Бұл туралы Президент елордадағы халықаралық симпозиумде айтты, деп хабарлайды inbusiness.kz сайты.
Мемлекет басшысының сөзінше, тарихи сабақтастықты сақтау мәселесі аса өзекті болып қала береді.
– Баршаңызға белгілі, Қазақстан соңғы жылдары ауқымды саяси және экономикалық реформаларды жүзеге асырып жатыр. Мұның еліміз үшін аса маңызды және өте жауапты қадам екені сөзсіз.
Сондықтан біз алдымызда тұрған міндетті де жақсы түсінеміз: сана өзгермей, қоғам да жаңғырмайды, мемлекет те өркендемейді. Бұл – ақиқат.
Соның ішінде тарихи сабақтастықты сақтау мәселесі аса өзекті.
Онсыз ешқандай даму болмайтыны анық. Өткенге құрметпен қарамасақ, жарқын болашаққа қарай бет алу да қиын болмақ. Сол себепті, біз озық ойлы ұлт ретінде тек қана алға қарай нық сеніммен қадам басамыз.
Жалпыұлттық референдумда қабылданған жаңа Конституцияда мыңдаған жылдарға созылатын тарихы бар Ұлы дала сабақтастығын сақтау қастерлі парыз екені нақты көрсетілді. Өйткені біз – мемлекет ісінде "Мәңгілік ел" идеясын ту еткен Алтын Орданың тікелей мұрагеріміз, – деді Қасым-Жомарт Тоқаев.