Құрлықтық хоккей лигасының аясында өткен матчта "Ақ Барс" өз айдынында "Барыс" командасына жеңілді. Қазандағы кездесудің негізгі уақыты 0:0 есебімен тең аяқталды. Бірақ овертаймда қонақтардың жолы болды. Кездесу 1:0 есебімен аяқталды. Шешуші шайбаны Роман Старченко соқты. Оған команда капитаны Даррен Диц көмектесті.
Кездесу барысында командалар бірнеше жақсы мүмкіндікті пайдалана алмады. Сондай-ақ, үзіліске аз уақыт қалғанда елордалықтардың қақпасына соғылған шайба есепке алынбады. Бейнебақылауды қайталап көргеннен кейін шайбаның аяқпен соғылғаны анықталды.
Өз кезегінде "Ақ Барс" екінші кезеңде белсенді өнер көрсете бастады. Бірақ кездесудің бұл бөлігін "Барыстың" қақпашысы Йони Ортио керемет ойнады. Ол командаластарына тамаша көмектесті. Тіпті финляндиялық қақпашының арқасында қазақстандық клуб қосымша уақытқа дейін голдан аман қалды деуге болады. Ал овертаймда "Барысқа" сәттілік жолдас болды.
Осылайша, "Барыс" ҚХЛ-да қатарынан үшінші жеңіске жетіп, 15 ұпай жинады. Сонымен қатар Шығыс конференциясында тоғызыншы орыннан сегізінші орынға көтерілді. Ал, 26 ұпаймен "Ақ Барс" үшінші орында қалды. Осы ойынға дейін олар "Авангард" және "Автомобилист" командаларымен тең ойнады.
Кездесу аяқталған соң елордалық хоккей клубының бас бапкері Юрий Михайлис ойынға қатысты пікірін білдірді :
"Мен бүгінгі матч үшін командаға алғысымды білдіремін. Трибунада және Қазақстанда бізге қолдау көрсеткен жанкүйерлерге рахмет. Ортиоға ерекше алғыс айтамын. Команда тартысты жекпе-жекке дайын болды. Бұл, әсіресе, "Ақ Барс" командасы екінші кезеңде бізге екі минуттай шабуылдауға мүмкіндік бермеген кезде айқын көрінді. Бірақ, қарсыласқа төтеп бердік. Овертайм... Дицтің шеберлігі және Старченко кездесу тағдырын шешті", - деді Михаилис.
Келесі матчты Юрий Михайлистің шәкірттері 21 қыркүйек күні "Йокеритке" қарсы Нұр-Сұлтан қаласында өткізеді.
Ермұхамед Мәулен