Бизнесмен облыс әкімін қысым жасады деп айыптады

5040

Тендер дауы қаншама кәсіпкерді жарға жықты. Қазіргі кезде мемлекеттік сатып алудың жосықсыз қатысушылары тізілімінде 10 864 компания бар. Қара тізімге кіргендер 2 жыл ешбір тендерге қатыса алмайды. Одан серіктес, контрагенттер де теріс айналады. 

Бизнесмен облыс әкімін қысым жасады деп айыптады

Тақырыпта "облыстың экс-әкімін" деп жазуға болатын еді. Себебі кәсіпкерлердің көбі бар "шындықты" әкім тақтан ауып, саптан шыққан соң ғана жариялап жатады. Алайда "Актобе НефтеГазСтрой" ЖШС ұжымы Ақтөбе облысының әкімдігімен бұрынғы әкім іс басында тұрған кезден бері алысып келеді екен. Әділдікке жете алмапты.

Жылына 4,4 миллиард теңгеге дейін табыс тауып отырған кәсіпорын дәрменсіз жағдайға жеткен.

Компания директоры Серік Естемісовтың айтуынша, Ақтөбе облысында жылдар бойы қалыптасқан жағдай бизнесті қолдауға емес, керісінше оны тұғырынан тайдырып, құрдымға кетуге әкелді.

Жалпы ірі кәсіпорындардың бірде-бірі салмақты тендерсіз тіршілік ете алмайды. Оның үстіне мемлекеттік сатып алулар экономикалық дағдарыс тұсында отандық кәсіпкерлерді демеудің тегеурінді тетіктерінің бірі. Сөз болып отырған ақтөбелік кәсіпорын 15 жылдан бері мемлекеттік сатып алуларға белсенді қатысып, біразында жеңімпаз шығып отырыпты. Бүгінде оның бәрі тарих болып, артта қалды.

"Біз мемлекет алдындағы контрактілік міндеттемелерімізді адал орындап отырдық. 2020 жылға дейін біз аймағымыздағы барлық құрылыс компаниялары арасында ең көп салық төлейтін кәсіпорын болдық. 2019 жылы Ұлттық бизнес-рейтингтің жыл сайынғы талдауында Ақтөбе облысындағы құрылыс ұйымдары арасында бірінші орын алдық. "Мемлекеттік бюджетке үлес" көрсеткіші бойынша Қазақстанда 4-ші тұғырға көтерілдік. Қайырымдылықпен, меценаттықпен айналыстық. 2018-2019 жылдары өңірдегі кедей және көпбалалы отбасыларға 180 млн теңгеден астам материалдық көмек көрсеттік. Алайда соңғы 3 жылда, яғни аймақ басшылығына Оңдасын Оразалин келгелі біз оның қаһарына іліктік", – деп баяндады С.Естемісов.

Қазақстанда қалыптасқан "дәстүр" бойынша өзіне қолайлы орта қалыптастыру үшін облыстың жаңа басшылығы жергілікті қаржылық-экономикалық топтарды да, жергілікті элитаны да қайта құрып, бұрынғы әкімнің қолдаушыларынан арылатыны жасырын емес. Мұның салқыны бизнеске де тиіп жатады.

"Біздің компания сол әкімнің командасының ашықтан-ашық қудалауына тап болды. Өңірдің құрылыс бизнесі қауымдастығы облыс әкімдігі басшылығының қылықтарын, жергілікті құрылыс компанияларына қатысты бассыз әрекеттерін жақсы біледі. Сол команда өңірге өзімен бірге жаңа ойыншыларды ерте келді. Олардың арасында Қазақстанның басқа облыстарының компаниялары бар. Соларға артықшылық берілді, мемлекеттік сатып алу конкурстарында солар жеңіп отырды", – деп жазды кәсіпкер Үкіметке шағымында.

Ол "лоббизмнің жарқын үлгісі" ретінде 2020 жылғы маусымдағы "AKTOBECITY-3 тұрғын үй алабына су құбырлары желісін салу" тендерінің қорытындысын мысалға келтірді. Онда 2,7 млрд теңгеден астам қаражат олжаға салынған.

"Ақыры өңірде ешкімге белгісіз оралдық компания жеңімпаз деп танылды. Ал біз екінші орынға сырғыдық. Конкурс қорытындыларымен келіспей, Ақтөбе облысының ішкі мемлекеттік аудит департаментіне шағымдандық. Бірақ олар біздің дәйектемелерімізді қараудан бас тартты. Тек жоғары тұрған органы – Қаржы министрлігінің Ішкі мемаудит комитеті араласқан соң, тендер қорытындылары заңсыз деп танылды. Біздің компанияны жеңімпаз деп тануға тапсырма берілді. Алайда облыс әкімінің орынбасары Қамбаровтың нұсқауымен тапсырыс беруші орган комитеттің бұл тапсырмасын орындауды қасақана сөзбұйдаға салды. Сонымен бірге оралдық компанияға әлдебір орындалған жұмыстары үшін деп, бюджет ақшасын шұғыл аудара қойған. Яғни Қамбаровтың нұсқауымен 2020 жылғы желтоқсанда аталған ЖШС-ға іс жүзінде орындалмаған жұмыс көлемі үшін бюджеттен 1,5 млрд теңге берілді. Ал оралдық компания болса, әлі күнге дейін объектіні іске қосқан жоқ", – деді Серік Естемісов.

