Блогерлер бюджет миллиондарынан қағылды

17137

Ақпарат және қоғамдық даму министрлігінің миллиард теңгесі жаңа жобаларға жұмсалмақ. 

Блогерлер бюджет миллиондарынан қағылды

Биылғы жылғы бюджетті қайта қарау аясында министрліктің 1 млрд 93,9 млн теңгесі өзге мақсаттарға қайта бөлініп отыр.

"Бюджет-2019" жаңа жобасына сәйкес, ведомствоның шығысы ұлғаймақ. Атап айтқанда, "Қазақстанның 100 жаңа тұлғасы" жобасы шеңберінде Елбасының қатысуымен іс-шаралар өткізуге 30 млн 290 мың теңге әкімшілік шығыс қарастырылады.

"Бұл бюджеттік бағдарламаның мақсаты – ақпарат, мемлекет пен азаматтық қоғамның өзара іс-қимылы, діни қызмет саласындағы мемлекеттік саясатты, мемлекеттік жастар және отбасылық саясатты іске асыру, қоғамдық сананы жаңғырту, қайырымдылық, волонтерлік қызмет, медиация, ішкі саяси тұрақтылықты, конфессияаралық және этносаралық келісімді қамтамасыз ету", – деп түсіндіреді Мәжіліске арналған түсіндірме жазбада Үкімет басшысы Асқар Мамин.

Еліміздегі жетекші халықаралық ақпарат агенттігіне қомақты қаражат беру көзделуде.

"Мемлекеттік ақпараттық тапсырысты орналастыру" кіші бағдарламасы бойынша 1 млрд 52 млн 696 мың теңге "ҚазАқпарат" ("Казинформ") ЖШС арқылы мемлекеттік ақпараттық саясатты жүргізуге, ВВС World News телеарнасында 10 имидждік жарнамалық бейнеөнімдерді өндіруге және ротациялауға бағытталады", – делінген Парламентке жолданған бюджеттің жаңа жобасында. Құжатта бұл "ақпараттық саясатта мемлекеттің тиімділігін, отандық БАҚ-тың бәсекеге қабілеттілігін арттыру" үшін жасалып отырғаны көрсетілген.

Бұдан бөлек, министрлік арқылы үкіметтік емес ұйымдарға арналған сыйлықақыларды толық қаржыландыруға 10 млн 105 мың теңге қосымша үлестіріледі. Яғни, қоғамдық ұйымдарға 15 атау-тақырып бойынша 2000 АЕК-тен премия ұсынылмақ. Ол ҮЕҰ-лар ішкі саяси тұрақтылықты қамтамасыз етумен, сондай-ақ азаматтық қоғам институттарын және мемлекеттің өзара қарым-қатынасын дамытумен айналысатын көрінеді.

Бұл ретте ақпарат және қоғамдық даму министрлігінің өзге бағыттары бойынша шығыстар,керісінше, кемітіледі.

Мәселен, блогерлер біршама кірістен қағылады. Нақтылай кетсек, имидждік іс-шаралардың қысқаруына байланысты бұған дейін "БАҚ және әлеуметтік желілерде діни саясат, азаматтық қоғам және жастар саясаты мәселелері бойынша ақпараттық-түсіндіру жұмыстарын жүргізуге" бөлінген шығыстар 30 млн 290 мың теңгеге азайтылған.

"Рухани жаңғыру" аясындағы шаралар да оңтайландырылуда екен. "Қоғамдық сананы жаңғырту саласындағы іс-шараларды өткізуге" қарастырылған 53 млн 202 мың теңге кері қайтарып алынбақ.

Нәтижесінде, "Рухани жаңғыру" бағдарламасын іске асыру бойынша үздік практика кітап-жинағы шығарылмайды, жаңа кезеңді іске асыру бойынша әдістемелік құрал дайындалмайды. Себебі оларды баспадан баспай, электронды форматта жинақтар шығару ұсынылыпты.

Бұдан өзге, имидждік іс-шаралардың қысқаруына байланысты республикалық әлеуметтік жарнама мен фотосурет конкурсы уақытша тоқтатылған.

Сонымен қатар "Қазақтардың шағын құрылтайын" өткізуге, шетелдік және Қазақстанға келген этникалық қазақтарды қолдауды қамтамасыз ету жөніндегі қызметтерге және басқасына бөлінген 51 млн теңге кері алынды. Себебі мемлекеттік сатып алулар қорытындысында ақша үнемделіпті.

Сондай-ақ тағы шамамен жарты миллиард – 403 млн 425 мың теңге де министрліктен алып қойылды. Ол қаржыға ведомство "Ұлы даланың жеті қыры" бағдарламасы аясында этномәдени бірлестіктердің қатысуымен іс-шаралар кешені ұйымдастыруға, "Мемлекет және дін" журналы шығаруға, деректі фильм дайындауға тиіс болатын.Өнім берушілер шарттық міндеттемелерін орындалмаған".

"Мемлекеттік ақпараттық саясатты жүргізу" бағдарламасы 359 млн 667 мың теңгеге кеміді. Соның ішінде "Егемен Қазақстан" газетіне арналған 12 млн 416 мың теңге "мемлекеттік сатып алу қорытындылары бойынша үнемдеу" деген бапқа жатқызылып, бөлінбейтін болыпты.

"Ақпараттық кеңістікті мониторингтеу" шығыстары да оңтайландырылуда. "Киберқадағалау" жүйесіне техникалық қызмет көрсетуге және "Ұлттық ақпараттық кеңістіктің автоматтандырылған мониторингі" ақпараттық жүйесін сүйемелдеуге, техникалық қолдауға берілген 161 млн 361 мың теңге енді басқа мақсаттарға жұмсалады.

Жанат Ардақ

Telegram
БІЗДІҢ ТЕЛЕГРАМ АРНАМЫЗҒА ҚОСЫЛЫҢЫЗ Ең соңғы жаңалықтар осында
Жазылу
Telegram арнамызға жазылыңыз! Жаңалықтар туралы бірінші біліңіз
Жазылу