"Бизнеске арналған үкімет" ашылды

5134

Барлық ХҚКО-ларды біріктіретін "Азаматтарға арналған үкімет" мемлекеттік корпорациясы үлгісінде жаңа құрылым пайда болды.

"Бизнеске арналған үкімет" ашылды

Ол "Бизнеске арналған үкімет" деп аталмақ. Жобаның тұсауын президент Қасым-Жомарт Тоқаевтың өзі кесті.

Айта кету керек, бұл жоба алғашқы қадам ретінде Маңғыстау облысының кәсіпкерлер палатасы базасында жүзеге асырылып отыр және алда басқа да өңірлерге таратылады деп күтілуде.

"Атамекен" кәсіпкерлердің ұлттық палатасының басқарма төрағасы Абылай Мырзахметовтың түсіндіруінше, "Бизнеске арналған үкімет" аясында кәсіпкерлерге арналған барлық мемлекеттік қолдау шаралары да, мемлекеттік қызметтер де енді "бір терезе" қағидаты бойынша орталықтандырылған түрде бір жерден көрсетілетін болады.

"Яғни, бұдан былай әрбір кәсіпкер "Бизнеске арналған үкіметте" өз бизнесін дамыту, біліктілігін арттыру, қаржы көздеріне қол жеткізу мәселелері бойынша қызметтер мен кеңес-консультациялардың кең ауқымына қол жеткізе алады. Мұнда кәсіпкерлерге барлық қызметтерді бір жерден алу үшін барлық жағдайлар жасалады. Аса маңызды жаңалық сол, енді кәсіпкерлер туындаған мәселелерінің күрделілігіне және әртүрлілігіне қарамастан, тікелей қайда жүгінуі қажеттігін нақты білетін болады. "Бизнеске арналған үкімет" арқылы біз кәсіпкерлерге қызмет ететін бірыңғай хаб түземіз. Бұл тұтастай алғанда ел экономикасына оң ықпал етеді. Алда "Атамекен" осы жобаны еліміздің барлық өңірлеріне таратуды жоспарлап отыр", – дейді Абылай Мырзахметов.

Жаңа құрылым бес негізгі бағытты – қаржыландыру, өнім өткізу, цифрлық қызметтер, құқықтық сүйемелдеу және біліктіліктер бағыттарын қамтиды.

Тарата айта кетсек, бизнеске қызмет көрсету орталығының "Қаржыландыру" аймағында кәсіпкер "Атамекен" микроқаржы ұйымының, "Аграрлық кредиттік корпорациясының, "Даму" кәсіпкерлікті қолдау қорының, "Каспий" әлеуметтік-кәсіпкерлік корпорациясының және екінші деңгейлі банктердің кеңестерін және қызметтерін ала алады.

Ұлттық кәсіпкерлер палатасы басқарма төрағасының мәліметінше, алда бизнесті қолдаудың барлық шараларына ұдайы мониторинг жүргізіп, қолданыстағы қаржылық құралдардың бизнесмендерге қаншалықты тиімді көмектесіп отырғанын анықтау, сондай-ақ бизнес жүргізу жағдайларын жақсарту бойынша заңнамаға түзетулер пакетін әзірлеу жоспарланып отыр.

"Өткізу" аймағында кәсіпкер маркетинг, бухгалтерлік, экспорттық сүйемелдеу, мемлекеттік сатып алулар, CT KZ сертификаттарын алу бойынша кеңестерге қанығады.

Құқықтық сүйемелдеу секторында қолданыстағы заңнамамен танысуына, сонымен қатар бизнеске қатысты дау-жанжалдарын сотқа дейін тәртіппен шешуіне мүмкіндігі болады.

"Біліктіліктер" аймағында оқыту бағдарламалары мен жобалары туралы ақпараттар орналастырылады.

Цифрлық қызметтер аймағында бизнесмендер онлайн режимде өз беттерінше оқуына, 8 бағыт бойынша сервистік қызметтер алуына, өз жобаларын қаржыландыруға өтініш беруіне болады.

Айтқандай, мемлекет басшысына Маңғыстау өңірінде жүргізілген рейтингтің қорытындылары да таныстырылды. Абылай Мырзахметовтың түсіндіруінше, бизнес ашуға және жүргізуге қолайлы жағдайлар жасау бойынша жергілікті атқарушы органдардың жұмысының тиімділігін анықтау мақсатында әкімдіктерді рейтингтік бағалау енгізілген.

