БҚО-ны дамыту жоспары өзгереді

3012

Экономикасы қалпымен мұнайға тәуелді БҚО-да ауыл шаруашылығын дамытуға мән беріледі. 

БҚО-ны дамыту жоспары өзгереді

Батыс Қазақстан облысы өткен ғасырдан бері Қазақстанның дамыған индустриялық-аграрлық өңірлерінің бірі болды. Алайда қазір оның экономикасы негізінен шикізатқа тәуелді. Елімізде өндірілетін барлық газ конденсатының 97%-ы және газдың 37%-ы жалғыз осы облыстың еншісінде. Мұнай да көп өндіріледі. Жаһандық "супергигант" саналатын ең ірі "Қарашығанақ" мұнай-газ кен орны осында орналасқан.

Ұлттық экономика министрлігінің мәліметінше, бұл өңірді жалғыз кәсіпорынға күні қараған моноқалалармен салыстырып, "монооблыс" деуге де болатындай.

"БҚО бір компанияның – "Қарашығанақты" игеруші "Қарашығанақ Петролиум Оперейтинг" (ҚПО б.в.) компаниясының тұрақты жұмысына едәуір тәуелді. Жүздеген компания соның қызметін жабдықтауға жұмыс істейді: тауар жеткізеді, көлік, басқа қызметтерін ұсынады. Олар кәсіпкерліктің басқа түрлерін дамытуға еш мүдделі емес. Ал ҚПО-ның тұрақты жұмысы Ресейдің Орынбор газ өңдеу зауытына тәуелді. Ол соның өндірген шикі газының 50%-ын сатып алады. Өңірдегі инвестициялар мен құрылыс жұмыстарының көлемі де көбіне ҚПО қызметімен байланысты. Мұнай бағасы төмендегенде, "Қарашығанақта" басқа да проблемалар туындағанда облыстағы экономикалық белсенділік күрт төмендейді", – делінген министрлік талдауында.

Әрине, облыста мұнай өңдеу, машина жасау, кеме жасау салалары, азық-түлік өндірісі және құрылыс индустриясы дамуда.

Бірақ мұнай-газ өндірісіне мықты балама ретінде мал шаруашылығын дамыту қарастырылып отыр. Облыстың ауыл шаруашылығы сиыр, қой, жылқы етін өндіруге және бидай, арпа, қара бидай, тары өсіруге маманданған. Енді соны дамыта түсу қажет екен.

Бұл айтуға ғана оңай. Барлығы су тапшылығына тіреледі.

"БҚО-да су шаруашылығы инфрақұрылымының жағдайы өте нашар. Батыс Қазақстан облысы экономикасының драйверлерінің бірі – етті мал шаруашылығы болуға тиіс. Алайда облыс тіпті үй малын суаруға жиі су таппай қалады. Бүгінде Жайық өзеніндегі су деңгейінің төмендеп кетуі және қалпына келтіру жұмыстарының жүргізілмеуі кесірінен егістіктерді суаруға және жайылымдарды суландыруға арналған гидротехникалық құрылыстар мен арналардың көпшілігі істен шығып қалды", – деп түсініктеме берді экономика ведомствосы.

Яғни қазіргі міндет – өңірді қажетті көлемде сумен жабдықтау. Бұл бағыттағы жұмыстар биыл басталады және 2025 жылға дейін тәмамдалуға тиіс.

Үкімет жоспарына сәйкес, Үлкен Өзен өзенінде "Жалпақтал" су қоймасы салынады. Бұл 12 мың адамды сумен қамтуға мүмкіндік береді. Ресейден Еділ-Волга суын сатып алуға кететін республикалық бюджет шығындарын 30%-ға төмендетеді. Сондай-ақ 20 мың гектар жайылмалы суарылатын егістер мен табиғи шабындықтар суландырылады. Тасқын суларды қауіпсіз өткізу қамтамасыз етіледі.

71 ауылда 762,6 шақырымдық сумен жабдықтау объектілері салынады. 13 ауылда 364 шақырымдық сумен жабдықтау желілері реконструкцияланады. 111 ауылда кешенді блок-модульдерді орнату жоспарланған. Нәтижесінде, 91,5 мыңнан астам адам сумен қамтылмақ. Осының арқасында ауыл халқын сумен қамту 2025 жылдың соңына қарай 100%-ға жетеді. Орал және Ақсай қалаларындағы 84,7 шақырымдық қалалық су бұру және сумен жабдықтау желілері реконструкцияланады.

Қазынадан қанша бөлінбек?

Ақжайық ауданындағы "Солянка-Азнабай-Тайпақ", "Азнабай-Тайпақ" арналары, Теректі ауданындағы "Жайық-Шалқар" арнасы қалпына келтіріледі. Бұл жобаларға жергілікті бюджеттен 2022 жылы 680,6 млн теңге, ал 2023 жылы 2 млрд 269,3 млн теңге бөлінеді.

Казталов ауданындағы Жалпақтал ауылынан жоғары жаққа қарай, Үлкен Өзенде су қоймасын салуға республикалық бюджеттен 2023 жылы 1 млрд, 2024 жылы 832,5 млн теңге қарастырылған.

Ақжайықтағы "Азнабай-Тайпақ" суару жүйесін реконструкциялауға республикалық бюджеттен биыл 965,5 млн теңге бағытталады.

Ресей Федерациясынан Үлкен және Кіші Өзен өзендеріне құйылатын су көлемін 181,1 миллион текше метрге дейін ұлғайту мақсатында орталық қазынадан осы жылы 5 млрд 165 млн, келесі жылы 4 млрд 165 млн, 2024 және 2025 жылдары 4 млрд 165 млн теңгеден жұмсалмақ.

