"Бизнеске заңдастырылған зорлық" дәуірі

6729

Биылғы жылдың соңына дейін созылуы мүмкін. 

"Бизнеске заңдастырылған зорлық" дәуірі

Коронавирус пандемиясы кәсіпкерлерге әртүрлі қысым түрлерін заңдастырып берді. Елде карантин және шектеулер енгізіліп, олардың мүлтіксіз сақталуын бақылау күшейтілді. Одан шаршаған бұқара мен бизнес мұның бәрі жаңа жылда аяқталады деп күткен.

Алайда таяуда, Президенттің төрағалығымен өткен Үкіметтің кеңейтілген отырысында Денсаулық сақтау министрі Алексей Цой тіпті жаппай вакцинациялау жүргізіп, маска режимін, әлеуметтік алшақтықты және шектеу шараларын сақтағанның өзінде "эпидемиологиялық жағдай 2021 жылдың соңына дейін ұзайтынын" жариялады.

Демек, соны пайдаланып, кәсіпкерлерге әлімжеттік көрсетуге талаптанатындар табылуы мүмкін. Мысалы, Семей қаласында тұратын жас кәсіпкер әйел Марина Спивакова отбасын, балаларын асырап отырған жалғыз табыс көзі – дүкенінен айырылып қалмаудың амалын күн сайын қарастыруға мәжбүр екенін айтады. Қаладағы Засядко көшесінде орналасқан дүкенінде бұған дейін ол халық көп тұтынатын өнеркәсіптік тауарлар сатумен айналысыпты.

Билік төтенше жағдай және кейінгі қатаң карантин кезеңдерінде азық-түлік сататын сауда орындарынан басқасының бәріне тыйым салған соң, дереу заманға сай икемделген: құзырлы органдар талап ететін құжаттарды жинап, супермаркеттермен келісімге отырады, сөйтіп, тамақ өнімдерін де сөреге қояды. Осы қулық оның дүкеніне жұмысын ары қарай жалғастыруға мүмкіндік берген.

"Азық-түлік дүкендеріне қойылатын барлық талапты сақтадым. Алайда жергілікті полицияның кейбір өкілі тиісерге мін іздей бастады. Өздері заңды да білмейді, сондай-ақ халықпен қарым-қатынаста әдеп нормаларын да сақтамайды, ішкі істер органдарының имиджіне нұқсан келтіреді. Бірде түс кезінде Семей қаласының Орталық полиция бөлімінің қызметкері Ержан серігімен бірге дүкеніме бас сұқты. Жұптасы тіпті аты-жөнін айтпады, өзін таныстырудан бас тартты. Тәртіп сақшылары кіре сала, дауыс көтеріп, барлық сатып алушыларға мәлімдеме жасады: "Именем Закона: всем выйти из магазина! Магазин не работает!". Содан кейін шыға қоймаған клиенттерге таяп, оларды түсіндірме беруге мәжбүрлеуге тырысты. Бұл қылық адамдарға ұнамай, олар полицияға кейіс пен наразылық білдірді", – дейді кәсіпкер.

Шуды естіп, сауда залына оның өзі шығады. Тәртіп сақшыларынан қызметтік куәліктерін көрсетуді, өздерін таныстыруды және дүкен қызметін тоқтатудың себебін айтуды сұрайды.

"Бұған полицей шамданып қалды: Ержан куәлігін көрсетпейтінін, өйткені кім көрінгенге құжатын көрсете беруге міндетті емес екенін айтты. Оның сендіруінше, "102"-ге әлдекімдер бірнеше рет хабарласып, менің дүкенімнің жұмыс істеп тұрғанына шағымданыпты. Ал ШҚО бас санитарлық дәрігерінің қаулысына сәйкес, коронавирус таралуының қайта күшеюіне байланысты сауда орындары демалыс күндері жабылуы керек. Мен қандай негізде жұмысымды жалғастырып жатқанымды түсіндірдім: ол тыйым азық-түлік дүкендеріне таралмайды. Қалалық салық басқармасынан алған рұқсатнама құжаттарымды да ұсындым. Онда азық-түлік сатуыма рұқсат етілген. Оны көрген соң полицей басқа сылтау іздей бастады", – дейді М.Спивакова.

