Иран президенті Масуд Пезешкиан Нью-Йоркте өткен БҰҰ Бас Ассамблеясының отырысына қатысқан, деп хабарлайды inbusiness.kz сайты.
Бұл – АҚШ-пен соғыс жағдайындағы ел басшысының аталған ұйым алдында алғаш рет сөз сөйлеуі.
– Америка мен Израиль бізге заманауи технологиялар мен қару-жарақ жүйелерін қолдана отырып шабуыл жасады, ал халқымыз оған табандылықпен төтеп берді. Иә, олар бізге соққы жасады, бірақ біз тізе бүккен жоқпыз және басымызды иген жоқпыз, – деді Пезешкиан.
Иран президенті Дональд Трамптың Иранды түсінбейтінін айтып, қақтығысты тоқтатудың жолын ұсынды.
– Иранды Трамп мырза және бізді қорқытуға тырысқандар түсінуі керек. Біз диалогқа, дипломатияға және келіссөздерге дайынбыз, бірақ күш көрсету тілін қабылдамаймыз, – деді ол.
Пезешкианның сөзінше, Иранның қорғаныс қуаты елді қорғауға бағытталған және Тегеран өзін қорғау үшін ешкімнің рұқсатын қажет етпейді.
– Иран ядролық қаруды қауіпсіздік факторы деп санамайды. Десе де, біз ғылымға, өнеркәсіпке және бейбіт атом энергетикасына деген құқығымыздан бас тартпаймыз. Ашық айтайық: ядролық қаруға – жоқ, ядролық білімге деген құқықтан айыруға – жоқ, – деді Пезешкиан.