Бүгінде объектіге бөлінген миллиардтардан тек 750 млн теңге ғана қалыпты. Тұрғын үй алабына су жетпеген.

Жергілікті судьялар қаржылық бақылау органдарының талап арызын қарай келе, заңсыз жеңімпазбен арадағы келісімді бұзудан бас тартты. Сот бюджет қаражатының ішінара игеріліп қойылғанын назарға алып, соған жобаны аяқтауға мүмкіндік берген жөн деген шешімге келіпті.

Кәсіпкер дерегінше, Ақтөбе қаласының Елек өзенінің сол және оң жағалауындағы сужиғыштарды кеңейтуға бағытталған конкурста да қатысушыларды заңсыз түрде әлгі компанияға жығып беріпті. Жобаға 1,6 млрд теңгеден астам қаражат бөлінген. Заңсыз шешім қабылдаудың өрескел фактілері жетіп артылады деп әңгімеледі кәсіпкер. Қағидалардағы әртүрлі олқылықтарды, жұмыс тәжірибесі үшін балл қосу нормаларының нақты регламенттелмегенін пайдаланып, жергілікті атқарушы органдар өздеріне қажетті шешімдерді қабылдай береді екен.

"Мысалдарды көптеп келтіре аламын. Бұлар тіпті Астанадағы қаржылық бақылау органының ескертпелеріне пысқырмады. Бізге қырын қарауының себебі сол, біз, бірнеше құрылыс компаниясы әкімнің жанындағыларға тендерлерден "откат" беруден бас тарттық. Өйткені онда қаржы жетпей, құрылыс сапасына нұқсан келер еді. Салдарынан, өңірдің құрылыс элитасы екіге жарылды. Шенділер өзіне жаққандарды жақтап, "өзіміздікі және бөтендер" деп бөлді. Ең ірі және майшелпек тендерлерде тек жағымды компаниялар жеңді. Құны қомақты, миллиард теңгеден асатын контрактілер соларға берілді. Ал "бөгделерді" тендерге қатысуға жібермек түгіл, қудалады. Итке сүйек тастағандай, көз қылып, басқаларына 200 млн теңгеден аз конкурстарды берді. Откат сомасы тендердің 10-12%-ын құрайды. Оны беруден бас тартқан құрылыс компаниялары амалсыз, осыларды қанағат етті, облыстың шалғай аудандарындағы ұсақ жұмыстарды орындап, еңбек ресурстарын орталықтан тыс жақта жұмылдыруға мәжбүр болды", – деді шағым иесі.

Әйткенмен, біраздан соң олар бұдан да қағылыпты.

"Әкімнің командасы бізді мемлекеттік сатып алудың жосықсыз қатысушылары деп тану туралы талап арыздарға бастамашы бола бастады. Бұдан бұрын олар бізге бас көтеріп, орталыққа шағымдана бермеуіміз керектігін, әйтпесе проблемаға кезігетінімізді ескерткен. Себебі жергілікті бақылаушы және құқық қорғау органдары да, соттар да өздерінің ашса алақанында, жұмса жұдырығында екенін айтты. Мұның шынында солай екенін кейін білдік қой. Бұл тұрғыда олардың сөзі ісімен қабысты. Мәселен, біздің компанияға қатысты былтырғы 2021 жыл бойы әкімдік сотқа бірнеше талап арыз жолдады. Онда олар банкроттыққа жеткізу үшін компаниямызды жосықсыз деп тануды талап етті. Сотта талқылау барысында судьялардың біздің дәйектемелерімізге үстірт қарайтынын, тапсырыс берушіге бүйрегі бұратынын аңғардық", – деген жорамалын жеткізді Серік Естемісов.

Әкімдік бұл компания өзіне жүктелген жобаны уақытында жүзеге асырмағанын алға тартты. Онысы шындық. Бірақ компанияның қарсы дәлелі бар. 2020 жылғы 18 қыркүйекте аталған компания "Aktobesu-energygroup" жергілікті су арнасы кәсіпорнымен Ақтөбе қаласының канализациялық тазарту құрылымдарындағы ағынды суларды кәдеге жарату жобасы бойынша келісімге отырады. Құрылысқа дайындық барысында компания алаңды басқа жерге ауыстыру ұсынысымен шыққан: сол үшін тапсырыс беруші таңдаған алаң батпақты жер болып шықты. Жобалау-сметалық құжатта көрсетілген жер телімінде үлкен көлшік пайда болғаны айқындалды. Яғни масқарасы сол, өңір үшін маңызды жоба гидро-геологиялық зерттеу өткізбей-ақ бекітіліп кетіпті. Ал ондай ұйықты жерде құрылыс жүргізуге болмайтыны белгілі. Бұған қоса, электр желісіне қосылу нүктесі жобада қате көрсетілгені анықталған.

