Біздің әскерилер Мәскеу парадынан ауырып қайтуы мүмкін

2074

Шеру репетициясында кем дегенде 376 әскери COVID-19 жұқтырған. 

Біздің әскерилер Мәскеу парадынан ауырып қайтуы мүмкін

Қорғаныс министрлігі Қазақстан десантшылары Ұлы Отан соғысындағы Жеңістің 75 жылдығына арналған Мәскеудегі әскери парадқа қатысатынын хабарлады. Жауынгерлер қызу дайындық үстінде.

Коронавирустық инфекцияның өршуіне байланысты солтүстік көрші тарихи ауқымдағы шеруін 9 мамырда өткізе алмады. Мамандар Кремльге парадты әлеммен бірге 2 қыркүйекте ұйымдастыруға кеңес берген. Алайда бар істе бақталастарынан ерекшеленгісі келетін Ресей бұдан бас тартты. Президент Владимир Путин Қызыл алаңдағы әскери парадты 24 маусымға белгілеп отыр. Себебі 1945 жылы сол күні Қызыл алаңда И.Сталин ҰОС парадын өткізген.

Ал 24 маусымға дейін небәрі үш аптадай ғана уақыт қалды. Ресейлік ақпарат құралдарының жазуынша, әскерилерді осы шараға дәл бір соғысқа жиғандай шақыруда. Курсанттарға демалыстан казармаға шұғыл оралуды бұйырған телеграммаларға алғаш рет армия генералдарының өзі қол қойған. Бұрын ондай құжат кіші лейтенанттар қолтаңбасымен жолданатын.  

Өйткені ата-аналардың көбі өз баласын қауіпті жиынға жіберуге ниетті емес екені белгілі болды. Бұл негізсіз де емес. Осының алдында Ресей Федерациясы әскери шеруді 9 мамырда өткізуге қызу кірісті. Тек трибуналар бос болатыны, халықтың оны қызықтауға шақырылмайтыны, парад телеарналардан таратылатыны хабарланды. Қазақстан оған ардагерлерін және делегациясын қатыстырмауға шешім қабылдады. Ізінше COVID-19 бой бермей бара жатқасын, Владимир Путин де амалсыз Жеңіс парадын өткізуді тоқтату туралы бұйрыққа қол қойды.

Reuters және өзге де ресейлік, шетелдік ақпарат құралдары сол науқанға дайындықта ең кемі 376 адам коронавирус жұқтырғанын жариялады.

"Ресей басшылығы Мәскеудегі Жеңіс шеруінен бас тартуға ұзақ уақыт батылдық таныта алмады. Осы кезеңде елдің әр жерінен жиналған мыңдаған әскери санитарлық-індетке қарсы шараларды сақтамай қызу дайындық жүргізді. Осының салдарынан жасы кәмелетке жетпеген кадеттерді қоса алғанда көптеген әскери коронавирус жұқтырып алған", – деп жазады ресейлік "Проект" журналистік зерттеулер орталығы.

Наурыз айының соңынан 16 сәуірге дейін бүкіл Ресейден 15 мың солдат, матрос пен офицер Мәскеу түбіндегі Алабинода жиылып, сондағы алып плацта күн сайын сап түзді. Коронавирус парадтық батальондардың жеке құрамын госпиталь төсектеріне тегеурінді түрде жығып жатқанда Кремльден "Стоп" деген бұйрық жетті. Бұл кезде Қазақстан оқиғаның артын бағып, өз жауынгерлерін жібермей отырған.

Ресей басшылығы үрейлі індеттің жауынгерлерді жусатуына командирлердің өзін кінәлі етті. Жеке құрамды қорғай алмағаны және мемлекеттік маңызды тапсырманың орындалуына қауіп төндіргені үшін Киров атындағы академияның бастығы генерал-майор Александр Фисун, Нахимов атындағы әскери-теңіз училищесінің бастығы вице-адмирал Алексея Максимчук және басқасы орнынан қуылды. 

Ал сардарлар мен сарбаздардың үлкен бөлігін ауруханаларға жауып, қалғанын казармаларға ұзақ обсервацияға қамаған. Мәселен, жалғыз Можайский атындағы Әскери-ғарыш академиясында 800-ден аса курсантты оқшаулауға тура келген. Көптеген жауынгер мен қолбасшы Лехтусидегі академияның оқу орталығында тұтқын күйін кешті.

