Бизнес үшін қуатты жеңілдіктер келе жатыр

Бақыт Көмекбайұлы Бақыт Көмекбайұлы
1750

Еуразиялық одаққа кіретін бес ел "толғатып" туған ортақ "перзент" Қазақстанда заңдастырылуға бет алды. 

Бизнес үшін қуатты жеңілдіктер келе жатыр

Ел үкіметінің бүгінгі отырысында "Қазақстан Республикасындағы кедендік реттеу туралы" жаңа кодекс жобасының тұсауы кесілді.

Ұлттық экономика министрі Тимур Сүлейменовтың айтуынша, соңғы үш жыл бойы еуразиялық экономикалық комиссия алаңында еуразиялық экономикалық одақтың жаңа Кеден кодексін қалыптастыру бойынша үлкен жұмыс атқарылған. Енді бұл кодексті одаққа кіретін бес мемлекеттің әрқайсысы жеке-жеке ратификациялап шығуы қажет. Әйтпесе, ол өмірге "тәй-тәй" басып кете алмайды.

"Одақтың жаңа кодексі бойынша жұмыс мемлекеттік органдар мен бизнес қауымдастығы өкілдерінің қатысуымен жүргізілді. Бұл жұмыс бірінші кезекте әкімшілік жүктемені азайтып, бизнеске уақыт, қаражат, құжаттар бойынша үш негізгі шығындарын қысқарту үшін қолдау көрсетуге бағытталған", – деді министр.

Тимур Сүлейменов еліміздің бас экономисі лауазымын иеленгенге дейін еуразиялық одақтың басты органында Қазақстан атынан өкілдік етіп, осы ортақ құжатты дүниеге әкелу кезінде қазақ елінің мүдделерін қорғауға жауапты болғаны мәлім. Бұл ретте мысалы, Беларусь басшысы бұл құжат бойынша келісімге қол қоюдан да біразға дейін бас тартқаны мәлім. Біздің келіссөзшілер де солай қиқарланбағанымен, Ресей ұсынғанның бәріне бас шұлғи бермепті. Мұны Тимур Мұратұлы айтты: тек соңғы мемлекетішілік келісу нәтижелері бойынша Қазақстан Мәскеуге 552 түзетулер жолдапты. Енді қараңыз: ЕАЭО-ға кіретін барлық бес мемлекет жіберген түзетулерінің жалпы саны 1 472 болған. Яғни, оның үштен бірінен астамын Қазақстан жолдап отыр. Олардың 65%-ы қолдау тапқан. Осылайша, одақтың ортақ Кеден кодексі "қазақша кейіпке көбірек ұқсайды" деген үміт бар. Айтқандай, бұл қазақстандық кәсіпкерлердің және "Атамекен" ұлттық палатасының табанды әрекеттері мен қажырлы еңбегінің арқасы.

"Ағымдағы жылғы 11 сәуірде еуразиялық экономикалық одақтың Кеден кодексі туралы шартқа қол қою рәсімі аяқталды. ЕАЭО елдері енді құжатты ратификациялау рәсімдерін бастады. Жаңа Кеден кодексі еуразиялық экономикалық комиссия барлық қатысушы бес елден шартты ратификациялау туралы хабарламаны алғаннан кейін күшіне енеді", – деді министр.

ЕАЭО-ның Кеден кодексі – одақтың нормативтік құқықтық базасының негізгі құжаттарының бірі. Басқаша айтқанда, одақ аясында ұлтүстілік ортақ заң пайда болды. Бұдан былай бес елдің ұлттық заңнамалары осыған бағынатын болады.

ЕАЭО Кеден кодексі 350-ден астам ұлттық заңнаманың құзыретін қамтиды.

Жаңа құжат сонымен қатар, кезінде "Кеден одағы" мен "Бірыңғай экономикалық кеңістік" атты экономикалық интеграциялық бірлестіктердің шарттық-құқықтық базасын қалыптастыру кезінде жасалған кедендік реттеу мәселелері бойынша бірқатар халықаралық келісімдерді де толық ауыстырады.

Сонымен, бұл жаңа тұрпатты кодекс не өзгеріс әкелгелі тұр?

Ұлттық экономика министрі еліміздің қолданыстағы ұлттық кеден заңнамасын одақтық кодекске сәйкес келтіру мәселесі туындағанын айтады. Осы мақсатта министрлікте 8 ай бойы Тимур Сүлейменовтың басшылығымен жаңа Кеден кодексін әзірлеу бойынша жұмыс тобы жұмыс атқарған. Бұл жұмыстың қорытындысын ол бүгінгі үкімет отырысында әріптестерінің назарына ұсынды.

