Бизнесмендер биліктен Tengri Bank-ті жоймауды сұрап жатыр

8539

Банкрот болған банкте компаниялардың мол ақшасы күйіп кетпек. 

Бизнесмендер биліктен Tengri Bank-ті жоймауды сұрап жатыр

Қаржы нарығын реттеу және дамыту агенттігінің басқармасы 2020 жылғы 17 қыркүйектегі қаулысымен "Tengri Bank" АҚ-ын осыдан 13 жыл бұрын, 2007 жылғы 24 қазанда берілген лицензиясынан айырғаны мәлім.

Мәдина Әбілқасымованың ведомствосы бұл қадамға аталған банк "төлем және аударым операциялары бойынша шарттық міндеттемелерді жүйелі түрде, 12 ай ішінде қатарынан 3 және одан да көп рет орындамағаны және пруденциалдық нормативтер мен басқа да сақталуға міндетті нормалар мен лимиттерді бұзғаны үшін" барды.

Заңнама бойынша агенттік 20 күн ішінде, яғни 29 қыркүйекте банкті мәжбүрлі түрде жою туралы сотқа талап арыз берді. 5 қарашада Алматы қаласының мамандандырылған ауданаралық экономикалық соты Тенгри банкті мәжбүрлеп тарату туралы үкім шығарды. Соттың бұл шешімін орындау ісі уақыт бойынша шектелмеген.

"Қазақстанның депозиттерге кепілдік беру қоры" АҚ-ы оның түпкілікті аяқталуын күтпей-ақ, банк-агент, яғни "Еуразиялық банк" арқылы салымшылардан өтініштер қабылдап, депозиттерін қайтара бастады. Айта кету керек, қор тек жеке тұлғалардың салымдарын ғана төлейді (теңгедегі жинақтаушы депозиттер бойынша – 15 млн, теңгедегі өзге депозиттер бойынша – 10 млн, ал шетелдік валютадағы депозиттер бойынша – 5 миллион теңгеге дейінгі эквивалентте).

Бүгінде аталған банкті жою жұмыстарымен қаржылық реттеу агенттігінің Проблемалы банктерді реттеу басқармасының бас маманы Оксана Огай бастаған уақытша әкімшілік айналысуда. Ол қалған мүліктің сақталуын және банкті басқаруды қамтамасыз ету шараларын жүзеге асыруда. Сондай-ақ Теміртау, Қаскелең, басқа қалалардағы филиалдарын бірте-бірте жауып жатыр.

Миллиондар банкпен бірге жойылмақ

Бизнесмендер арасында танымал банктердің бірінің банкроттыққа ұшырауы іскер ортаға соққы болды. Өйткені заңды тұлғалардың банктегі қаражаты үшін өтемақы қарастырылмаған. Кәсіпкерлер әділдік іздеп, жоғарғы жаққа шағымдануда. Солардың бірі – Жаңаөзендегі ірі мұнайсервистік компанияның бас директоры Бітім Кезбаев Президент әкімшілігі мен Бас прокуратураға хат жолдап, бизнесмендердің көкейіндегі мәселені көтерді. Мұнай компанияларына қызмет көрсетіп, ұңғыларға жер астында күрделі жөндеу жүргізетін бұл компанияда 1063 отандық маман жұмыс істеуде. Енді ол күрделі жағдайға тап келді.

"2017 жылдың қазанынан бері біздің ЖШС "Tengri Bank" АҚ-ында шоттар ұстаған болатын. 2020 жылы бұл банктегі есептік шотымызда – 1 миллионға жуық, бірінші депозитімізде – 1,4 миллион, ал екінші депозиттік шотымызда – 114 миллион теңгеден астам сома қалды. Былтырғы 18 қазанда осы банктің лицензиясы кері қайтарып алынғаны туралы жаңалықты естігенде төбемізден жай түскендей болды. Ол кезде банк кешігіп болса да, өз міндеттемелерін орындауды жалғастырып жатқан болатын", – дейді Б.Кезбаев.