Тәртіп сақшысы енді "дүкеніңде неге тамақ өнімдерінің үлесі аз" деп тиіскен. Әрине, бұл полицияның құзырына жатпайды. Оның үстіне азық-түлік дүкендеріне өнеркәсіптік тауарларды қоса саудалауға тыйым салынбаған. Сонымен бірге, Ұлттық экономика министрінің 2015 жылғы 27 наурыздағы бұйрығымен бекітілген Ішкі сауда қағидаларында дүкенде азық-түлік және азық-түліктік емес тауарлардың үлесі нақтыланбаған.

"Қысқасы, мен барлық құжаттар топтамасын алдына жайып салдым. Бұл намысына тисе керек, Ержан қатал үнмен: "Мен бәрібір бұл дүкенге хаттама рәсімдеймін!" деді. Алаңдатарлығы сол, осы әрекеттерінің бәрі оның кеудесіндегі бейнетіркеуішке жазылып жатты, яғни соның өзі тоқтата алмады. Сауда залында жүрген 3 қызметкерім осы оқиғаға куә болды. Ақыры, бүкіл құжатымның барына қарамастан, Ержан дүкеніме қатысты материалдарды Денсаулық сақтау министрлігінің Семей қалалық тауарлар мен қызметтердің сапасы мен қауіпсіздігін бақылау басқармасына жолдапты", – дейді кәсіпкер әйел.

Дегенмен, ДСМ аумақтық басқармасы әділдік танытып, құқықбұзушылық құрамының жоқтығына байланысты істі тоқтату туралы шешім шығарды.

Кәсіпкер содан кейін күн сайын полицейлердің дүкеніне қайта оралуын күтіпті: әдеп сақтап, адамгершілік танытып, "босқа әуреге салғаны үшін ғафу өтіне ме?" деп ойлаған екен. Олар келмегесін, бір апта өткенде Семей қаласының орталық полиция бөліміне шағым жазды.

"Дүкенімізде тек қыздар жұмыс істейді. Бәріміздің үрейіміз ұшты, не қылмыс жасап қойдық деп. Клиенттерімізге сауда жасауға мүмкіндік бермеді. Адам сияқты кешірім өтінсе, мен оларды сынамаймын ғой, жүктелген міндетін орындай берсін. Алайда еркек басымен қыздар алдында кешірім сұрауға намыстана ма, әлде полиция халықпен қатал сөйлесуі керек деп санай ма? Егер бізде өзін осылай ұстағаны үшін жазаланбаса, онда басқа дүкен иелеріне де солай құқай көрсетеді ғой. Бұған қоса, "102"-ге белгісіз тұлғалардан шағым түсті деп алдады. Ал материалдағы өз рапортында ол туралы тіс жармайды. Осы арқылы Бас прокуратура бекіткен Қылмыстық құқық бұзушылықтар туралы арызды, хабарды немесе баянатты тіркеу қағидаларын бұзды", – деді бизнесмен.

Ол өткен жылы полицияға шағым жазғанын, содан бері ол бойынша қандай шаралар қабылданғанын білмейтінін айтады.

Ішкі істер министрі Ерлан Тұрғымбаевтың мәліметінше, Марина Спивакованың Семей қалалық Орталық полиция бөлімі қызметкерлерінің құқыққа қайшы әрекеттеріне қатысты өтініші қаралған екен.

"Шығыс Қазақстан облысының Полиция департаменті өтініш бойынша тексеріс жүргізді. Соның нәтижесі бойынша аталған дүкенді тексеруді жүзеге асыру кезінде функционалдық міндеттемелерін лайықты орындамағаны үшін полицияның учаскелік инспекторы Ержан Қ., сондай-ақ полиция бөлімінің басшылығы тәртіптік жауапкершілікке тартылды", – деп қысқа қайырды ІІМ басшысы.

Мұндай жөнсіз істерге жөнді тосқауыл қойылмаса, пандемия кезеңінде ұқсас оқиғаны көптеген кәсіпкер бастан кешуі ықтимал.

Жанат Ардақ


Atameken Business Telegram каналына жазылып, маңызды ақпараттардан бірінші болып құлағдар болыңыз ! 

Telegram
БІЗДІҢ ТЕЛЕГРАМ АРНАМЫЗҒА ҚОСЫЛЫҢЫЗ Ең соңғы жаңалықтар осында
Жазылу
Telegram арнамызға жазылыңыз! Жаңалықтар туралы бірінші біліңіз
Жазылу