көлеміндегі шығынын қайтару қарастырылған", – деді баспасөз хатшысы.

"Шетелдік туристердің саны 4 есе азайды"

Нұрбол Байжановтың айтуынша, 2020 жылы пандемия салдарынан Қазақстанға келетін туристер саны 4 есе азайған.

"Ұлттық статистика бюросының мәліметінше, 2019 жылы Қазақстанға 1 млн-ға жуық шетелдік турист, 2020 жылы 250 мыңнан аса турист келген. Яғни пандемия кезінде шетелдік туристердің саны шамамен 4 есе азайған. Ішкі туризмге тоқталсақ, 2019 жылы 6,6 млн адам, 2020 жылы 4,9 млн адам ел ішінде саяхат жасаған. Бұл өткен жылмен салыстарғанда 25%-ға аз",–  деді Туризм индустриясы комитетінің қызметкері.

Дүниежүзілік туризм ұйымының (UNWTO) бас хатшысы Зураб Пололикашвили әлемдегі туризм 4 жылда қалпына келеді деп болжам жасаған. Ол биыл туристер ағыны өткен жылмен салыстырғанда шамамен 22-55%-ға артуы мүмкін екенін айтады.

Осыған байланысты Ернұр Кенжебеков 2021 жылы елімізге келетін шетелдік туристердің саны артуы ықтимал деген пікірде.

"Ұлттық статистика бюросының мәліметінше, 2020 жылы елімізде орналасу орындарында (қонақүйлерге, демалыс орындарына және тағы басқа) 250 мыңнан аса шетел азаматы тоқтаған. Биылғы көрсеткіш 600 мың адам болуы мүмкін. Мұның болжам екенін ескеріңіздер. Оған әлемдегі эпидемиологиялық ахуалдың жақсаруы, көрші мемлекеттердегі адамдардың коронавирусқа қарсы вакцина алу сынды факторлар оң әсер етеді. Сондай-ақ Қазақстан ЕАЭО аумағында "COVID-19-сыз саяхат" қосымшасына маусымның соңында қосылады деген ақпарат бар. Бұл өңіраралық туризмді дамытуға ықпал етеді",– деді ұлттық компания қызметкері.

Нұрбол Байжанов өткен жылғы індет кезінде әлем елдері шекарасын жауып, шектеу енгізгендіктен тұрғындар көбінесе ел ішінде: Алматы облысындағы тауларда, Каспий теңізінде, Алакөлде, Щучье-Бурабай курортты аймағында демалғанын айтады.

"Ішкі туризм бойынша курортты аймақтарда туристер санының артқаны байқалады. 2020 жылдың қорытындысы бойынша (өткен жылмен салыстырғанда) курортты аймақтарда демалатын орындар саны 35%-ға артып, демалушылар саны 1,68 млн болды", – деді комитет қызметкері.

Сондай-ақ "Kazakh Tourism" ұлттық компаниясы ел ішінде демалғысы келетін қазақстандықтарға алдағы жылы жеңілдік жасалатынын жеткізді.

"Еліміздегі ішкі туристік ағынды ұлғайту көзделіп отыр. 2022 жылы "Kids Go Free" бағдарламасы іске қосылады. Ол бойынша 1 ересек адаммен бірге 2-14 жас аралығында екі бала тегін ұша алады. Мұндай жеңілдік жол шығынын 30%-ға азайтуға мүмкіндік береді",– деді Ернұр Кенжебеков.

Туризм индустриясы комитетінің қызметкері Нұрбол Байжанов шетелде демалғысы келетін қазақстандықтарға карантин талаптарын қатаң сақтауға кеңес беріп, олар қай елдерде демала алатынына тоқталды.

"Оларға сақ болуға, маска тағып, арақашықтықты сақтауға, адамдар көп жиналатын орындарға бармауға кеңес береміз. Бүгінде қазақстандықтар Түркиядан басқа Оңтүстік Корея, Германия, Украина Біріккен Араб Әмірліктері, Өзбекстан, Қырғызстан, Мысыр (Египет), Ресей, Грузия сынды елдерде демала алады. Бұл елдердің шекарасы ашық", - деді.

"Шетелде дамалудың орташа бағасы – 300 мың теңге"

Sayat Travel компаниясының туризм-менеджері Аружан Үмбетова биыл жұмыс жандана бастағанын, туристік жолдамаға сұраныс барын айтты.

"Қазақстандықтар көбінесе Мысыр (Египет), БАЭ, Түркияда демалғысы келеді. Сұраныс бар. Жұмысымыз жанданып жатыр. Бұл жақта демалудың орташа бағасы – бір адамға 250-300 мың теңге. Бұл елдерге бару үшін коронавирустың бар жоғына ПТР-тест тапсыру керек. Ал "Sputnik V" вакцинасын алғандар Грузияға еркін бара алады. Мұнда ПТР-тест тапсырудың керегі жоқ",– деді туризм-менеджері.

Ол ел ішінде Алакөлге, Каспий теңізіне, түрлі санаторийлерге сұраныс барын жеткізді. Бірақ туристік жолдама қымбат.

"Әр адам көрпесіне қарай көсіледі ғой. Қазақстанда демалудың бағасы шетелдікімен бірдей болып отыр. Мысалы, Алакөлге туристік жолдама 350 мың теңге тұрады. Бұл ақшаға Түркияда all-inclusive концепциясы бойынша демалуға болады",–  деді Аружан Үмбетова.

"Демалушылардың 80%-ы теңізде демалғысы келеді"

Apelsin Tour туристік компаниясының директоры Жанар Баспакова қазақстандықтардың басым бөлігі теңізде демалғысы келетінін жеткізді.

"Демалушылардың 80%-ы теңізі бар елдерді таңдайды. Қалған 20%-ы Еуропа елдеріне барғысы келеді. Шетелде демалудың бағасы 1 адамға 250-300 мың теңгеден басталады. Коронавирусқа қарсы вакцина салдыру жұмысымызға оң әсерін тигізді. Шетелге барғысы келетін қазақстандықтарға қауіпсіз елді таңдауға және карантин талабын қатаң сақтауға кеңес береміз", – деді директор.

Дәурен Ерболат


Atameken Business Telegram каналына жазылып, маңызды ақпараттардан бірінші болып құлағдар болыңыз ! 

Telegram
БІЗДІҢ ТЕЛЕГРАМ АРНАМЫЗҒА ҚОСЫЛЫҢЫЗ Ең соңғы жаңалықтар осында
Жазылу
Telegram арнамызға жазылыңыз! Жаңалықтар туралы бірінші біліңіз
Жазылу