Тимур Мұратұлы жаңа кодекстегі жаңашылдықтар қатарында "кедендік реттеуге түбегейлі жаңа көзқарасты – кедендегі бизнес-процестерді автоматтандыруды" атады. Әрі бұл – Қазақстанның көзқарасы. Әйтпесе, Ресей "без бумашки ты букашка" дегенді заңдылыққа айналдырған кеңестік жолмен ары қарай тарта беруге, яғни бюрократиялық қағазбастылықты сақтауға құмбыл болыпты. Бұл әрине, біздің кәсіпкерлер үшін тиімсіз еді.

"Электронды декларациялау басымдығы енгізілуде. Яғни, декларациялау электронды түрде жүргізіледі. Бұл жағдайда қандай да бір растаушы құжаттарды қоса беру қажет емес. Барлық қажетті мәліметтер декларацияның өзінде көрсетіледі. Жекелеген жағдайларда ғана, мысалы, техникалық ақаулар туындаған кезде қағаз түрінде декларациялау қолданылады. Сонымен қатар жобада "бірыңғай терезе" тетігін қолдану мүмкіндігі қаланған. Енді әрі кеден органдары ақпараттық өзара әрекеттесу шеңберінде мемлекеттік органдардың ақпараттық жүйелерінен алынуға болатын құжаттарды декларанттан сұратпайтын болады", – деді Тимур Сүлейменов.

Оның түсіндіруінше, осы екі ережені жүзеге асыру тауарларды автоматты түрде шығаруға мүмкіндік туғызады. Яғни, кеден органдарының ақпараттық жүйесі, егер ықтимал бұзушылықтар анықталмаған болса, декларацияны лауазымды тұлғалардың қатысуынсыз шығарады. Осы ережелер декларациялау үрдісін жеңілдетіп, одақ көлеміндегі сыбайлас жемқорлық тәуекелдерін азайтуға мүмкіндік береді деп күтілуде.

Жалпы, еліміз осы құжат арқылы кәсіпкерлердің одақ кеңістігіндегі қимылына кең өріс ашуға мейлінше тырысты.

"Ақпараттық технологияларға баса көңіл аударудан басқа, кодексте сыртқы экономикалық қызметке қатысушылар үшін өз шығыстарын оңтайландыруға жағдай туғызатын бірқатар мүмкіндіктер пайда болды, мысалы, кедендік баждар бойынша төлеуді кейінге қалдыру көзделген.

Егер қандай да бір себептермен декларант кедендік баждар бойынша бюджетпен бірден есеп айырыса алмаса, онда пайыздар төлей отырып, бір айға кейінге қалдыруды пайдалану құқығын мемлекет береді. Жекелеген жағдайларда пайыздарды төлемей алты айға дейін бөліп төлеу ұсынылады. Бұл, мысалы, халықаралық шарттар шеңберінде жеткізілімдерді жүзеге асыру кезінде, ауыл шаруашылығы техникасын, егін жұмысының материалдарын, асыл тұқымды жануарларды әкелу кезінде, дүлей зілзала, технологиялық апат немесе өзге де еңсерілмейтін күш жағдайлары нәтижесінде төлеушіге залал келтірілген кезде бөліп төлеу ұсынылады", – деді министр.

Бұған қоса, "постфактум" кедендік тазалау режимі бойынша шығарылатын тауарлар тізімі кеңейтілді. Бұл декларацияны кейіннен, келесі айдың 10-шы күнінен кешіктірмей беру және кедендік баждарды төлеу міндеттемесімен, өтініш негізінде тауарларды еркін айналымға жіберуге мүмкіндік береді. "Постфактум" кедендік тазалау режімі еркін қойма, еркін кедендік аймақ, кеден аймағында өндеу кеден рәсімдеріне орналастыратын тауарларға, сонымен қатар инвесторлар мен уәкілетті экономикалық операторларға қатысты болады.

Сондай-ақ, декларантты әкімшілік жауапкершіліктен босату жағдайлары кеңейтілді. Мысалы, егер "хабарлама табыс етілген кезден бастап, 30 жұмыс күні ішінде бұзушылықтарды өз бетінше жойса", "кеден органының мұндай бұзушылықтарды анықтауы нәтижесінде 500 айлық есептік көрсеткіштен аспайтын мөлшерде қосымша үстеме есепті 1 жұмыс күні ішінде ерікті түрде төлеген жағдайда" және басқа да жағдайларда компания әкімшілік жауапкершіліктен босатылады.

Сондай-ақ Қазақстанның транзиттік әлеуетін дамыту мақсатында кодекс кедендік операцияларды оңтайландыру бойынша ережелерді қамтиды. Қолданыстағы кодексте транзитті 24 сағат ішінде аяқтау қарастырылған, жаңа кодексте болса рәсімді аяқтау үшін жұмыс уақытының 4-ақ сағаты берілген. Сонымен қоса, егер транзиттік жүктерді кедендік тексеру талап етілген жағдайда оларды жүргізу мерзімі 10 күннен 5 күнге қысқартылды. Тауарларды авиакөлікпен тасымалдаған жағдайда кепілдік беру қажеттілігі жойылды.

