Мемлекет 1,5 млн теңгеден таратады, бірақ...

995

20 қазаннан бастап Business.enbek.kz порталында жаңа бизнес-идеяларды іске асыру үшін гранттар алуға өтінімдерді қабылдау басталады.

Мемлекет 1,5 млн теңгеден таратады, бірақ... Фото: canva

Үнемделген қаражат есебінен барлығы 9 өңірде 270 грант беру жоспарланып отыр, деп жазады inbusiness.kz сайты Еңбек және халықты әлеуметтік қорғау министрлігіне сілтеме жасап. 

Аталған өңірлер: Абай, Ұлытау, Ақмола, Шығыс Қазақстан, Қызылорда, Павлодар, Солтүстік Қазақстан, Түркістан облыстары мен Шымкент қаласы.

Гранттар қайтарымсыз негізде беріледі, оның мақсаты жаңа бизнесті бастау және дамыту. Берілетін гранттың мөлшері 400 АЕК-ті (1 572 800 теңге) құрайды. Әр қатысушы оны тек 1 рет ала алады.

Грант қаражаты ісін жаңа бастаған кәсіпкерлерге өздерінің бизнес-әлеуетін ашуға, өндірісті жолға қоюға және дамытуға, сол арқылы өзін тұрақты табыспен қамтамасыз етуге мүмкіндік береді.

Өтінім беру үшін:

  • Порталда тіркелу;
  • Грант алу шарттарына сәйкестігіне тексеруден өту;
  • Бизнес-жоспар үлгісін жүктеп алып, оны толтыру және порталға енгізу;
  • Өтініш нысанын толтыру және ЭЦҚ кілтімен қол қою.

Интернетке немесе компьютерге қолжетімділік болмаған жағдайда, мансап орталықтарының өзіне-өзі қызмет көрсету аймақтарында, халыққа қызмет көрсету орталықтарында өтінім беруге болады. Грант алу үшін бірқатар шартты сақтау қажет.

Грант алуға:

  1. тіркелген жұмыссыздар;
  2. жеке кәсіпкерлер (тіркеу мерзімі 3 жылға дейін) үміткер бола алады.

Бұл ретте үміткер төмендегі әлеуметтік санаттардың бірінен болу керек:

  • мүгедектігі бар адамдар;
  • қолданыстағы "кандас" мәртебесі бар адамдар;
  • өңіраралық қоныс аударушылар;
  • аз қамтылған отбасы мүшелері;
  • көпбалалы отбасы мүшесі (жұбайы / зайыбы);
  • мүгедектігі бар баланы тәрбиелеп отырған адам (жұбайы / зайыбы);
  • асыраушысынан айырылу бойынша жәрдемақы алушылар.

Үміткердің "Бастау Бизнес" жобасы бойынша кәсіпкерлік негіздеріне оқығандығы туралы 3 жылдан аспайтын мерзімде берілген сертификаты болуы тиіс.

Грантты қажетті құрал-саймандарды, еңбек құралдарын, технологиялық жабдықтарды, малдарды, жануарларды, құстарды, көшеттерді, бұталарды, тұқымдарды сатып алуға, орын-жайларды жалға алу ақысын төлеуге алуға болады.

Гранттар тұтынушылық мақсаттарға, кредиттік қарыздарды өтеуге, жылжымайтын тұрғын үй сатып алуға және салуға, жер учаскелерін сатып алуға, акцизделетін өнімдер өндіруге берілмейді.

Гранттарды Еңбек мобильділігі орталықтары грант алуға үміткерлердің өтініштерін қарау жөніндегі аудандық / қалалық комиссияның шешімі негізінде береді.

Үміткерлер өз бизнес-жобасын комиссия отырыстарында таныстырады. Бұл ретте комиссияның әрбір мүшесі бизнес-жоспарды бағалайды және бағалау парағын мынадай өлшемшарттар бойынша толтырады: бизнес-идеяның бәсекеге қабілеттілігі, өткізу нарықтарының пысықталуы, бизнес-жобаның қаржылық өміршеңдігі, кәсіпкерлік дағдылардың деңгейі, жаңа жұмыс орындарын құру.

Осылайша, грант беру туралы шешім комиссиялық түрде және үміткерлердің бизнес-жобаларының пысықталуын бағалаудың нақты өлшемшарттары негізінде қабылданады.

Комиссия шешімі үміткердің порталдағы жеке кабинетіне жіберіледі. Комиссияның оң шешімі болған жағдайда үміткер банк деректемелерін ұсынады, шартқа қол қояды және одан әрі тоқсан сайын қаражаттың пайдаланылуы туралы есеп береді.

Telegram
БІЗДІҢ ТЕЛЕГРАМ АРНАМЫЗҒА ҚОСЫЛЫҢЫЗ Ең соңғы жаңалықтар осында
Жазылу
Telegram арнамызға жазылыңыз! Жаңалықтар туралы бірінші біліңіз
Жазылу