Бизнеске ең алдымен тұрақтылық керек

3013

"Атамекен" ҰКП-ның кеңейтілген отырысына қатысқан бизнес өкілдері алда өтетін президент сайлауына қатысты пікір білдірді.

Бизнеске ең алдымен тұрақтылық керек Фото: atameken.kz

Бүгін ел президенті Қасым-Жомарт Тоқаев осы жылдың 9 маусымында кезектен тыс президент сайлауын өткізу туралы Үндеуін жариялады. Осыған орай "Атамекен" ұлттық кәсіпкерлер палатасы өңірлердегі бизнес өкілдерінің басын қосып, басқарманың кеңейтілген отырысын өткізді.

Жиынды ашқан палатаның басқарма төрағасы Абылай Мырзахметов Президент өз Үндеуінде ең алдымен айқындық пен тұрақтылыққа басымдық бергенін мәлімдеді.

"Қоғамға да, бизнеске де айқындық керек. Жоғарғы билік Конституцияға сүйеніп, заң негізінде қадам жасады. Президентіміз Елбасымен де, еліміздегі басқа да саяси күштермен, Парламент, Үкімет басшыларымен ақылдасқанын айтып өтті. "Атамекен" кәсіпкерлерді біріктіріп отырған ұйым болғандықтан, бизнеске ең алдымен тұрақтылық керек екенін айтқым келеді. Кәсіпкер үшін  өз бизнесін дамыту, елдегі инвестициялық ахуалдың оң болуы, ішкі бизнеске де, сырттан келетін бизнеске де елдің тұрақтылығы, қоғамның тұрақтылығы, ауызбіршілігі керек" – деді палатаның басқарма төрағасы Абылай Мырзахметов.

Өз кезегінде өңірлердегі бизнес-қауымдастық өкілдері де пікірлерімен бөлісті.

"Алматы ауыр машина жасау зауыты" АҚ бас директоры Жетпісбай Едігеновтің пікірінше, сайлау туралы Үндеу уақытылы қабылданған шешім.

"Өз басым жылдам шешім қабылдағанды жақсы көремін. Неге десеңіз, зауыттың басшысы болған соң, кез келген шаруада нақтылық қажет.  Бизнесті қолдауға бағытталған шешімдер жалғасын тауып, елімізде, тіпті отбасында тұрақтылыққа демеу болатынына сенімдімін. Бизнес өз кезегінде сайлауға белсенді түрде атсалысуы керек", – деген ойын білдірді Жетпісбай Едігенов.

Шымкент қалалық кәсіпкерлер палатасы өңірлік кеңесінің төрағасы, "Отау Құрылыс" холдингінің басшысы Қайрат Молдасейітов үшінші мегаполистің кәсіпкерлері шешімді бірауыздан қолдайтынын, бұл тек бизнес емес, бүкіл халық күтіп отырған шешім екендігін жеткізді. 

Кезектен тыс президент сайлауын өткізу инвестициялық климаттың тұрақтылығын қамтамасыз ететініне назар аударған ақтөбелік "Көкжар" агроөнеркәсіптік тауар-шикізат биржасының басшысы Есімхан Құрманғазин шетелдік инвесторлар осы төңірегінде ой қозғағанын да атап өтті.

"Біздің өңірдегі шетелдік компанияның директорымен бірер күнде болған кездесуде олардың тарапынан алаңдаушылық барын байқадық. Әрине, біз бизнес әріптестерімізге басталған әр іс жалғасын табатынын айттық. Елде тұрақтылық салтанат құрса, инвестициялық климат да тұрақты болады. Мұны бәріміз қалаймыз, қолдаймыз", – деді Есімхан Құрманғазин.

Шығыс Қазақстан облысындағы ірі бизнес ошағының бірі "СемАз" ЖСШ бас директоры Әсемқан Досқожанов ақтөбелік әріптесінің сөзін қолдап, кезектен тыс президент сайлауының инвестициялық климаттың дұрыс қалыптасып, жалпы елдің экономикалық дамуына үлкен әсер тигізетінін алға тартты.

"Атамекен" ҰКП өңірлік палата дирекциялары атынан сөз алған Нариман Әбілшайықов бұл шешім елдегі әлеуметтік-экономкалық тұрақтылыққа аса қажет екенін, халық болып сайлауға белсенді түрде қатысуға дайын екенін жеткізді.

Басқарманың кеңейтілген отырысында жиынға қатысқан өңірлердегі басқа да кәсіпкерлер бірауыздан бизнес қашанда нақты әрі ашық шешімді таңдайтынын, әр жасалған қадам бизнестің дамуына тікелей әсер ететінін, бұл ретте кезектен тыс президент сайлауы – дұрыс шешім болғанын атады.

Telegram
БІЗДІҢ ТЕЛЕГРАМ АРНАМЫЗҒА ҚОСЫЛЫҢЫЗ Ең соңғы жаңалықтар осында
Жазылу
Telegram арнамызға жазылыңыз! Жаңалықтар туралы бірінші біліңіз
Жазылу