"Бізге дүкен емес, ойын алаңы керек"

1551

Павлодарлықтар аулада сауда орнының салынуына қарсы. 

"Бізге дүкен емес, ойын алаңы керек"

Облыс орталығындағы Қайырбаев көшесі бойында орналасқан бірнеше көпқабатты үйдің тұрғындары коммерциялық нысанның бой көтергенін қаламайды. Оның орнына балалардың ойын және спорт алаңдарын, автомобиль тұрағын салып берсін деген талап қойып отыр.

"Біздің ауладағы үш үйде 400-ден астам пәтер бар. Бұл пәтерлердің тұрғындарына жақын маңда орналасқан шағын дүкендер мен бір-екі сауда желісі жетеді. Онсыз да тар аулада тағы бір дүкеннің болғанын қаламаймыз. Бізге жаңа ойын, спорт алаңдары керек", – дейді Қайырбаев көшесі, 96 үйінің тұрғыны Анна Резник.

Тұрғындардың айтуынша, қыркүйек айына дейін ауладағы алаң бос тұрған. Ал осыдан бір айдан астам уақыт бұрын подъездерге хабарландырулар ілініп, абаттандыру жұмыстарына байланысты тұрғындардан жеке көліктерін ауладан алыс аумаққа қоюды сұраған.

"Хабарландыруларда аула абаттандырылып, спорттық жаттығу құралдары қойылып, автокөлік тұрағы кеңейтіледі деп анық жазылған. Ал іс жүзінде дүкен салынатын болып шықты", – дейді тұрғын Максим Назаров.

Белгілі болғандай, шағын аулада шынымен сауда орны бой көтеруде. Бұл осыдан үш жыл бұрын қабылданып, бірақ сәтті жүзеге аспай қалған "Үй жанындағы дүкен" жобасының бір нысаны болып шықты. 2017 жылы Павлодар қаласындағы аулалардан ескі газгольдерлер алынып, содан босаған жер телімдері шағын дүкендер салынуға берілген болатын. Бірақ кәсіпкерлердің дені жерді алуын алып, ешқандай істі бастамаған көрінеді.

"2017 жылы жылы кәсіпкерлердің пайдаланылуына берілген аула ішіндегі 64 жер учаскесінің бесеуінде ғана дүкен ашылды. Ал қалған жерлер бос қалды. Кәсіпкерлерге биыл "Үй жанындағы дүкен" жобасының аясында жерді жалға беру мерзімі аяқталып, оны кәдеге жаратпағандармен келісімшарт үзіледі деп ескертілді. Содан соң үш жыл бойы түк істемеген кәсіпкерлердің көбі бірден құрылысқа кірісіп кетті. Сондықтан тұрғындар тарапынан түсініспеушіліктер мен наразылықтар туындап отыр", – дейді "Павлодар" әлеуметтік-кәсіпкерлік корпорациясының басқарма төрағасы Мейрам Өтешов.

Аула ішіндегі дүкендерге қатысты жоба сәтсіз болғандықтан, биыл оның орнын басар жаңа іс – "Үй жанындағы бизнес" жобасы басталды. Таяуда павлодарлық тұрғындардан шағын кәсіп жүргізуге қатысты бизнес жоспарлар қабылданды. Енді қараша айының алғашқы күндері арнайы комиссия бұл жобаларды қарап, әлеуметтік маңызы бар істерге аула ішінен 31 учаскені үлестіріп бермек. Олар дүкен, шаштараз, тігін цехы және тағы басқа қызмет көрсету орындарын ашуға ниетті кәсіпкерлерге жалға берілетін болады.

Ал Қайырбаев көшесіндегі дүкен құрылысының мәселесі әзірше біржақты шешілген жоқ. Павлодар қаласының әкімдігі "Павлодар" ӘКК-нан бұл жерді ойын, спорт алаңын салу үшін қайтарып беруді сұрап отыр. Кәсіпкер болса құрылыс жұмыстарын бір сәтке де тоқтатар емес. Бұл текетіресте кімнің жеңетіні жақын күндері белгілі болуы тиіс.

Ажар Дәулетова


Atameken Business Telegram каналына жазылып, маңызды ақпараттардан бірінші болып құлағдар болыңыз!

Telegram
БІЗДІҢ ТЕЛЕГРАМ АРНАМЫЗҒА ҚОСЫЛЫҢЫЗ Ең соңғы жаңалықтар осында
Жазылу
Telegram арнамызға жазылыңыз! Жаңалықтар туралы бірінші біліңіз
Жазылу