Курстанттардың тағы бір бөлігін 5 мамырда оқуын аяқтай сала жедел түрде үйлеріне жібереді. Себебі олардың бойынан вирус табылса, бұл армияның емес, азаматтық саланың, олардың отбасыларының әлегі болмақ. Осылайша көршінің оқалы жағалылары Отанға зиян келтіріпті. Шеру жаттығуларында жұқтырған симптомсыз сырқаттар Ресейдің әртүрлі қалалары мен деревняларына инфекция әкетті. Мысалға, 5 мамырда әке-шешелерімен қауышуға асыға аттанған Михайлов әскери артиллерия академиясының шәкірттерін Бурятияның Улан-Удэ әуежайында термометрмен қаруланған дәрігерлер тоқтатып оқшаулады.  30-дан аса курсант COVID-19 жұқтырған. Бұл жағдай Петерборда және басқа қалаларда қайталанды.

Алабинода парадтық жаттығудан өткендер арасында отан алдындағы борышын өтеген, әскери оқу орындарында оқымайтын қарапайым солдаттар да көп болды. Путин бұйрығынан кейін мерзімді қызметі аяқталған олар үйлеріне кетті. Әскери академиялар мен училищелердің соңғы курс курсанттарына да оқуы аяқталысымен, лейтенант атағын беріп, офицерлік погондарын тағып қоя берген.

Енді Владимир Путин Жеңіс шеруін 24 маусымда өткізу туралы жарлық шығарысымен, Ресей Қорғаныс министрлігі парад жаттығуынан өткендердің барлығын кері қайтаруға бар күшін салып бағуда. Өйткені парадқа дейін аз уақыт қалды, бұл жаңа курсанттарды әлем тамашалар шоуға әзірлеу үшін жеткіліксіз. 8 маусымда 2020 жылғы Жеңіс парадының барлық қатысушысы репетиция өтетін плацта сап түзіп тұруға тиіс. Бірақ жасөспірім суворовтықтар, нахимовтықтар, Мәскеу  әскери-музыкалық училищесінің балалардан тұратын барабаншылар ротасы проблема тудыруда. Осының алдында репетицияға қатысқан олардың біразы қауіпті вирусқа шалдыққан. Мысалы, 31 нахимовтық жас шәкірт үйлеріне вирус арқалап қайтты.

Сондықтан жасөскін әскерилердің ата-аналары балараын қайта жіберуден ат-тонын ала қашуда екен. Олар қол жинап, қорғаныс министрі Сергей Шойгу атына үндеу жолдады. Армия шенеуніктері бүгінде олардың отан сүйгіштік сезімін оятуға тырысуда. Себебі Кремль жасөспірім жауынгерлердің қатысуынсыз Жеңіс парады бар салтанаты мен тарихи сипатынан айырылатынын айтып, оған жол бермеуді жүктеген.

Ресейде коронавирус жұқтырғандар саны жарты миллионға жуықтап қалды (432 мың сырқат). Бір тәулікте солтүстік көршіде 178 адам осы дерттен өлді. Бұл жағдайда парадқа қатысатын қазақстандық әскерилерге індетке ұрыну қаупі төнбей ме?

Отандық Қорғаныс министрлігі бұған жол бермеу үшін қолдан келгеннің барлығы жасалатынына сендіреді. Мысалы, жауынгерлеріміз ол шараға дайындықты жылдағыдай Мәскеу түбінде емес, Қазақстанның өзінде жүргізуде. Олардың дайындық мәселесі министрлікте Бас штаб пен бөлімшелердің басшылық құрамының қатысуымен ұдайы талқыланбақ.

Қызыл алаңдағы әскери шоуға нақты қанша жауынгер баратыны кейін белгілі болмақ. Әзірге оған еліміздің десанттық-шабуылдау әскерлерінің әскери бөлімдері қызметкерлерінің бір бөлігі іріктелді.

"Әскерилердің денсаулығына қауіп төнбеуі үшін дезинфекциялық-санитарлық режимді күшейту жүктелді. Олар күніне ең кемі 2 рет медициналық тексеруден өтеді. Олар тұрып жатқан ғимарат дүркін-дүркін індетке қарсы өңделеді, жуылады, желдетіледі. Бұған қоса, парад қатысушылары қалған жеке құрамнан оқшауландырылды. Олармен бөгде тұлғалардың және туған-туыстарының араласуына шектеу қойылды", – деп түсініктеме берді қорғаныс ведомствосы. 

Қарулы күштер сондай-ақ биыл Армияның халықаралық ойындары-2020 халықаралық жаттығуын өткізуге бел буып отыр. Әр өңір санитарлық-індетке қарсы шараларды сақтай отырып, оған байқаулар өткізуде. Сол арқылы ең үздік кандидаттар іріктеліп, олар ұлттық командаға кіреді. 

Жанат Ардақ

Telegram
БІЗДІҢ ТЕЛЕГРАМ АРНАМЫЗҒА ҚОСЫЛЫҢЫЗ Ең соңғы жаңалықтар осында
Жазылу
Telegram арнамызға жазылыңыз! Жаңалықтар туралы бірінші біліңіз
Жазылу