Осыған сәйкес, әкімдіктердің қызметі "жер ресурстары" (бекітілген бас жоспарлардың болуы, бос жер телімдері туралы ақпараттың ғаламторда орналастырылуы және басқалары), "рұқсат беру рәсімдері" (жобалардың келісілген эскиздерінің үлесі, техникалық шарттарды беруден бас тартулар саны, жобаларды келісімнен өткізудің орташа уақыты), "қаржыландыруға қол жеткізу" (бюджеттен және қаржылық институттар арқылы қаржыландырылған жобалар сомасы, т.б.), "Инвестициялар", "адами капитал" (жұмыспен қамту, дуальді оқытудың ендірілуі, кәсіби бағдарлау) секілді көрсеткіштер бойынша бағаланады.

"Бұл әрине, қызмет бағыттарының толық тізімін қамтымайды. Бірақ осының өзі меморгандардың бірінші басшылары мен әкімдердің кәсіпкерлікті дамыту мәселелеріндегі дербес жауапкершілігін күшейту үшін қажет. Дәл осы көрсеткіштер бойынша палатаның аудандық филиалдары директорларының жұмысы да бағаланатын болады", – дейді ҰКП басшысы.

Сарапшылардың айтуынша, "Бизнеске арналған үкіметтің" Маңғыстауда басталуы бекер емес. Бүкіл еліміздің ЖІӨ-сінің 6%-ын беріп отырған облыста мұнай өндірісі мен мұнай сервистік қызметтер шоғырланған. Бұл секторлардың әзірше негізінен, шетелдік жеткізушілер игілігіне айналып келе жатқан мол әлеуетін толық пайдаланса, өңір талай қазақстандық миллиардер кәсіпкерді шығаруға қауқарлы.

Облыста агроөнеркәсіптік кешен, логистика, құрылыс салаларында шағын және орта бизнес қарқынды дамуда. Маңғыстау әуе, автокөлік, теміржол, паромдық және теңіз көлік желілерін біріктіретін көлік-логистикалық орталыққа айналып келеді. Бұдан бөлек, туристік саланың даму келешегі де зор.

Бұлардың бәрінің жемісін отандық бизнес теруі үшін алдымен олар қолдау шаралары туралы ақпаратқа қанығып, қажетті қызметтерге қол жеткізулері керек. Жаңа жоба да осыны көздеуде. 

Маңғыстау облысы 2018 жылдың қорытындысында өнеркәсіптік өндірісінің үлесі бойынша елімізде екінші орынға көтерілді. Оның өндірістегі үлесі 10,7 пайызға жеткен. Қазір ол мұнайлы серіктесі Атырау облысына ғана жол береді. 

Облыс орталығы Ақтауда кәсіпкерлер палатасы жанынан кәсіпкерлерге қызмет көрсету орталығы ашылып, жұмыс жасауда. Аталған жоба да соның аясында жүзеге асырылуда. Мұнда менеджерлер салық есептілігін тегін түзіп беруден бастап, мемлекеттік сатып алулар порталында тіркелу және кәсіпорынды ІТ-қолдауға, мәселен, төл сайтын ашып, ілгерілетуге дейінгі қызметтердің сегіз түрін көрсетеді.

Жасыратыны жоқ, кәсіпкерлердің көбі мемлекеттік қолдау шаралары туралы хабарсыз. Ол жайында жергілікті шенділер де жарытып түсіндіре алмайды. Ал бизнесті қолдау үшін құрылған мемлекеттік құрылымдар әр жердегі кеңселерінде шашырай орналасқандықтан, кәсіпкер олардың қайсысының қақпасын қағып, қабылдауына жазылуын білмейді. "Бизнеске арналған үкіметтің" осы олқылықтың орнын толтыруға да қызмет етіп, әр өңірдегі кәсіпкерлер басын қосатын "қара шаңыраққа" айналуы маңызды.

Жанат Ардақ

Telegram
БІЗДІҢ ТЕЛЕГРАМ АРНАМЫЗҒА ҚОСЫЛЫҢЫЗ Ең соңғы жаңалықтар осында
Жазылу
Telegram арнамызға жазылыңыз! Жаңалықтар туралы бірінші біліңіз
Жазылу