БҚО-дағы ерлі-зайыпты кәсіпкерлер женттің ерекше түрлерін жасайды

5330

Болашақта олар "Zere" брендін шетелге танытпақ. 

БҚО-дағы ерлі-зайыпты кәсіпкерлер женттің ерекше түрлерін жасайды

"Қалауын тапса қар жанады". Жеке кәсібін дөңгелетіп отырған Абзал Сағынов пен Гүлбақыт Қуанышқалиеваның көпбалалы отбасына қарап, осылайша таңқаласың. БҚО-дағы Белес ауылында тұратын ерлі-зайыптылар "Zere" брендімен елдің батыс аймағында баламасы жоқ женттің әр түрін жасап шығарады. Қазіргі күні оған тапсырыстар елдің барлық өңірінен дерлік келіп түсуде.

Гүлбақыттың бала күнінен кондитерлік өнімдерді жасауға бейімділігі бар екен. Осыдан он үш жыл бұрын жоғары оқу орнында оқып жүріп, күйеуге шығады. Сөйтіп өмірге бірінен кейін бірі Әділет, Бекарыс, Зере, Әмірхан есімді ұл-қыздар келе бастаған. Ауылдық жерде үйде айналысатын тірлік көп, қолда ұстап отырған төрт түлік, бала-шаға бар –  Гүлбақыт оқып жатқан жоғары оқу орнын әлі де бітірмепті. Есесіне, көңілі қалаған ісімен айналысып, отбасылық кәсіпке айналдыра білген.

"Қызым Зере бір жасқа толғанда бірнеше шеберлік сыныбынан өтіп, тәтті тағамдарды пісіре бастадым. Жұмысымыз өрге басып, дами бастағанын көріп, кондитерлік цехымды ашқым келді, демеушілер іздей бастадым. "Даму" кәсіпкерлерді қолдау қорына барып, "Атамекен" кәсіпкерлер палатасының "Бизнес Кеңесші" тегін курсы бар екенін білдім. Тек қана ауылдық жерге қолданылатын "Бастау Бизнес" жобасына жаңашыл бизнес жобасын ұсынып, 3 млн теңгеге дейін мемлекеттік грант алуға болатынын білгеннен кейін, оның бізге берілген үлкен мүмкіндік екенін түсініп, ерекше идея іздей бастадым", – деп әңгімелейді Гүлбақыт.

Бұл кезде төртіншісіне аяғы ауыр еді. 2018 жылы ол кіші ұлдары Әмірханды босанып, 2019 жылы "Бастау Бизнес" жобасы бойынша оқып, сертификат иеленеді. Оның шоколадқа жент салып пісірген жеке рецептін ұсынған жобасы қолдауға ие болып, 2 млн теңгені жеңіп алады. Сөйтіп, отбасының ұлттық десерттерді дайындауға арналған шағын цехы тұсауын кеседі.

Қазіргі күні бұл үйде қолы бос отырған адам жоқ. Аталары қорадағы малға ие болып отыр. Отағасы Абзал – жұмыста, эколог. Балалар демалыста, үйдің үлкендері жоқ кезде бір-біріне қарайласып, қамқор болып отырады. Ал цехтың өніміне тапсырыс көбейіп кетсе жүгіріп, әке-шешелеріне көмектеседі.

"Әрине, шаршайтын кездерім болады. Кейде тәулігіне үш-төрт сағат қана ұйықтаймын. Бірақ, отбасым, жолдасым мені қашан да қолдап келеді. Егер үй ішінде ауызбіршілік пен береке болмаса біз мұндай жетістікке қол жеткізбес едік", - дейді Гүлбақыт.

Болашақта батысқазақстандық кәсіпкерлер "Zere" брендін шетелге танытқысы келеді.


Біздің Telegram каналымызға жазылыңыздар! 

Құралай Қуатова

Telegram
БІЗДІҢ ТЕЛЕГРАМ АРНАМЫЗҒА ҚОСЫЛЫҢЫЗ Ең соңғы жаңалықтар осында
Жазылу
Telegram арнамызға жазылыңыз! Жаңалықтар туралы бірінші біліңіз
Жазылу