Бизнес-инкубатор стартап жобалардың сағын сындырмайды

9094

Елімізде технологиялық кәсіпкерлікті дамыту үшін инновациялық экожүйе қалыптасып жатыр.

Бизнес-инкубатор стартап жобалардың сағын сындырмайды

Қазақстанды 2025 жылға дейін дамытудың стратегиялық жоспарында инновациялық бизнеспен айналысатын шағын және орта бизнес өкілдерінің қатарын көбейту міндеті қойылды. Мақсатқа жету үшін инновациялық экожүйе қалыптастырып, бизнесті инкубациялау жобасын жүзеге асыру тапсырылды. Бұл іс технологиялық даму жөніндегі ұлттық агенттікке жүктелді.

Тапсырманы тиянақтау үшін агенттік "Бизнестің жол картасы-2020" бағдарламасы аясында индустриялық-инновациялық жобаларды жүзеге асыратын бизнес-инкубаторлар мен олардың резиденттеріне қолдау көрсетуге кірісті. Бұл үшін "Бизнесті-инкубациялау" бағдарламасын іске қосты. Аталмыш бағдарлама бизнес-инкубаторлардың құзыретін күшейтіп, түбінде ірі технологиялық компанияға айналуы мүмкін сапалы стартаптарды жетілдіруді көздеді. Стартап жобаларды алға жетелейтін бизнес-инкубаторларға мемлекет тарапынан демеуқаржы берілетін болды. Ал мемлекеттің қаржылық қолдауына қол жеткізгісі келген бизнес-инкубаторларға конкурстық іріктеуге қатысу шарты қойылды.

Байқауда бақ сынағысы келген бизнес-инкубатордың 250 шаршы метрден кем емес ғимараты, бизнес жобаларды жүзеге асырудан хабары бар сарапшылары және стартап жобаларды жарты жыл мемлекеттің қолдауынсыз қаржыландыра алатын ақшасы болуға тиіс.

Бизнес-инкубатор дегеніміз...
Құқықтық, қаржылық, консалтингтік және ақпараттық қызмет көрсету арқылы шағын бизнес субъектілерін қалыптастыру үшін құрылған заңды тұлға. Бизнес-инкубатор шағын кәсіпорын құру мен оны дамытудың жауапкершілігін мойнына алып қана қоймай, ісін жаңа бастаған кәсіпкерлерге шаруашылық жүргізу алаңын ұсынады және тиімді шартпен қосалқы қызмет көрсетеді. Сонымен қатар стартап жобалардың иелеріне бизнесті дамыту үшін қаржы табудың жолын ұсынып, идеяның ақиқатқа айналуына жәрдемдеседі.

Әлемде ең алғашқы бизнес-инкубатор 1959 жылы АҚШ-тың Батавия қаласында пайда болған. 1980 жылдан бастап бизнес-инкубатор дүниежүзі бойынша ұлттық экономиканы ілгерілетудің құрамдас бөлігіне айналған. Бүгінгі таңда әлемде 4 мыңнан астам бизнес-инкубатор бар. Олардың басым бөлігі жемісті еңбек етіп жатыр.

Қазақстанда 40 бизнес-инкубатор тіркелген. Олардың барлығы Қазақтандық бизнес-инкубаторлар және инновациялық орталықтар қауымдастығы аясында қызмет етеді.

3 млн-нан 50 млн-ға дейін...
Ұлттық экономика министрлігі кәсіпкерлікті дамыту департаментінің директоры Шыңғыс Ахметовтың айтуынша, бизнес-инкубатордың тәлім-тәрбиесін көріп, қанатын қатайтып алған "балапандар", яғни жас кәсіпкерлер алдағы уақытта үкіметтен 50 млн теңге көлемінде мемлекеттік грант ала алады.

"Бұған дейін бизнес-инкубатордан енші алып шыққан стартап жобалардың иелеріне 3 млн теңге көлемінде мемлекеттік грант берілетін. "Бизнесті-инкубациялау" бағдарламасы шеңберінде 3 млн теңге 50 млн теңгеге көбейді. Бұл стартап жоба үшін қыруар қаржы және керемет мүмкіндік. Стартап жоба жүзеге асқан жағдайда оның авторы мемлекеттік грантқа өтінім береді. Барлық талап тиісінше орындалған жағдайда үкімет грант тағайындайды", – деді департамент директоры.

Үздік үштіктің жұлдызы жанады
Технологиялық даму жөніндегі ұлттық агенттіктің технологияларды коммерцияландыру орталығының директоры Нұрлан Байженовтің сөзінше, бизнес-инкубаторларды қолдау бағдарламасы аясында ұйымдастырылған республикалық байқауға 12 өтінім келіп түскен. Іріктеуден 10 бизнес-инкубатор іркілмей өткен.

"14 маусым мен 3 шілде аралығында бизнес-инкубаторлардың республикалық байқауына құжат қабылданды. Талапқа сай болған 10 бизнес-инкубатордың арасынан үздік үштік таңдалып, олармен келісімшарт жасалмақшы. Бизнес-инкубаторлар айналасына стартап жобаларды шоғырландырады, ал біз оларға қаржылылық және әдістемелік қолдау көрсетеміз", – деді директор.

