Бизнесті тексеруге жарияланған мораторийге өзгеріс енгізуге қарсымыз – Рустам Жүрсінов

Абылай Бейбарыс Абылай Бейбарыс
7825

Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаевтың 2019 жылғы 26 – желтоқсандағы жарлығына сәйкес 2020 жылдың 1 қаңтарынан 2023 жылдың 1 қаңтарына дейін шағын және орта бизнес субъектілерін тексеруге тыйым салынды.  

Бизнесті тексеруге жарияланған мораторийге өзгеріс енгізуге қарсымыз – Рустам Жүрсінов

Осылайша жеке кәсіпкерлер жеке табыс салығынан, заңды тұлғалар корпоративті табыс салығынан, оңайлатылған декларация негізіндегі арнаулы салық режимімен жұмыс істейтін кәсіпкерлер әлеуметтік салықтан, ал бірыңғай жер салығын қолданатын фермерлер мен шаруа қожалықтары жер салығынан босатылды.

Кәсіпкерлік кодекс бойынша қызметкерлерінің саны 15 адамды құрайтын және жылына шамамен 75 млн теңге табатын кәсіпкерлер микрокәсіп иесі, ал 100-ге жуық жұмысшысы бар, орташа жылдық табысы 757 млн теңгеге жететін кәсіпкерлер шағын бизнес өкілі деп танылды. Осы санатқа жататын азаматтар 3 жыл салық төлемейтін болды. Ал есірткі құралдарының, психотроптық заттар мен прекурсорлардың айналымына байланысты қызметті, акцизделетін өнім өндіруді немесе көтерме саудада сатуды, астық сақтау мен лотерея өткізуді, ойын бизнесі саласындағы қызметті, радиоактивті материалдар айналымына байланысты қызметті, банкті және сақтандыру нарығындағы қызметті (сақтандыру агентінің қызметінен басқа), аудиторлық қызметті, бағалы қағаздар нарығындағы кәсіби қызметті, кредиттік бюро мен күзет саласындағы қызметті, азаматтық және қызметтік қарумен оның патрондарының айналымына байланысты қызметті, жер қойнауын пайдалану, оның ішінде алтын іздеуге қатысты қызметті, табиғи қазба байлық сату бойынша қызметті, мұнай өнімдерінің жекелеген түрлерін бөлшек саудаға шығаруды және сыртқы экономикалық қызметті жүзеге асырумен айналысатын салық төлеушілер мораторийден тыс қалды.

Енді, мына қызыққа назар аударыңыз, Президенттің пәрменін біле тұра Қаржы министрлігі салықтық тексеру бойынша ерекше жағдай тізімін кеңейтуді ұсынып отыр. Бұған қатысты құжат ашық нормативтік құқықтық актілер сайтында 3 ақпанға дейін жария талқылауға салынып жатыр. Атап көрсетерлігі, бұл бастаманы қолдап жатқан жан жоқ.

Қазақстан кәсіпкерлерінің құқығын қорғау жөніндегі уәкіл Рустам Жүрсіновтің сөзінше, салықтық тексеру үшін қосымша ерекше жағдай енгізу шағын бизнес субъектілеріне түсетін жүктемені арттырады. Бұл – Мемлекет басшысының тексеруге мораторий енгізу туралы тапсырмасына қайшы.

"Бизнесті тексеруге жарияланған мораторийге өзгеріс енгізуге қарсымыз! Мораторийде ерекше жағдай болмауы керек. Ерекше жағдай енгізілетін болса, бизнес мораторийді сезінбейді, – деді Рустам Жүрсінов.

Қаржы министрлігі былтыр кәсіпкерлердің 60%-ы кіріс деңгейін төмендетіп көрсеткенін алға тартып отыр. Бизнес-омбудсмен бұл мәлімдемемен келіспейді.

"Ел аумағында төтенше жағдай режимінің жариялануына байланысты 2020 жылғы 16 - наурыз бен 15 - сәуір аралығында барлық бизнес субъектілері қызметін толық тоқтатты. Олардың жұмыс уақыты қысқартылды, келушілер санына шектеу қойылды, бұған қоса кәсіпкерлер карантин шараларын сақтау үшін қосымша шығынға батты. Осының барлығы кәсіпкерлердің табыс деңгейінің төмендеуіне алып келді. Кәсіпкерлердің табыс деңгейінің төмендеуі жоғарыда аталған себептерге байланысты, олар табысын жасырып отырған жоқ", – деді Рустам Жүрсінов.

Қаржы министрлігі салықтық тексеру бойынша ерекше жағдай тізімін кеңейтуге кәсіпкерлердің кассалық тәртіпті жиі бұзатындығы түрткі болды дегенді уәж етіп, 2020 жылдың 11 айында кәсіпкерлердің кассалық тәртіпті бұзуына қатысты тұрғындардан 7 мыңнан астам шағым түскенін жариялады.

"2020 жылдың 11 айында хабарламаларды орындамаған салық төлеушілердің саны 24 мың адамды құрады. Шығын көлемі 370 млрд теңгеден асты. Жекелеген салық төлеушілер нақты бұзушылықтардың болуына байланысты хабарламаларды орындаудан қасақана жалтарады, ал тексеру жүргізбей салық төлету мүмкін емес. Жобаны қабылдау адал салық төлеушілердің құқықтары мен заңды мүдделерін қорғауға және жосықсыз салық төлеушілерге қатысты салықтық бақылаудың пәрменді шараларын жүргізуге мүмкіндік береді", – деп нақтыланған жоғарыдағы мәселеге қатысты  хабарламада.

Абылай Бейбарыс


Atameken Business Telegram каналына жазылып, маңызды ақпараттардан бірінші болып құлағдар болыңыз ! 

Telegram
БІЗДІҢ ТЕЛЕГРАМ АРНАМЫЗҒА ҚОСЫЛЫҢЫЗ Ең соңғы жаңалықтар осында
Жазылу
Telegram арнамызға жазылыңыз! Жаңалықтар туралы бірінші біліңіз
Жазылу