"Тауарларды екі немесе одан көп көлік түрлерімен тасымалдаған жағдайда транзитті рәсімдеу айтарлықтай қиындықтар туғызатын. Өйткені әр көлік түріне жеке транзиттік декларация рәсімделеді. Жаңа кодексте бір транзиттік декларация ұсыну мүмкіндігі берілді, бұл мультимодальды тасымалдауларды айтарлықтай жеңілдетті", – деді Тимур Сүлейменов.

Кеден органы қаржы министрлігінің құрамында екені мәлім.

Қаржы министрі Бақыт Сұлтановтың айтуынша, "тәуелсіздік жылдарында елімізде жинақталған ең озық құқық қолдану практикасы жаңа кодексте көрініс тауып" отыр.

"Кедендік әкімшілендіруді оңайлату жұмыстарына бизнес өкілдері белсенді қатысты. Оңайлатулар транзиттік операциялардан бастап, тауарларды шығарғаннан кейін бақылауды аяқтай отырып, кедендік әкімшілендірудің барлық салаларында орын алғанын атап айту қажет", – деді бас қаржыгер.

Ол да тауарларды декларациялау және шығару процесінің автоматтандырылатынын оң бағалап отыр.

"Тәуекелдер болмаған жағдайда ақпараттық жүйе кедендік декларациялар бойынша шешімді санаулы минуттарда қабылдайтын болады. Бұл ретте декларацияны қараудың ең жоғарғы мерзімі 1 жұмыс күнінен 4 сағатқа дейін қысқартылды. Мұндай жаңалық бизнестің шығындарын елеулі төмендетеді және тауарларды өткізу пунктер арқылы өткізуді жеделдетеді", – дейді Бақыт Тұрлыханұлы.

Жаңа кодекс жобасы шеңберінде қазақ-қытай шекарасында орналасқан "Қорғас" шекарамаңы ынтымақтастығы халықаралық орталығы" арнайы экономикалық аймағында кедендік операцияларды жасау мәселелері реттелген.

"Қорғас" ШЫХО аумағында шетелдік тауарларды декларацияламай және кедендік төлемдерді төлемей-ақ тұтыну мүмкіндігіне жол берілді. Бұл қызмет көрсету және қоғамдық тамақтандыру саласы үшін шетелдік тауарларды қосымша шығынсыз әкелуге мүмкіндік береді. Бажсыз сауда дүкендерінің жұмыс істеу мүмкіндігі ашылады, онда отандық, сондай-ақ шетелдік тауарларды жеке тұлғаларға бөлшек саудалап сатуды жүзеге асыруға болады, бұл "Қорғас" ШЫХО-ға туристік қызығушылықты жоғарылатады. Жаңа кодекс күшіне енген соң біз мемлекеттің және бизнестің өзара іс-қимылының жаңа деңгейіне шығамыз және сыртқы экономикалық қызмет одан да оңайландырылған және реттелген болады деп санаймыз", – деді қаржы министрі Бақыт Сұлтанов.

Жаңа құжатты отандық бизнес қауымдастығы оң қабылдауда.

"Атамекен" кәсіпкерлердің ұлттық палатасының басқарма төрағасы Абылай Мырзахметов бизнесті алаңдатқан біраз мәселе шешімін тапқанын айтады. Ол 2018 жылдың 1 қаңтарынан бастап, нағыз "революциялық деуге тұратын" жаңашылдықтар күшіне енеді деп күтеді.

"Декларантты жазаға тартпау жағдаяттарының саны елеулі түрде кеңейтілмек. "Қорғас" халықаралық орталығындағы қызметті реттеу бойынша да кәсіпкерлер біраздан мәселе көтеріп келе жатқан еді. Бұл мәселелер кодекстегі жаңа нормалар аясында шешіліп отыр. Ең бастысы және бизнестің көптен күтіп отырғаны, сөзсіз, электронды декларациялаудың басымдығы болып табылады. Кодексте қарастырылған 17 кедендік рәсімдердің барлығы енді автоматтандыру үдерісімен байланысты болады және рәсімдерден өту уақыты қысқарады. Бизнес үшін қуатты жеңілдіктер өмірге жолдама алғалы тұр", – деп бағалады Абылай Мырзахметов.

Жаңа кеден кодексінің жобасы үкіметтегі пысықтаудан кейін, алда парламенттің қабылдауына енгізіледі. 

Бақыт Көмекбайұлы

Telegram
БІЗДІҢ ТЕЛЕГРАМ АРНАМЫЗҒА ҚОСЫЛЫҢЫЗ Ең соңғы жаңалықтар осында
Жазылу
Telegram арнамызға жазылыңыз! Жаңалықтар туралы бірінші біліңіз
Жазылу