Бизнес субьектілерінің 66 млрд теңгеге жуық қарызы бар

12799

Кәсіпкерлердің 35%-ы қызметкерлерін қысқартып жатыр. 

Бизнес субьектілерінің 66 млрд теңгеге жуық қарызы бар

Пандемияның салдарынан соңғы 5 айда 838 мың бизнес субьектісінде жұмыс істейтін 1 млн 357 мың адам түрлі қиындықты бастан кешіріп жатыр. Шектеу шаралары олардың барлығын тығырыққа тіреп тұр. Бұл туралы "Атамекен" ұлттық кәсіпкерлер палатасының басқарма төрағасы Абылай Мырзахметов facebook әлеуметтік желісіндегі жеке парақшасында өткізген тікелей эфирде  айтты. 

"Кәсіпкерлердің 35%-ы қызметкерлерін қысқартып жатыр. Олардың арасында несиесін, салығын төлей алмай, банкротқа ұшырап жатқандары да бар. Карантин мерзімінің ұзартылуы кәсіпкерлердің жағдайын қиындата түсті. Дегенмен елдегі санитарлық-эпидемиологиялық жағдай жақсарып келеді. Осыны түсініп, біз мойнымызға үлкен жауапкершілік алдық. Қазір барлық міндетті билікке жүктеп, оған қарсы сын айтып, қарап отыруға болмайды. Сол үшін санитарлық талап енгізу барысында кәсіпкерлердің де мүддесі ескерілуге тиіс деген бастама көтердік. 4 тамызда еліміздің бас санитарлық дәрігерінің бұйырығы шығады. 5 тамыз күні халыққа қызмет көрсететін барлық салаларға қатысты санитарлық талап бекітіледі. Бұған дейін уақыт өткізбеу үшін "Атамекен" ұлттық кәсіпкерлер палатасының info Kazakhstan атты цифрлық платформасын қолға алдық. Аталмыш платформа арқылы барлық санитарлық-эпидемиологиялық талапты орындауға келісім берген кәсіпкерлерге қызметін жалғастыруға электронды рұқсат беріледі. Цифрлық платформа 5 тамыз күні таныстырылады", – деді басқарма төрағасы.

Абылай Мырзахметовтің мәлімдеуінше, қызметі уақытша тоқтап тұрған кәсіп иелерінің 66 млрд теңгеге жуық қарызы бар. Оларға көмек көрсету үшін жалға алу ақысы мен коммуналдық төлем төлеу мәселесін шешу қажет. 

"Күзде пандемияның екінші толқыны болады деген болжам бар. Келесі жылдың көктеміне дейін пандемия болса, қиыншылық кетпейді. Алайда қол қусырып, үрейленіп отыруға болмайды. Әрекет етіп, нақты шешім қабылдау қажет. Біз кәсіпкерлерге жеңілдік жасау мәселесін бұған дейін де күн тәртібіне қойғанбыз. Осы жолғы ұсынысымызды үкімет мақұлдады. Жалға берушілер мен жалға алушылардың мәселесіне еркше назар аударылады. Мәселе өтемақы, субсидия немесе төлем мерзімін шегеру түрінде шешіледі. Бұл туралы 5 тамыз күні мәлімдейміз", – деді Абылай Мырзахметов.


Біздің Telegram каналымызға жазылыңыздар! 

Қанат Махамбет 

Telegram
БІЗДІҢ ТЕЛЕГРАМ АРНАМЫЗҒА ҚОСЫЛЫҢЫЗ Ең соңғы жаңалықтар осында
Жазылу
Telegram арнамызға жазылыңыз! Жаңалықтар туралы бірінші біліңіз
Жазылу