Нұрлан Байженовтің айтуынша, үкімет үш жыл қатарынан бизнес-инкубаторлардың операциялық шығыстарының 50%-ын өтеп отырады.Дегенмен бұл жерде шектеу бар.

"Жеңімпаз бизнес-инкубаторларға жылына 35 млн теңгеден артық ақша бөлінбейді. Жеңімпаз деп танылған бизнес-инкубаторға мемлекеттен ай сайын 6 млн теңге беріледі. Бұл ақша операциялық шығыстарды жабуға жұмсалады. Бизнес-инкубаторлардың қызметі жұмыс тиімділігі арқылы бағаланып отырады. Көрсеткіш ойдағыдай болмаса, келісімшарт бұзылып, игерілмеген қаржы мемлекетке қайтарылады", – деді ол.

"Қазақстан маңызды қадам жасап отыр"

Ресей Федерациясы интернет бастамаларды жүзеге асыру қоры аймақтық жобасының менеджері Михаил Шатров осылай деді. Ол байқау комиссиясының құрамына тәуелсіз сарапшы ретінде енген.

"Біз Ресейдің венчурлық компаниясының өкіліміз. Біздің компания технологиялық жобаларға қолдау көрсету ісімен айналысады. Жылына 1 мыңға жуық жобаға қолдау көрсетеміз. Олардың ішінде идеядан іске көшіп жатқан немесе бастаған кәсібінің жемісін жеп, миллиондаған қаржы айналдырып отырған кәсіпкерлер бар. Біз аймақтардағы стартап жобалардың дамуына ықпал етіп, бизнес-инкубаторлар мен технопарктерде және IT парктерде жүзеге асырылып жатқан стартап жобаларға серпін береміз. Қазақстан инновациялық бизнеспен айналысатын шағын және орта бизнес өкілдеріне экожүйе қалыптастыру арқылы ұлттық экономикасын алға ілгерілетуде маңызды қадам жасап отыр Себебі қазір әлемнің барлығы дәстүрлі экономиканы инновациялық экономикамен ұштастырып жатыр. Әлем елдері мемлекетті бақылаушы ретінде қалдырып, инновациялық бизнеске жеке тұлғаларды шақырып жатыр", – деді шетел азаматы.

Өз кезегінде байқау комиссиясының құрамындағы тәуелсіз сарапшы, BDC холдингінің негізін қалаушы, беларустық Олег Кондрашов мемлекет бизнес-инкубаторға қолдау көрсеткенде ғана стартап жобалардың тынысы ашылып, жүрісі түзелетінін жеткізді.

"Менің білуімше, бұған дейін Қазақстан стартап жобаларға дәл қазіргідей ерекше көңіл бөлген жоқ. Негізі кез келген бизнес бастаманы жөргегінен аялап, жөргегінен мәпелеу керек. Ол сонда ғана өсіп, өніп, жемісін жегізеді", – деді тәуелсіз сарапшы.

Бизнес-инкубаторлардың байқауына BeInTech компаниясының негізін қалаушы Бағдат Мусин үміткер ретінде қатысты. Ол аталмыш компания BI Group компаниясының негізінде құрылғанын тілге тиек етіп, құрылыс индустриясы саласындағы мәселелерді шешуді мақсат тұтатындарын жеткізді.

"2020 жылы құрылыс саласындағы қаржы айналымы әлем бойынша 10 трлн долларды құрайды. Осы уақытта стартап жобалар ерекше қажет болады. Бүгінгі таңда BeInTech компаниясы 15 стартап жобаға қолдау көрсетіп отыр", – деді Бағдат Мусин.

Сөз арасында ол BeInTech компаниясы"АҚШ компанияларының өкілдігін ашқанын айтты.

"Акселератор-инкубатор моделі бойынша Қазақстан атынан АҚШ-та жұмыс істейін деп отырған алғашқы компаниямыз. Үкімет бізді қолдайды, ал біз міндетімізді мінсіз атқарып шығамыз деп үміттенеміз", – деді BeInTech компаниясының өкілі.

Қарағандылық кәсіпкер, "Зымыран" бизнес-инкубаторының иесі Мәди Сатыбалдинов abctv.kz тілшісіне инновациялық бизнесті дамытқан мемлекет өркениет көшінен қалмайтынын баяндады.

"Инновациялық экономикаға ұмтылған ел жеке сектормен ықпалдасып, ынтымақтасып жұмыс істейді. Яғни, екеуі бір біріне көмек көрсетеді. Үкімет қаржыландырады, ал бизнес-инкубатор стартап жобаны жетілдіреді. Нәтижесінде қоғамға, экономикаға пайдалы іс атқарылады. Байқауға үкіметтің қолдауы арқылы жас кәсіпкерлерге қол ұшын берейік деген ниетпен қатысып отырмыз", – деп қорытты сөзін Мәди Сатыбалдинов.

Қанат Махамбет

Telegram
БІЗДІҢ ТЕЛЕГРАМ АРНАМЫЗҒА ҚОСЫЛЫҢЫЗ Ең соңғы жаңалықтар осында
Жазылу
Telegram арнамызға жазылыңыз! Жаңалықтар туралы бірінші біліңіз
Жазылу