БҚО-да бұқаралық спортты дамытуға күш салуда

1940

Бұл саладағы көптеген нысанды кәсіпкерлер салған. 

БҚО-да бұқаралық спортты дамытуға күш салуда

Батыс Қазақстан облысында пандемия кезіндегі эпидемиологиялық ахуалдың тұрақсыздығына қарамастан, спортты дамыту, ауылдық жерлерді денешынықтыру нысандарымен қамту мақсатындағы жұмыстар жүргізіле бермек. Оған сәйкес, 2020-2021 жылдары "Қарашығанақ Петролиум Оперейтинг Б.В." компаниясының инвестициясы есебінен облыстың 7 ауданында 8 дене шынықтыру-сауықтыру кешенін салу, Орал қаласында балалар-жасөспірімдер дене даярлығы клубын ашу жоспарланып отыр.

Ал атқарылған жұмыстар қатарында - Жаңақала ауданының Жаңақала ауылында 160 адамдық дене шынықтыру-сауықтыру кешенінің, облыс бойынша 36, оның ішінде, Орал қаласында 8 спорттық алаңның салынуын, бір жыл бойы күрделі жөндеу жүргізілмей, тоқтап тұрған "Жайық самалы" бассейнінің, қысқы спорт түрлері бойынша облыстық балалар-жасөспірімдер спорт мектебіне қарасты мұз айдынының іске қосылғанын, жекпе-жек спорты түрлерінен олимпиада резервінің мамандандырылған балалар мен жасөспірімдер мектебінің жаңа ғимаратқа көшкенін айтуға болады.

БҚО дене шынықтыру және спорт басқармасының басшысы Қаймен Есендияровтың айтуынша, биыл спорт саласының қызметіне талдау жасала келіп, 57,5 штаттық бірлік қысқартылған. Қысқартылған адамдардың 30 пайызы әкімшілік, қалғаны – техникалық қызмет көрсетушілер екен. Осының нәтижесінде 28 млн теңгеден астам қаржы үнемделіпті. Сондай-ақ, облыстағы үш кәсіби спорт клубы: "Ақжайық" футбол клубы, "Ақжайық" допты хоккей клубы және волейбол командасының бюджеті де қысқартуға ұшыраған. "Бұл қаражатты балалар мен жасөспірімдер спортын, бұқаралық спортты дамытуға, соның ішінде, аудан спортының қажеттілігіне жұмсамақпыз", - деп сендіреді Қаймен Есенаманұлы. Бұдан бөлек, келесі жылы спорт саласын цифрландыру мақсатында "Метеор" электрондық спорт бағдарламасын енгізу қарастырылуда. Бағдарламада спорт нысандарының, жаттықтырушылардың, федерациялардың, төрешілердің, балалар контингентінің, барлық іссапарлар туралы ақпараттарының бірыңғай есебі жүргізілмек.

Шешімін таппай тұрған мәселенің бірі – жаттықтырушылардың жыл басынан бері жалақыларына қосылған 25 пайыз үстемесін ала алмай отырғаны. Республикалық бюджеттен трансферт арқылы бөлінуге тиіс қаражат бапкерлердің қолына жыл соңына дейін беріледі деп күтіліп отыр.

Айта кетерлік жай, облыстағы бірқатар спорттық нысанның жеке кәсіпкерлердің арқасында бой көтергені. Атап айтқанда, биыл күзде кәсіпкер Алпамыс Қамалов Зашаған кентіндегі "Құс фабрикасы" ауданында жаңа спорт залын ашты. Кәсіпкер Төлеген Досболатов Орал қаласында грек-рим күресінен ҚР еңбегі сіңген жаттықтырушы Мұрат Жұмашевтың есімі берілген спорт клубын ашып, жаңа спорт ғимаратын іске қосты. "Батыс Қазақстан облысының үстел теннисі федерациясы" қоғамдық бірлестігінің президенті, "Медициналық орталық" ЖШС-нің байқау кеңесінің төрағасы Рафхат Истаев "Омега" ықшам ауданында спорт залын салды. Данияр Ғабдуллин осы аумақта көлемі 3 000 шаршы метр құрайтын "Omega Sports" атты заманауи спорт кешенінің құрылыс жұмыстарын жүргізіп жатыр. Батыс Қазақстан облысы дзюдо федерациясының вице-президенті Ғайса Жұмалиев жас дзюдошыларға заманауи талаптарға сай "Кодокан" спорт залын өз қаражаты есебінен салуда. "Рахметова Қ.Ж." жеке кәсіпкерлігі Атоян стадионы жанынан екі қабатты спорттық нысанның құрылысын аяқтады. Қазір осы спорттық нысанда

"Мүмкіндігі шектеулі адамдарға арналған спорт клубы" МКҚК әкімшілік-басқару қызметі орналасып, мүмкіндігі шектеулі адамдар жаттығып жүр. Осыған дейін аталған спорт клубының қызметкерлері мен спортшылары моральдық-физикалық тұрғыда тозған, жылыту жүйесі істен шыққан "Зенит" зауытының ғимаратында жұмыс істеген болатын. Жаңа ғимаратта жеңіл атлетика, қол күресі, дзюдо, грек-рим күресі, еркін күрес, пауэрлифтинг, дойбы, шахмат, тоғызқұмалақ, үстел теннисі сынды спорт түрлерімен айналысуға мүмкіндік жасалған. Сондай-ақ, Жәнібек ауданында биыл орта мектепті бітіргендеріне 40 жыл толған ауыл азаматтары 15 млн теңге жинап, жылқы тұратын үлкен ат спорты кешенін салып берген. Ал мұз айдыны сарайының сенімгерлік басқарушысы "Стекло Сервис" ЖШС директоры Аркадий Рубцов өз есебінен замануи тоңазытқыш құрылғыларын орнатып, мұз айдынының жыл бойы үздіксіз қызмет етуін қамтамасыз еткен.

Соңғы көрсеткіш бойынша БҚО халқының 31,8 пайызы спортпен тұрақты айналысады екен, бұл былтырғыдан 0,6 пайызға көп. Енді бұл межеден төмен түспей, қарқынды арттыра беру керек. Бұқаралық спорттың арқасында халықтың денсаулығын арттырып, кез-келген дертке төтеп беруге болатынын түсінген ел азаматтары пандемия кезінде бизнестің зардап шеккеніне қарамастан, денешынықтыру және сауықтыру саласына қаржы жұмсаудан аянып отырған жоқ. Мұны қазірдің өзінде жемісін бере бастаған оң тенденция деп бағалаған жөн болар. 

Құралай Қуатова


Atameken Business Telegram каналына жазылып, маңызды ақпараттардан бірінші болып құлағдар болыңыз!

Telegram
БІЗДІҢ ТЕЛЕГРАМ АРНАМЫЗҒА ҚОСЫЛЫҢЫЗ Ең соңғы жаңалықтар осында
Жазылу
Telegram арнамызға жазылыңыз! Жаңалықтар туралы бірінші біліңіз
Жазылу