Бизнестің қызметіне тұрған "болашақ" банкоматтары

Бақыт Көмекбайұлы Бақыт Көмекбайұлы
1741

Бүгінде қазақстандықтар өз өмірлерін жаңа заман технологияларынсыз елестете алмайды. Банкоматтар да солардың қатарынан ойып орын алған.

Бизнестің қызметіне тұрған "болашақ" банкоматтары

Олар қазіргі кезде банктердің "мини-бөлімшелеріне" айналып шыға келді. Рас, "тірі ақшадан" (кэш) электронды ақшаға толық көшуге ден қойған Батыс елдері ендігі бірте-бірте олардан бас тартуда. Бірақ бұл техникалар тарих қойнауына түбегейлі жол тартқанға дейін әлі біраз уақыт кетуі ықтимал.

Қазақстанда бүгінде он мыңға жуық банкомат қолданыста деп есептеледі. Бұған запастағы, әлі орнатылмағандарын қосыңыз. Қазіргі кезде ішкі кеңселік банкоматтың ең төменгі құны – 10 мың доллар тұрады, сыртқы банкомат құны болса, 20 мыңнан 25 мыңға дейін жетеді. Ал, қолма-қол ақшаны қабылдауға арналған cash-out функциялы банкомат бағасы 35 мың долларға дейін барады.

2017 жылғы 1 шілдедегі жағдай бойынша Қазақстанда төлем карталарын шығарумен 25 банк және "Қазпошта" АҚ-ы айналысады. Бұл ұйымдар негізінен VISA International, MasterCard Worldwide, UnionPay International және American Express International секілді халықаралық жүйелердің төлем карталарын жасайды және таратады, тиісінше, бұлардың жалпы көлемдегі үлесі 99,5%-ды құрайды. Бұлар сыртында отандық банктер қазір жергілікті жүйелер карталарын да шығарады, атап айтқанда, "Халық банк" - Altyn Card-ты, ал "Қазақстан Ситибанк" – "Ситибанк Казахстан" жергілікті төлем картасын қолданысқа енгізген.

2017 жылғы маусым қорытындысы бойынша Қазақстанда 16,6 миллион төлем картасы айналымда жүр. Бұларға 14,9 миллион адам иелік етеді, яғни кейбір адамдардың бір емес, бірнеше картасы бар. Егер 2016 жылғы сәйкес мерзіммен салыстырсақ, бұл көрсеткіштер тиісінше 6,6% және 7,3%-ға өскен. Бұл ретте 2017 жылғы мамыр айы қорытындысында төлем карталарын пайдалана отырып, қазақстандықтар 1 триллион 96,7 млрд теңгенің транзакциясын жасаған. Бұл көрсеткіш те 2016 жылғы мамырмен салыстырғанда, бірден 32,5%-ға артып отыр.

Соған қарамастан, адамдардың "шытырлаған" ақшаға деген құмарлығын ескерсек, әлемдегі көптеген елдердің "темір клерктер" армиясынан әзір бас тарта қоймасы анық. Сондықтан банкомат өндірушілер оларды барған сайын жетілдіріп, күштірек және тиімдірек етуде.

Бүгінде америкалық банкоматтар қосымша қызметтер көрсету үшін оператормен виртуалды чатта байланыс ұстайды. Ал, солтүстікеуропалық елдерде күн энергиясынан қуаттанатын банкоматтар орнатыла бастаған. Мұндай машиналар тағы не істей алады?

1. Bradesco

Өткен жылы осы аттас бразилиялық банк Сан-Паолода "болашақ кеңсесін" ашты. Сонда таң қалдыратын ерекше банкоматтар орнатылған: олар биометриялық модулге ие болыпты. Яғни, бұлар пластикадағы ақшаға жол ашатын "Сим-симге" белгісіз "сиқырлы 4 санды" есте сақтай алмай жүрген адамдарды ол проблемадан құтқарады: банк клиенттері пластикалық картаны сұғусыз және ПИН-кодты терусіз, есептеуішке жай ғана қолды қоюмен-ақ жүйеге кіре береді. Бұл ретте тек саусақ қана емес, бүкіл қол сканерленеді, осылайша, адамды неғұрлым нақтырақ "биометриялық тану" жүреді. Әрине, Bradesco банкоматтарда биометрияны қолданып отырған тұңғыш банк емес, бірақ ол әлемде бірінші болып, оны бұқаралық, жаппай сипатта ендіріп отыр.

