Бизнес жаңа Үкіметке жаңа талап қойды

3644

Бұрынғы Үкімет басшысы мен қаржы және экономика министрлерінің орнынан кетуіне не себеп болғаны анықталды. 

Бизнес жаңа Үкіметке жаңа талап қойды Фото: canva.com

Сарапшылар "бюджеттің жыртығы" немесе "тесік бюджет" ("дыра в бюджете") сияқты көркем ұғымдарды қолданады. Алайда қазіргі кезде республикалық бюджеттегі тесік тұтас үңгірге айналды: соңғы 5 жыл ішінде бюджет тапшылығы 11 триллион (!) теңгеден асып кетті.

Мемлекет басшысының байламынша, бұған бюджет және салық саясатының тиімсіздігі айыпты. Сондықтан бюджетті тиімді басқару және оның өлшемдерін неғұрлым дұрыс болжау – жаңа Үкіметтің алдында тұрған басты міндеттердің бірі болады.

Әлихан Смайыловтың Үкіметі ел қазынасындағы үңірейген құрдымды кәсіпкерлер есебінен жаппақ болды. Мәселен, Ұлттық экономика министрлігі бюджет түсімдерін арттыру үшін қосылған құн салығын (ҚҚС) күрт өсіруді ұсынды. Мұнда Үкіметтің экономистерінің дәйектемесі мығым еді: олар еліміздегі осы салықтың көлемі тым аз екенін алға тартты.

"Қазақстандағы ҚҚС мөлшерлемесі әлемдегі ең төмен ставкалардың бірі болып табылады және ол – 12% ғана. Салыстырсақ, көрші Ресейде, Беларусьте, Арменияда 20% қосылған құн салығы жиналады. Ал ЭЫДҰ-ға мүше дамыған елдерде – 27%-ға дейін жетеді. Оның үстіне Қазақстанда салықтың жиналуы да төмен деңгейде", – деді министрліктің сарапшылары.

Тәуелсіздіктің алғашқы жылдарында Қазақстанның өзінде ҚҚС ставкасы 28% болған.

"Жылдар өткен сайын ол мөлшерлеме біртіндеп төмендеді. Ақыры 12%-ға түсті. Мемлекет экономикадағы тауарлардың, жұмыстардың, қызметтердің "көлеңкелі" айналымын қысқарту үшін соған барды. Көлеңкелі экономика кемісе, салық жинау деңгейі артады деп сенді. Ал әлемдік тәжірибе басқа жолмен кетті: тек әлеуметтік маңызы бар және "сезімтал" тауарлар үшін сараланған, дифференциялды ставкалар қолданылады", – деп түсіндірді ведомство.

Бірақ бұл ұсынысқа бизнес қауымдастық өре түрегеліп, қарсы шықты. Бұл дау-жанжал Президентке жетіп, оған ұнамаған көрінеді. Бір апта бұрын, биылғы 7 ақпанда өткен Үкіметтің кеңейтілген отырысында Қ.Тоқаев мұндай ұсынысты қатаң сынға алды. Сарапшылар Ұлттық экономика министрі Әлібек Қуантыровтың және Қаржы министрі  Ерұлан Жамаубаевтың, тіпті Премьердің орынтақ-креслоларынан айрылуына бұл бастама да ықпал еткенін айтады.

Мемлекет басшысы Үкіметтің онсыз да барлық проблемасын бизнес есебінен шешіп отырғанын бетіне басты. Мәселен, Қаржы министрлігі бюджеттің былтырғы кіріс жоспарын алдын ала төленген осы жылдың салықтары есебінен толтырғаны әшкереленді. Яғни, былтырғы бюджеттің жыртығын жамау үшін Жамаубаевтың командасы кәсіпкерлерді 2024 жылы төленуге тиіс салықтарын аванспен алдын ала, 2023 жылы төлеп тастауға мәжбүр еткен.

Сонымен қатар шетелге өнім шығаратын экспорттаушыларымызға 600 миллиард теңге көлемінде қосылған құн салығын кері қайтару да кейінге шегеріліп, уақытша тоқтатылған. Осы арқылы бюджет тапшылығы азайтылды. Басқаша айтқанда, көрпесіне қарай көсілмеген мемлекет бюджеттің проблемаларын бизнестің айналымдағы қаражаты есебінен шешті.