Ол 5 қарашада соттың қаржылық реттеуші талабын қанағаттандырып, "Tengri Bank"-тің қызметін мәжбүрлеп тоқтатқанын біледі.

"Дегенмен, қазіргі уақытта соттың осы шешімі Алматы қалалық сотының Азаматтық істер жөніндегі сот алқасының апелляциялық қарауында жатыр. Біздің компания сервистік ұйым саналады, мұнай компанияларының тапсырыстарына тікелей тәуелді. Бүгінде әлемді жайлаған коронавирус пандемиясы кесірінен экономикадағы жағдай нашарлап, мұнай-газ секторы дағдарысқа кезікті. "Қара алтын" бағасы да әлемде күрт құлдырады. Соның кесірінен мұнай компаниялары жұмыстар мен тапсырыстар көлемін еселеп қысқартты. Өзге сервистік компаниялар қатарлы біздің компания да қаржылық күйзеліске килігіп отыр. Егер апелляциялық инстанция агенттіктің пайдасына шешім шығарса, банк түбегейлі жойылады. Ал бізге, бизнесмендерге ешқандай кепілдікті өтемақы көзделмеген", – деп қапаланады компания басшысы.   

Осыған орай кәсіпкер биліктен Тенгри банкке қатысты басқа, баламалы шешім шығарып, іске асыру бағытында шара қабылдауды сұрайды.

"Әйтпесе, банк толық жойылса, компаниялар қыруар шығын шегеді. Бұл қаражат пандемия жағдайында бизнесті сақтап қалуға аса қажет. Оның үстіне биыл кәсіпорындар қайта жабылса, осы қаржыны жұмысшыларымызға ең төменгі жалақы түрінде төлер едік. Бұл әлеуметтік шиеленіс пен наразылық тәуекелін төмендетер еді", – дейді жаңаөзендік компанияның бас директоры.

Төлем төлеу жалғасуда

Қазақстанның депозиттерге кепілдік беру қоры осының алдында депозиттерін алып кетпеген жеке тұлғалардың барын хабарлаған-тын. Былтырғы 30 қыркүйек пен 19 қараша аралығында "Tengri Bank" салымшыларына шамамен 14,5 млрд теңге төленген.

Тағы 32,5 мың жеке тұлға өздеріне тиесілі өтемақыны алуға өтініш бермепті. Оның ішінде 929 салымшының есепшотында, картасында және депозитінде 1 миллион теңгеден көп, 1 291-інде – 100 мыңнан 1 миллионға дейін, 5 723 адамда – 100 мың теңгеге дейінгі көлемде ақшасы жатыр. Қор оларға "Еуразиялық банкке" жүгінуге кеңес береді.

Бұлардың арасында дүние салған адамдар да болуы мүмкін. Ондай жағдайда мұрагерлері мирасқа құқығын немесе оның ақшасын пайдалану құқығын растайтын құжаттардың нотариус куәландырған көшірмесін әкелуі қажет.

Қордың мәліметінше, Тенгри банк салымшыларынан агент-банктің өтініштер қабылдау мерзімі 2021 жылғы 30 қыркүйекке дейін ұзартылыпты. Осы кезеңде де банк-агенттен ақшасын алып үлгермеген азаматтар болса, олар тікелей Қазақстанның депозиттерге кепілдік беру қорының Алматыдағы бас кеңсесіне немесе Нұр-Сұлтандағы өкілдігіне тікелей жүгіне алады. Қорға өтінішті поштамен жіберуге де болады.

Жанат Ардақ

Telegram
БІЗДІҢ ТЕЛЕГРАМ АРНАМЫЗҒА ҚОСЫЛЫҢЫЗ Ең соңғы жаңалықтар осында
Жазылу
Telegram арнамызға жазылыңыз! Жаңалықтар туралы бірінші біліңіз
Жазылу