Бүгін – Көрісу амалы тойланатын күн. Қазақстанның батыс аймағында бұл күн көшпелі халықтың күнтізбесіне сай Жаңа жылдың келгенін білдіріп, тұрғындар таңертеңнен бастап бір-біріне қонаққа барып, қол алысып, төс қағыстырып амандасады. Алайда, биыл короновирус қаупінің күшеюіне байланысты мерекеде болатын шаралардың барлығына тиым салынды.
Мұнайлы астанада Көрісу күнінің қарсаңында сауда орындарында болған қарбалас тиесілі мекемелер қол алған іс-шаралардан кейін саябырсыды. Бұған дейін атыраулықтар азық-түлік, күнделікті тұрмыстық бүйымдарды көтере сатып алып, дүкен, супермаркет сөрелерін босатуға шақ қалған. Соған байланысты "Идеал", "Лидер", "Ярмарка" сауда желілері азық-түлік қоры жеткілікті екенін және алдағы күндері бағаның қымбаттамайтынын айтып, халыққа үндеу жариялады. "Идеал" супермаркеттері дәнді дақыл, үн, макарон өнімдерін бір қолға бес келіден артық бермейді. Оның үстіне, әлеуметтік маңызды тізбеге кіретін тағамдардың бағасы өспеуін жергілікті әкімдік жіті қадағалап отыр.
Қазіргі күні қала ішінде жолаушылар тасымалдайтын қоғамдық көліктер күніне бірнеше мәрте залалсыздандырылып отыр. Көрісу күні қайткенде де жақын-жуықтарына қатынайтын жандардың болуы ескеріліп, бір күн бойына жолаушылар тасымалдайтын автобустар түгелдей тегін қызмет көрсетпек.
Жақын күндері Атырауға 50 мың дана бетперде жеткізілмек.
"Қала шетіндегі Қараөзек аумағында орналасқан изоляторда үш адам оқшауланып жатыр. Оның біреуі – осыдан екі апта бұрын жеткізілген Қытай елінің азаматы, екі азамат – жақында Италиядан қыдырып келген", – деп хабарлайды облыстық денсаулық сақтау басқармасы басшысы Байтолла Ғазизов.
Бұған дейін өңірде арру белгісі анықталғаны жөнінде алыпқашпа сөздер тарағанымен, оның ешқайсысы дәлелденген жоқ.
Жақында Көрісу күнін мемлекеттік мерекелер қатарына қосу жайында депутаттар тарапынан ұсыныс болған еді. Жаһанда болып жатқан жағдай оның жүзеге асуына да, жылдағыдай ас та төк тойлануына да кедергі келтіріп отыр.
Құралай Қуатова