Енді келіп, бизнеске түсетін салық ауыртпалығын одан әрі арттырмақшы болды.

Президент жаңа Үкіметке: "қосылған құн салығын қазіргі 12 пайыздан 16 пайызға дейін көтеру – қордаланған жүйелі мәселелерді шешпейтінін" қадап айтты. Қ.Тоқаевтың пайымдауынша, Қазақстанда ҚҚС-тің түпкі мәні бұрмаланып, өзгеріп кетті. Сондықтан оның өзін реформалау қажет.

Себебі, әу баста ҚҚС отандық экспортты ынталандыру үшін енгізілді: республикада табысы 20 мың АЕК-тен немесе 153,1 мың доллардан асатын барлық бизнес субъектісі мемкірістер органдарында "ҚҚС төлеуші" ретінде тіркеуге қойылады.

Ал егер ол өз өнімін жаһандық нарықтарға экспортқа шығарса, төлеген қосылған құн салығы өзіне қайтарылады. Сөйтіп, ҚҚС тек ішкі нарықпен шектелмей, әлемдік "қара базарды" игеріп, Қазақстанда жасалған өніммен жаһанды жаулап, мемлекеттің беделін арттырған, экономиканы көтерген компанияларға қосымша қолдау болады.

Алайда билік бұл тетікті тек бюджетті толтыру үшін ғана пайдаланады, экспорттаушыларға тиесілі ҚҚС-ын уақытында қайтармады, кейбір кәсіпорын сол үшін жылдап соттасып жүрді. Бұл отандық өнімдердің экспортына соққы болды, кәсіпорындардың айналымдық қаражатын кемітті.

ҚҚС-ты арттыруға "Атамекен" ұлттық палатасы да, Парламент депутаттары да қарсы шықты. Олардың дәйектеуінше, қосылған құн салығын көтеру кәсіпорындарды оны төлемеудің жолын іздеуге, мысалы, бизнесті бөлшектеуге итермелейді. Салдарынан, көлеңкелі экономиканың үлесі артады. Сонымен қатар инфляцияның өсуіне соқтырады: өскен салықты кәсіпкерлер өнімін ары қарай қымбаттату арқылы тұтынушыларынан өндіртіп алады. Әрі елде газ, жанар-жағармай ары қарай қымбаттайды. Бұл Қазақстанды қаңтар оқиғаларындай әлеуметтік шиеленіске арандатуы мүмкін.

Президенттің өзі бұл қадам еліміздің инвестициялық тартымдылығына да кері әсер етуі мүмкін екенін ескертті.

Осыдан кейін жаңа Үкіметтің басшысы Олжас Бектеновтің: "Қосылған құн салығының ставкасы көтерілмейді!" деп жариялаудан басқа амалы қалмады.

Оның үстіне жаңа Қаржы министрі Мәди Такиевтің мәліметінше, 2024 жылғы қаңтарда мемлекеттік бюджетке шамамен 1 триллион теңге кіріс түсіп, жоспар 111,5%-ға орындалды. Соның ішінде республикалық бюджет – 521 млрд теңгеге, жергілікті бюджеттер – 526 млрд теңгеге толықты.

Мемлекеттік бюджет шығыстары керісінше, небары 96,9%-ға ғана игерілді. Демек, қаржы артылып қалып тұр.

Олжас Бектенов Премьер-министр ретіндегі ұстанымын жеткізді: ол "қуатты әрі бәсекеге қабілетті бизнес – табысты экономиканың маңызды бір факторы" деп санайды. Сондықтан кәсіпкерлікті дамыту және қолдау – Үкіметтің басты міндеттерінің бірі болмақ.

"Жоғары деңгейде өңделген өнім шығаруға, сондай-ақ шығарылатын өнімнің экспорттық әлеуетіне басымдық берілуі қажет. Қаржылай қолдау өндірістің технологиялық күрделілік деңгейіне байланысты көрсетілуі керек. Яғни, өндіріс неғұрлым күрделі, технологиялар кеңінен қолданылатын болса, кредит ставкасы соғұрлым төмен болуы немесе кредит мерзімі ұзағырақ болуы керек", – деді ол.