2. IsBank

Қаңтар айының соңында Түркия банкі теледидар арқылы қайырылып, өз клиенттеріне үйден шыққанда, өздерімен бірге әмиян алмауды ұсынды. Оның орнына шамамен 5 мыңға жуық банкоматтары базасында ол мобильді банкинг тұғырнамасын түзді. Бұл жүйе ақшаны смартфондар көмегімен алуға мүмкіндік береді. Бұл ретте жергілікті SoftTech вендоры әзірлеген IsCep қызметі жұмыс жасайды: клиенттер өздерінің мобильді банкингіне қосылады, сонда өздеріне қажетті қолма-қол ақша сомасын сұратады. Осыдан кейін оларға арнайы QR-код келеді, осы код банкомат мониторында сканерленеді де, операцияны растайды. Барлық транзакция он секундқа созылады екен. Нәтижесінде, түрік банкоматтары алдындағы кезектер автоматты түрде бірнеше есеге азайған.

Дәл осыған ұқсас сервисті Барселонада La Caixa банкі іске қосуға кірісті. Бірақ оларда "растау" смартфонға QR-код түрінде емес, санды пароль түрінде келеді. Осылайша, банкоматтардың "карточкасыз машинаға" айналуына бет қойылды. Айтпақшы, бұл қазіргі ең арзан жаңару болып табылады: бұл жерде бүкіл аппаратты емес, тек оның бағдарламалық қамтамасыз етуін ғана өзгерту қажет етіледі.

3. NCR

Банкоматтардың ең осал тұсы – олардың қауіпсіздігі болып отыр. Банкоматтардың жүйесіне хакерлер "бұзып" кіреді, оларға карточкалардың мәліметтерін көшіріп алатын кіріктірмелі заңсыз құралдар орнатылады. Ресейде жақында тіпті 5 мыңдық жалған банкноттарды банкоматтар қабылдап келген. Осы соңғы мәселеге әлемдік ауқымдағы банкоматтар өндірушісі NCR корпорациясы бас қатырған екен. Ақыры Diebold Systems компаниясымен бірлесіп, ол "қолма-қол ақшаны өңдеу машинасын" ойлап тапқан, онда жалған банкноттарды танудың жоғарғы класты жүйесі орнатылып отыр. Яғни, бұлар енді бұрынғы банкомат емес, оларды интерактивті банкілік "копилка" деуге келеді.

Компания бүгінде осындай "қайтаөңдеушілердің" мыңдаған санын америкалық қалаларда ендігі орнатқан. Бір айта кетер жайт, бұл машиналар стандартты банкоматтардан арзан тұрады екен. Бұл құралға Үнді елі қызығушылық танытуда: оларда банкоматтардағы жалған банкноттар көлемі соңғы екі жылда 19%-ға өсіпті.

4. BBVA

2010 жылы испандық осы банк өз банкоматтарының бейнесін өзгертуге шешім қабылдап, калифорниялық инновациялық IDEO компаниясы алдына міндет қойған: осы машиналарды "адамиландыру" ұсынылыпты. IDEO мамандары дизайнын, "ішкі құрылысын" және банкоматтардың клиенттермен қатынасу тәсілін толығымен қайта құрып шыққан екен.

Бүгінде BBVA жаңа банкоматтардың негізінде планшеттердегідей, тачскрин қағидаты қолданылуда. Бұл жастарға да, үлкендерге де ұғынықты. Оның үстіне, соңғы зерттеулер ересек адамдардың компьютерден гөрі, iPad-ты анағұрлым жеңіл меңгеретіндігін көрсетіп отыр. Бұл банкоматтарда әрбір "операция" визуалдандырылған: мысалға, клиент ақшаны беруді сұратқанда, оның сомасы экраннан бірден банкоматтың қаржы беру тесігіне қарай "ұшады". Оның үстіне бұлар "экологиялық жауапты" саналады: олар чекті басып шығармауды, оны клиенттің электронды поштасына жолдауды ұсынады.

5. "Сбербаша"

Бұл ресейлік банктің "жылы шырайлы" роботы. Қазір ол Хабаровскідегі банк офистерінің бірінде клиенттерді қарсы алады. Жалпы, оны оңтүстіккореялық Nautilus Hyosung концерні ойлап тапқан. Бұл жаңа заман банкоматы пайдаланушы адам картасын сұғып, ақшаға тапсырыс беріп жатқанда, онымен тілдеседі, банктің жаңалықтарын хабарлайды.

Бақыт Көмекбайұлы

Telegram
БІЗДІҢ ТЕЛЕГРАМ АРНАМЫЗҒА ҚОСЫЛЫҢЫЗ Ең соңғы жаңалықтар осында
Жазылу
Telegram арнамызға жазылыңыз! Жаңалықтар туралы бірінші біліңіз
Жазылу