"Бизнеске арналған үкімет" жобасын уақыт оздырмай іске қосу қажет – Тимур Құлыбаев

3664

Кәсіпкерлерге 512 түрлі мемлекеттік қызмет көрсетіледі.  

"Бизнеске арналған үкімет" жобасын уақыт оздырмай іске қосу қажет – Тимур Құлыбаев

Тамыз айында "Атамекен" алаңынан ашылған бірыңғай мемлекеттік қызмет көрсету сервисі желтоқсан айына дейін мемлекеттік сатып алу бойынша 800 млн теңге үнемдеуге мүмкіндік берді. Кәсіпкерлердің IV республикалық форумында "Атамекен" ұлттық кәсіпкерлер палатасының төралқа төрағасы Тимур Құлыбаев осылай деді.

Оның сөзінше, жаңа сервис мемлекеттік органдардың, ұлттық компаниялардың, жер қойнауын пайдаланушылардың сатып алу үрдісін біріктірген.

"Жаңа сервис сатып алулардың 2/3 бөлігі бір көзден жүргізілетінін көрсетті. Желтоқсан айына дейін мемлекеттік сатып алу бойынша 800 млн теңге үнемделді. Жұмысқа квазимемлекеттік сектор өкілдерін тартып, "Самрұқ-Қазына" әл-ауқат қорымен байланыс орнаттық", – деді төралқа төрағасы.

Тимур Құлыбаевтың пікірінше, сыбайлас жемқорлықтың тәуекелін  төмендету үшін "Бизнеске арналған үкімет" жобасын уақыт оздырмай іске қосу қажет.

"Мемлекет басшысының тапсырмасы бойынша кәсіпкерлерге арналған мемлекеттік қызметтердің бірыңғай терезесі 2020 жылдың 1 шілдесінде жұмысын бастауы тиіс. Бүгінгі таңда бизнеске мемлекеттік органдар мен квазимемлекеттік сектор тарапынан 512 түрлі мемлекеттік қызмет көрсетіледі. Оның 173-і жоғары сұранысқа ие. "Бизнеске арналған үкімет" жобасы аясында мемлекеттік қызмет көрсетуге қатысты бірыңғай заң қабылдауды ұсынамыз. Бұл  заң осы бағыттағы кемшіліктерді жоюға ықпал етуі керек. Жасыратыны жоқ, мемлекеттік органдарда деректер базасы үйлестірілмеген. Цифрландыру саясатын белсенді жүргізіп отырған ел ретінде бізде мұндайға жол берілмеуге тиіс!" – деді Тимур Құлыбаев.

Қанат Махамбет

Telegram
БІЗДІҢ ТЕЛЕГРАМ АРНАМЫЗҒА ҚОСЫЛЫҢЫЗ Ең соңғы жаңалықтар осында
Жазылу
Telegram арнамызға жазылыңыз! Жаңалықтар туралы бірінші біліңіз
Жазылу