Ақжайық ауданындағы Киров су қоймасын реконструкциялауға 2022 жылы – 800, 2023 жылы – 915,2, ал 2024 жылы – 708 млн теңге бөлінеді.

Шаған тарамын және Көшім магистральдық арнасын механикаландырылған тазартуға 2023 жылы 2 млрд 300 млн теңге, Киров-Шежін арнасын реконструкциялаудың 4-кезеңін жүзеге асыруға 2022 жылы 1 млрд 564 млн теңге шығындалмақ.

Осы және басқа да шаралар арқасында, суару-суландыру жүйелерін күрделі жөндеу аяқталғаннан кейін 2025 жылға қарай облыстағы егіс алқаптарының жалпы ауданы 537 мыңнан 554 мың гектарға дейін ұлғаяды деп күтілуде. Мал шаруашылығына аса қажет жемазық базасы үшін 300 мың гектардан астам жайылым жер енгізіледі.

Өңірдің ауыл шаруашылығының жалпы өнімінің көлемі 312 млрд теңгеге дейін артуға тиіс. Кешенді жоспарды іске асыру сондай-ақ мал басын, соның ішінде сиыр санын – 34,3%-ға, қой-ешкіні – 7%-ға, жылқыны 16,3%-ға көбейтпек.

146,3 млрд теңгенің 76 инвестициялық жобасын іске асыру нәтижесінде маусымаралық кезеңде туындайтын ауыл шаруашылығы өнімінің тапшылығы жойылады деп күтілуде. Сондай-ақ облыс нарықтарындағы бағаларды тұрақтандыру мүмкіндігі пайда болады.

Батыс Қазақстан облысын мал шаруашылығына мейлінше бағдарлау үшін мемлекеттік қолдау шаралары қолға алынады. 

Атап айтқанда, ауыл шаруашылығы малы үшін азық құнын арзандатуды субсидиялау (2022-2024 жылдары 27 млрд теңгедей), агроөнеркәсіптік кешен субъектісінің инвестициясының бір бөлігін субсидиялау (2022-2025 жылдары 36 млрд теңгеден астам теңге) қарастырылған. Бұған қоса, облыстағы агроөнеркәсіптік кешен субъектілерін кредиттеу, сондай-ақ ауыл шаруашылығы жануарларын, техникасы мен технологиялық жабдығын сатып алуға лизинг кезінде сыйақы мөлшерлемелерін субсидиялау жоспарланған (2022-2025 жылдары 19 млрд теңгеден астам).

 "Қаралы қаңтар" қандай өзгеріс әкелмек?

Мамандар БҚО-ны дамытудың өте маңызды екеніне назар аудартады. Өзге өңірлерден айырмашылығы сол, БҚО – Ресейге мейлінше ашық жатқан өлке: ол Қазақстанның небәрі 2 облысымен шектеседі. Ал Ресейдің 5 бірдей облысымен "қоршалған". Солтүстік көршімен арадағы мемлекеттік шекара 2 423 шақырымға созылып жатыр.

Қойнауы қазынаға, әсіресе мұнай мен газға толы осы өңірге ресейлік империяшыл күштер көз сұғын қадап отыр. Сондықтан бұл облыстың бос қалмай, тұрғылықты халыққа толғаны маңызды. Батыс Қазақстан облысы – территориясы жөнінен елімізде 8-орында тұр.

Әзірге Ұлттық статбюро дерегінше, бүкіл облыстың – БҚО-ның тұрғындарының саны 2021 жылғы 1 желтоқсанда небәрі 665,5 адамды құрады. Яғни бір мегаполис тұрғындарының санына да жетпейді.

Асты-үсті қазынаға толы болса да, БҚО – еліміздегі ең кедей өңірлердің бірі саналады. Ұлттық экономика министрлігінің мәліметінше, БҚО – автожолдарының сапасы жөнінен еліміздегі ең соңғы орында қалды. Бүкіл жолының тек 39%-ы ғана "қанағаттандырарлық деңгейде"! Тұрғын саны аз болса да, облыста апатты және үшауысымды мектептер көп. Баспана кезегінде тұрғандар да қарақұрым 30 мың адам үйсіз-күйсіз. Оның 22 мыңы – Оралда.

БҚО – электр желілері мен подстанциялары еш сын көтермес ескі-құсқы күйге жеткен өңір 80%-ның немесе 16 мың шақырымнан астамының тозығы жеткен. Өзге қалаларда жарық өшіп қалса, тұрғындар төтенше оқиғадай алаңдайды, шу көтереді. Ал БҚО-да қуат инфрақұрылымының шектен тыс тозуы кесірінен желілердің авариялық ағылытуы үйреншікті жағдайға айналды және жыл өткен сайын жиілеп барады.

"Қасіретті қаңтар" оқиғаларынан кейін, 11 қаңтарда, Мәжілістегі сөзінде Президент Қ. Тоқаев дамудағы қайшылық-диспропорциялар азаматтардың ашынысын туғызатынын, шикізатқа бай өңірлердің тұрғындары өздеріне көбірек назар аударылуға тиіс деп санайтынын айта келе, Үкіметке тәсілдемені өзгертуді тапсырды.

Осыған орай Смайылов Үкіметі былтыр мақұлданған "Батыс Қазақстан облысын әлеуметтік-экономикалық дамытудың 2022-2025 жылдарға арналған кешенді жоспарын" қайта қарап жатыр.

Жанат Ардақ

Telegram
БІЗДІҢ ТЕЛЕГРАМ АРНАМЫЗҒА ҚОСЫЛЫҢЫЗ Ең соңғы жаңалықтар осында
Жазылу
Telegram арнамызға жазылыңыз! Жаңалықтар туралы бірінші біліңіз
Жазылу