"Бізге жаңа саяси реформаны жүргізе алатын президент керек"

Фархат Әміренов Фархат Әміренов
2941

Саясаттанушы Азаматхан Әміртай алдағы сайлау туралы пікірімен бөлісті.

"Бізге жаңа саяси реформаны жүргізе алатын президент керек"

Азаматхан Әміртай 9 маусымда өтетін кезектен тыс президент сайлауы туралы Atameken Business арнасына сұхбат берді.

Оның айтуынша, Қазақстанның тұрақты дамуы үшін саяси доданы жеделдетіп өткізудің маңызы зор. Ал кезектен тыс президенттік сайлаудың өтуіне тиісті алғышарттар болды.

"Бұл біз күткен жағдай еді. Енді 9 маусымда барлық күшті жұмылдырып, халық болып жаңа президентті таңдауға тиіспіз", – дейді саясаттанушы.

Азаматхан Әміртайдың пікірінше, сайлауды өткізуге халық, қоғамдық ұйымдар әзір.

"Елбасы өзінің тарихи миссиясын орындады. Осылайша, халықты "Болашағымыз не болады?", "Алдағы уақытта қалай дамимыз" деген сауалдар толғандыра бастады. Сондықтан халықтың белсенділігін көріп отырмыз. Оның үстіне, билікті тапсыруда транзиттік рөлді атқарған Қасым-Жомарт Тоқаев халыққа етене жақын екенін көрсетті. Бұл ел тұрғындарына болашаққа деген шынайы сенім ұялатты. Енді жаңа президентімізді таңдап алсақ, Қазақстан қалыпты даму процесінен айнымайды деп ойлаймын", – деді Азаматхан Әміртай.

Саясаттанушы алдағы бір жарым айда халық тиісті кандидатты таңдап, ұсынады деген сенімде.

"Сайлау туралы ақпаратпен халық толықтай қамтылды. Бүгінде көзі ашық азаматтардың өз таңдауы бар деген ойдамын. Қазақстанға тұрақты даму үшін саяси тұрақтылық керек. Сондықтан сайлаудың жедел өткені ел болашағы үшін маңызды. Меніңше, бір жарым ай халықтың таңдау жасауына жеткілікті уақыт", – деді саясаттанушы.

Ол ел тізгінін ұстауға лайықты кандидаттың есімін де атады.

"Эколог ретінде өз пікірімді айтсам, президент Қасым-Жомарт Тоқаев "Көк Жайлау" мәселесін тоқтатып, дұрыс шешім қабылдады. Бұл экологтардың да саяси алаңға шығып жатқанын көрсетеді. Эколог ретінде біз президенттікке лайықты кандидат ретінде Қасым-Жомарт Тоқаевтың өзін көріп отырмыз", – дейді саясаттанушы.

Оның пікірінше, Қасым-Жомарт Тоқаев ел тізгінін ұстаған үш аптаның ішінде-ақ өзінің зор потенциалын көрсетіп үлгерді.

"Ол ақыл-парасатына жүгініп, нақты тапсырмалар берді. Ол тапсырмалардың Қасым-Жомарт Тоқаевтың ойынан, түсінігінен шыққанын байқадық. Осылайша, ол президенттік міндетті мойнына ала алады деген ой қалыптасты", – дейді Азаматхан Әміртай.

Саясаттанушының сөзінше, ел тізгінін ұстайтын президент жаңа саяси реформа жүргізе алатын адам болуы керек.

"Қазір әлемдік геосаясатта үлкен дағдарыстар пайда болуда. Қазақстан осы дағдарыстарда өзінің нақты орнын айқындауы керек. Сондықтан билікке келетін президент Қазақстанда жаңа саяси реформа жүргізе алуы қажет", – дейді ол.

Фархат Әміренов

Telegram
БІЗДІҢ ТЕЛЕГРАМ АРНАМЫЗҒА ҚОСЫЛЫҢЫЗ Ең соңғы жаңалықтар осында
Жазылу
Telegram арнамызға жазылыңыз! Жаңалықтар туралы бірінші біліңіз
Жазылу