Бизнес туризмді дамытуға жеңілдік сұрап отыр

12936

Еліміздің туристік саласы 2018 жылдың алғашқы жартыжылдығында 20 млн доллар кері сальдо көрсетті.

Бизнес туризмді дамытуға жеңілдік сұрап отыр

Өңірлік кәсіпкерлер палатасында Түркістан облысы мен Шымкентте туризмді дамытудың келешегі талқыланды. Шараға Шымкент қаласы мен Түркістан облысы туризм басқармасы, "Ontustik Tourism Center" туристік-ақпараттық орталығы, Азия даму банкі, "Қазавтожол ҰК" АҚ өкілдері, сонымен қатар өңірде туризмді дамытып жатқан кәсіпкерлер қатысты.

Туризм мен саяхаттың бәсекеге қабілеттілігі көрсеткіші бойынша Қазақстан қазір әлем бойынша 81-орында тұр. Посткеңестік елдер ішінде ең жақсы көрсеткіш Эстонияға тиесілі. Ол 136 елдің ішінде 37-орында тұр. Көрсеткіш 14 критерий негізінде анықталады. Оның ішінде туристік саланың басымдығы, халықаралық ашықтық, баға деңгейі, туристік қызмет көрсетудің сапасы, әуе, жер және су көлігінің инфрақұрылымы, табиғат ресурстары, денсаулық және гигиена, бизнес орта, қылмыстық деңгей және тағы да басқа критерийлер бар. Табиғат ресурстары бойынша алып қарайтын болсақ, Қазақстанда табиғаты тамаша көрсететін жер жетерлік. Көрікті жерлердің ішінде ең басты мүмкіндік – жақында құрылған Түркістан облысы мен облыс орталығы – Түркі әлемінің рухани астанасы саналатын ежелгі Түркістан қаласында. Ал қалған критерийлерді айтуға келмейді. Баға өсіп жатыр, сервис те мәз емес, кейбір тамаша табиғат нысандарына барар жол мүлдем жоқ десе де болады. Сонымен қатар туристерге Қазақстанға ұшып келу де оңай емес, көрші елдер арқылы ұшып келетін болса, қалталары біраз қағылады.

Сонымен қатар "Kazakh tourism ҰК" АҚ басқарма төрағасы Рашид Күзембаев атап кеткендей, елдегі туристік сала 20 млн долларға кері сальдо көрсеткен. Басқа елдің туристерінің бізге шашқан ақшасына қарағанда, қазақстандықтардың басқа елге шашып келген ақшасы 20 млн доллардан көп болып отыр. Бұл ретте ұлттық оператор 2018 жылдың алғашқы жартыжылдығындағы көшпелі туризм мен ішкі туризмді былтырғы жылдың сәйкес кезеңіндегі көрсеткіші арасындағы өсімді есептеген.  

Көшпелі туризм 22%-ға өсіп, 4,1 млн адам болған. Ал ішкі туризм 7%-ға өсіп, 2,6 млн адамды құраған. Алайда сарапшылар ел ішіндегі саяхат былтырғы жылы өткен ЭКСПО-ның әсері деп есептейді.

"Туристік ағынның өсуінде біздің де үлесіміз бар деп есептейміз. Жалпы елді танытуға қатысты жұмыстар жүріп жатыр. Бізге ҚТЖ сияқты ұлттық компаниялар қол ұшын созып, олардың алаңдарын роликтерді көрсету үшін пайдаланып отырмыз. Роликтерді өтеусіз "Kazakh tv" агенттігі ұсынды. Қазір барлық ірі облыс вокзалдарында роликтер көрсетіліп жатыр, ал Тальго пойыздарында "Kazakh tv" бағдарламалары контентке қосылған. Сонымен қатар еліміздің 260 ХҚКО-сында да роликтер көрсетілуде. "Эйр Астана", "СКАТ" және басқа авиатасымалдаушылар арқылы роликтерді көрсетпекшіміз. Сондай-ақ жыл соңына дейін "Евроньюс" телеарнасында Қазақстан туралы 260 ролик пен сюжет көрсетуді жоспарлап отырмыз", – деді "Kazakh tourism" ұлттық компаниясының басқарма төрағасы Рашид Күзембаев.

Осы арада форумға қатысып отырған кәсіпкерлер мемлекет тарапынан қандай да бір жеңілдіктер болмаса, туристік салаға ақша салу тиімсіз екенін тілге тиек етті. Кәсіпкер Сәкен Арапбаев Түркістан облысының ең көрікті тау қашықтықтарында орналастырғысы келетін 10 кемпингтік алаңды ұйымдастыру жобасын көрсетті. Мұндай кемпингте бір күн қону 3-5 мың теңгеден аспайтын болады. Жобаға салынатын қаражат 200 млн теңге.