Үкімет басшысының пікірінше, отандық бизнеске қаржыландыру қолжетімді болуға тиіс. Соның ішінде бюджеттен басқа көздерді пайдаланып, кепілдік беру тетіктерін кеңейту қажет. Бұл жергілікті кәсіпорындарға шетелдік жеткізушілермен тең бәсекелесуге мүмкіндік береді.

Орта бизнесті дамытуды қолдау үшін Бектенов мемлекеттік қолдау жүйесін қайта қарап, өндірісті 2-3 есе кеңейткісі келетін барынша табысты орташа кәсіпорындармен келісімдер жасауды жеделдетуді тапсырды.

Ал жаңа қаржы және экономика министрлері енді ҚҚС-ты көтеремін деп ауыздарын да ашпауға тиіс.

"Кеңейтілген отырыста Мемлекет басшысы былтыр бизнеске 600 миллиард теңгеге жуық қосымша құн салығы қайтарылмағанын атап өтті. Сонымен қатар шұғыл шығындарды қаржыландыру үшін бюджетке 2024 жылғы төлемдермен аванс берілген. Бұл дұрыс жоспарламаудың салдарынан орын алған, 2023 жылы түсуге тиіс болған кірістер жоспары асыра бағаланды. Мұндай тәжірибе қайталанбауға тиіс", – деді Премьер.

Осыған байланысты Бектенов қосылған құн салығының ставкасы көтерілмейтінін айтты.

"Мемлекет басшысының тапсырмасына сәйкес, қосылған құн салығының ставкасы көтерілмейді. Бюджет кірісін толықтырудың басқа жолдарын іздеуіміз керек. Ұлттық экономика және Қаржы министрліктері республикалық бюджеттің шығыстарын да, кірістерін де сапалы жоспарлауды қамтамасыз етуі қажет. Мұнда ең алдымен цифрландыру есебінен салықтық және кедендік әкімшілендіруді жетілдіру бойынша пәрменді шаралар қабылдау маңызды", — деді Олжас Бектенов.

Оның сендіруінше, бюджеттің тапшылығы – жалпы қаржылық тәртіпті күшейту, өнімсіз, нәтижесіз шығыстарды жою және мемлекеттік бюджет шығыстарының тиімділігін арттыру арқылы шешіледі.

Бұл жаңалықты бизнес орта қуана қарсы алды. "Тәбет ас үстінде келеді" дегендей, енді бизнес қауымдастық Үкіметке ҚҚС-ты керісінше 10%-ға дейін төмендетуді ұсынды. Олар ұлттық палата және Парламент арқылы осы идеяны ілгерілетуге күш салуға ниетті.

Кәсіпкер, блогер Шолпан Әлидің айтуынша, Президенттің салықты көтермеу туралы шешімі бизнестің алаң көңілін орнына түсірді.

"Үкіметтегі бизнестің үреуін ұшырған тұлғалардың бәрі орнынан алынды. Ендеше жаңа Үкіметте өз проблемаларын бизнестің есебінен шешуге, сол үшін салықты көтеруге ынтығатын адам қалмады дегенге сенгіміз келеді. Сарапшылар, кәсіпкерлер түрлі жұмыс топтарында ҚҚС-ты көтеру онсыз да жеңілдіктермен, артықшылықтармен мәпеленбеген отандық бизнесті құртып тынатынын бұрынғы Үкіметтің өкілдеріне бірнеше рет түсіндіруге тырысты. Түсінбеді. Биліктен қысастық көбейгендіктен, қолдау болмағандықтан өндірістер жабылуда. Инвесторлар теріс айналып, кетіп қалуда. Қазақстанда бизнес жүргізуден түңілген адам көп", – деді сарапшы.

Бизнес "жаңа Үкімет көзбояушылыққа салынбай, отандық кәсіпкерлікке қамқорлық жасаудың жаңа шараларын шындап қолға алады", ал мемлекеттік қолдау мен бюджетті толтыру арасында ақылға қонымды теңгерім-балансты табады деп үміттенеді.

Telegram
БІЗДІҢ ТЕЛЕГРАМ АРНАМЫЗҒА ҚОСЫЛЫҢЫЗ Ең соңғы жаңалықтар осында
Жазылу
Telegram арнамызға жазылыңыз! Жаңалықтар туралы бірінші біліңіз
Жазылу