Бізге осындай жейделер керек сияқты

Маруан Түсіп Маруан Түсіп
2653

Негізінде, жейделер емес керегі, ауадай қажеті – сол жейдеде жазылған мағыналы сөздер.

Бізге осындай жейделер керек сияқты Фото: rubin-kazan.ru

Чемпиондар лигасының жартылай финалының қарымта матчтары бүкіл әлемді дүр сілкіндірді. Финалға шығу мәселесін бірінші ойында-ақ толықтай болмаса да, жартылай шешіп алған клубтар ома қапты. Керісінше, ең үздік ойыншыларынан айырылып, жағдайлары тығырыққа тірелген командалар жеңісті жұлып алды. Керемет!

Жартылай финалдың қарымта матчында "Ливерпуль" бір емес, екі үздік ойыншысына сенім арта алмады. Олар – мысырлық Мохамед Салах пен бразилиялық Роберто Фирмино. Ал "Тоттенхэм" құралайды көзге атқан сұрмергені Харри Кейнді алаңға шығара алмады. Әйтсе де, аталған екі клуб Салахсыз да, Кейнсіз де төрткіл дүниені таң қалдырды.

"Ливерпуль" клубының төрт голын қос-қостан Дивок Ориги мен Джорджинио Вейналдум соқты. Трент Александер-Арнольд допты ойынға бұрыштан қосып-ақ, бүкіл "Барселонаны" қалың ұйқыға жіберді. Ал "Тоттенхэм" сапында Лукас Моура жарқ етіп көзге түсті. Әлбетте оң аяғымен доп тебетін жартылай қорғаушы Амстердамда сол аяғымен хет-трик жасады. Міне, жаңа есімдер!

Жоғарыда аталған футболшылар бұған дейін осындай ерліктер жасап па еді? Оу, сонда Лионель Месси қайда, Криштиану Роналду қане?! Неге олар тағыда өз клубтарын сүйреп алып шықпады? Жоқ, қашанғы тек солар көзге түсе берулері керек?! Неге ылғи азулы командалар жеңіске жете берулері тиіс. Футбол командалық ойын емес пе? "Бір жеңнен қол, бір жағадан бас" шағара білген ұжымдар жеңіске жетті.

Өмірге бұл да керек сияқты. Тым болмаса, анда-санда осындай серпілістер болуы заңды емес пе? Чемпиондар лигасының жартылай финалындағы қарымта матчтар футбол жанкүйерлеріне екі камбэк сыйлады. Е, бәсе, футбол деген осындай болса керек еді. Кездейсоқ нәтижелерімен адамды баурап алатыны бар еді ғой...

Рас, екі күнгі камбэкке күдікпен қараушылар да бар. "Футбол емес, мұның бәрі компьютерлік ойын сияқты" деушілер де табылды. "Чемпиондар лигасының жартылай финалында әлемнің ең үздік триллерлері мен блогбастерлері де жіп есе алмай қалды" дегендер де баршылық. Шыны керек, мен де осылар секілді екі ойынның нәтижесіне күдікпен қарадым...

Бірақ маған осы бір кездейсоқ нәтижелер ұнады да. Қашанғы бірсыдырғы бола беруі керек? Мұндай футболдан жанкүйерлер де, бәріміз де жалығып кетпейміз бе? Өзгерістер керек те сияқты. Бәрі де Мохамед Салахтың жейдесінде жазылып тұрғандай – Never give up (Ешқашан да берілме!). Біздің де футболымызда осындай өзгерістер, камбэктер болып тұрса екен...

Көпшілікке танымал футбол маманы, білікті бапкер, біздің жерлесіміз Құрбан Бердыев "Кешегінің бәрі де Салахтың жейдесінде жазылып тұрды. Бұл – ең бастысы" депті. Және "Ең бастысы, бәрі де мүмкін екендігіне сену" деп қосыпты. Керемет айтылған. Спортшыларға ой салар – сөздер. Менің де өз ойымды "Never give up" деп, түйіндегім келіп отыр.  

Маруан Түсіп

Telegram
БІЗДІҢ ТЕЛЕГРАМ АРНАМЫЗҒА ҚОСЫЛЫҢЫЗ Ең соңғы жаңалықтар осында
Жазылу
Telegram арнамызға жазылыңыз! Жаңалықтар туралы бірінші біліңіз
Жазылу