"Туризмді дамыту туралы президенттің тапсырмасы, үкіметтің қаулысы бар. Елбасы Қырғызстан мен Түркияда болған кезде тағы осы туризмді дамыту жайлы сөз қозғады. Егер бізде көшпелі турзим кері сальдо көрсетіп отырса, ішкі туризм дамымаған болса, онда бізде теңгерім бар ма деген сұрақ туындайды. Одан да осы жерге, туристік нысандардың инфрақұрылымы мен құрылысына қаражат құю керек. Мемлекеттен заттай грант түріндегі көмек қажет. Мәселен, жер телімі немесе салықтан босату сияқты. Инвесторларды тек осылай ғана тарта аласың. Басқаша тарту мүмкін емес. Бірақ туризмде ешқандай жеңілдік қарастырылмаған", – дейді кәсіпкер Сәкен Арапбаев.

Ал жас стартапшы Арман болса ірі қалаларындағы қонақүйлері Еуропадан келген туристерге лық толы көрші Өзбекстанды мысалға келтірді. Тәшкент-Самарқанд-Бұхара сияқты үш қаланы аралау Еуропадан келген турист үшін шамамен 2 мың еуроға шығады. Ал сол туристі одан әрі қарай Қазақстанға әкелуге визалық режим кедергі болып отыр.

"Туристер Тәшкентке шетелден келуде, соларды үш күнге Оңтүстік Қазақстанға алып келгіміз келеді. Бірақ виза мәселесін қалай шешуге болады? Сонымен қатар Қазақстанға ұшу билеттерінің бағасы да қыруар ақша. Кез келген турист 5-6 сағат күтіп, ұшақтан-ұшаққа ауысып мініп жүргісі келмейді. Тікелей ұшатын әуе қатынасы керек", – деді жас кәсіпкер.

Қазір виза мәселесі шешіліп жатқаны, сонымен қатар өзбек әріптестермен трансшекаралық өнім жасалып жатқаны айтылды. Облыстағы туризм қауымдастығының басшысы өңірде шетелдік туристердің осындай ағынын қабылдау үшін ағылшын немесе неміс тілінде сөйлейтін гидтердің жетіспейтінін айтты. Қазір курстар арқылы көптілді гидтер дайындалып жатыр. Бірақ та оның саны әлі жеткіліксіз. Оған қоса, туристік автобустарды да стандартқа сай ету қажет. Ең басты мәселе –жол бойындағы сервисті ретке келтіру. Мысалы, Шымкент – Түркістан жолындағы дәретханалардың жағдайы жайлы суреттер мен бейнероликтер әлеуметтік желіде қаптап жүр.

Өңірдегі есу және су спорты қауымдастығының президенті Денис Жарменов Шымкент қаласының маңындағы Бадам өзеніндегі ескек есу арнасының эксиздік жобасын таныстырды. Оның айтуынша, бұл жер спортшыларға арналған ыңғайлы оқу-жаттығу және жарыс полигонымен қатар, қала тұрғындарының демалатын орны бола алады. Ол үшін бұл жерге қонақүйлер, саябақ, жүгіру және велосипед жолын, жағажай мен бассейндер салу керек. Ең бастысы ескек есу арнасы қалаға мыңдаған туристі тартуға тиіс деп отыр бизнесмен.

"Қорыта айтар болсақ, жобаны іске асыру біздің қалаға туристерді тартуға қосымша қарқын береді. Әлемдік чемпионттар мен әлемдік кубок, Азия чемпионатын өткізуге болады. Есу спорты 100-деген елде дамып жатыр.  Жарыстар өткізетін болсақ, әр 100 елден кем дегенде 30-40 адам келеді. Жыл сайын жарыс өткізетін болсақ, қаншама туристі тартамыз. Осының арқасында көлік, мейрамхана, қонақүй сияқты барлық сала дамитын болады. Бұл жоба қымбат тұрады, сондықтан оны іске асыратын инвесторларды тартқымыз келеді", – деді Денис Жарменов.

Кезесуге қатысушылар ұсынылған бизнес-жобаларға баға берді. Дегенмен өңірдегі туризмді дамыту тұжырымдамасын іске асыруда Түркістанға ерекше мән беріледі. Ол Қазақстанның туристік нысандарының ондығына кірген. Сонымен қатар рухани астана ретінде өзінің тарихи бейнесін сақтап қалуға тиіс.

Мира Бахытова, Шымкент

Telegram
БІЗДІҢ ТЕЛЕГРАМ АРНАМЫЗҒА ҚОСЫЛЫҢЫЗ Ең соңғы жаңалықтар осында
Жазылу
Telegram арнамызға жазылыңыз! Жаңалықтар туралы бірінші біліңіз
Жазылу