Айтқандай, жобадағы қателіктер дер кезінде түзетілмей, қаншама құрылыс нысаны сол бойы іске қосылмай қалып жатады. Сондықтан туындаған проблемаларға байланысты құрылыс мерзімін ары жылжытуға шешім қабылданған. Тапсырыс беруші жобаны түзету үшін жобалық құжаттарды дайындауға жобалау ұйымын тартты, оның шығынын мердігер компания көтерген. 

Алайда жобаны түзету бағытында шара қабылдау орнына бұрынғы мерзім аяқталған тұста әкімдік сотқа жүгінген. Сот "АктобеНефтеГазСтрой" ЖШС-ін жосықсыз қатысушы деп таныды. Кәсіпкер мұндай шешім компанияны банкрот қылғанын айтады. 150-ден астам білікті маман жұмыссыз қалды.

Ол соттар осы қағидатты жаппай ұстанса, елдегі әрбір екінші құрылыс компаниясы адал емес, жосықсыз атанып, дәрменсіз жағдайға жететініне назар аудартты. Әйтсе де өзге өңірлерде әкімдер егер мердігердің құрылыс мерзімін кешіктіруі орынды, объективті болса, бизнесті құрдымға құлатуға асықпайды, құрылысты аяқтауға мүмкіндік береді. Әрине, құрылысты жылдап созса, онда әңгіме басқа.

Айта кету керек, Мемлекет басшысының 2022 жылғы 31 тамыздағы жарлығымен Оңдасын Оразалин Ақтөбе облысының әкімі лауазымынан босатылды. Ол бұл креслоны 2019 жылғы ақпаннан бері иеленген еді. Оның орнына Премьердің орынбасары болған Ералы Тоғжанов Ақтөбе облысының әкімі болып тағайындалды. Ералы Лұқпанұлы әзірге бұрынғы әкімнің үш орынбасарын да орнында қалдырды, елордадан өз командасын ерте барған жоқ. Тіпті әкім аппараты басшысына да тиіскен жоқ. Ал шағымда сөз болған Ақтөбе облысы әкімінің бірінші орынбасары Руслан Қамбаров биылғы сәуірде қызметінен кетті.

Бұдан бұрын, 2020 жылғы наурызда Сыбайлас жемқорлыққа қарсы іс-қимыл агенттігі Ақтөбе облысы әкімінің орынбасары Руслан Мамуновты қамауға алды: оның үстінен Қылмыстық кодекстің алаяқтық бабы және пара алу бойынша тергеу жүргізілді. Бір ғажабы, құзырлы органдар облыс әкімінің орынбасарын өңірде қалдырмай, дереу елордадағы полиция департаментінің тергеу изоляторына алып кеткен. Яғни шағын арнайы операция жүргізілген. Содан 2020 жылғы 27 қарашада елордалық сот Руслан Мамуновты қылмыстық жолмен алынған мүлкін тәркілей отырып, 12 жылға бас бостандығынан айырды. Апелляция, яғни астанадағы сот алқасы бұл үкімді күшінде қалдырды. Сот анықтағандай, Мамунов коррупциялық қылмысы үшін сотталған Қостанай қаласының бұрынғы әкіміне тәркіленген мүлкін қайтаруға және жазаны жеңілдетуге көмектесуге уәде етіп, одан 1,2 миллион доллар пара алған. Ол қаржыға пәтер және екі қымбат көлек сатып алған.

Облыс әкімі "Ақтөбе" әлеуметтік кәсіпкерлік корпорациясының басшысы Руслан Мамуновты 2019 жылғы 14 қарашада өз орынбасары етіп тағайындаған екен.

Жалпы Ералы Тоғжановқа өңірді жемқорлықтан тазарту міндеті тұр.

Сонымен бірге өңір жұртшылығы Оңдасын Оразалинді жақсы жағынан да біледі. Ол басқарған жылдары Ақтөбе облысында жыл сайын рекордтық көлемде – 1,2 млн шаршы метр тұрғын үй қолданысқа берілді. 2019 жылдан бері облыс экономикасына 2 трлн теңге инвестиция тартылған. 2019 жылдан бері Ақтөбе облысында 29 мың адам тұратын 46 ауыл газдандырылды. Бұл көрсеткіш бойынша өңір республикада көшбасшы саналады.

Telegram
БІЗДІҢ ТЕЛЕГРАМ АРНАМЫЗҒА ҚОСЫЛЫҢЫЗ Ең соңғы жаңалықтар осында
Жазылу
Telegram арнамызға жазылыңыз! Жаңалықтар туралы бірінші біліңіз
Жазылу