Әлеужелі "жұлдыздарының" төбесін қара бұлт торлап, тәртіптің суық ызғары есе бастады. Кеше ғана бір мезгілде стиль иконасы, рухани коуч, әрі салық пен моральдан ада көлеңкелі жарнама магнаты болып дәурен салғандардың күні батып бара жатқанға ұқсайды.
Осы орайда Эльмира Төлегенова мен Ерболат Жанабыловтың жұлдызды отбасылық хикаясы қоғамда үлкен резонанс тудырды. Әйелін – жазасын өтеуді кейінге қалдыру және рақымшылық жасау мүмкіндігімен екі жылға бас бостандығынан айыру, күйеуіне екі жыл шартты түрде жаза кесу – бұл жеке драмаға ғана лайық финал болды. Қоғам заңсыз кәсіпкерлікпен айналысқанын және қылмыстық жолмен алынған кірістерді заңдастырғанын (жылыстатқанын) мойындаған адамдарға әлдеқайда салмақты жаза беріледі деп күткен еді.
Заңгерлер бас шайқайды: сот пен прокуратура қолданыстағы заңнамаға қатаң бағынып, тек соның тар шеңберінде әрекет етті. Мәселе заңның өзінде – ол блогерлерге келгенде өте жұмсақ, азусыз. Егер ойын ережелері мейлінше аз тәуекелмен тұрақты әрі мол пайда табуға жол беріп отырса, блогерлердің мұны пайдаланғанына таң қалуға бола ма?
Жазаны қатайтудың жаһандық тренді
Бұған дейін Қаржылық мониторинг агенттігі төрағасының орынбасары Қайрат Бижанов Сенатқа берген жауабында осы жөнсіздікке назар аудартқан болатын. Әділдікке сусаған әлеуметтегі сұранысты сезе қойған бір топ сенатор онлайн-казиноларды арсыз жарнамалайтын және күмәнді "гивтер" ұйымдастыратын блогерлер үшін қылмыстық жауапкершілікті енгізу бастамасын ілгерілетуде.
Бірқатар алыс-жақын мемлекеттің тәжірибесін талдаған Қаржылық мониторинг агенттігі (ҚМА) депутаттар ұсынысымен келісті. Бижанов заңсыз онлайн-гемблингті жарнамалағанды қылмыстық жауапкершілікке тарту немесе жазаны қатайту – жалпы әлемдік үрдіс дейді.
"Барлық жарнамалық тізбектер – ақпарат құралдары, цифрлық платформалар, спорттық ұйымдар және заңсыз бизнестің жолсерігі саналатын инфлюенсерлер де бірдей соққыға ұшырайды. Ресейде арнайы рұқсат етілген аймақтардан тыс жердегі құмарханаларды жарнамалағаны үшін қылмыстық жауапкершілік те қарастырылған. Қытай трансшекаралық құмар ойындарды ұйымдастырғаны және оған жәрдемдескені, соның ішінде жарнама мен ойыншыларды тартқаны үшін қылмыстық жауапкершілік енгізді. Санкциялар – ірі айыппұлдар және 10 жылға дейін бас бостандығынан айыру", – деді агенттік өкілі.
Ұлыбритания өзінің "Gambling Act 2005" заңымен "unlawful gambling" деп аталатын заңсыз құмар ойындарды жарнамалағаны үшін қылмыстық жауапкершілік белгіледі: бұл тек операторларға ғана емес, демеушілік схемаларға қатысатын спорт клубтарына да қатысты. Жалпы алғанда, идея қарапайым: егер заңсыз қызметтен табыс табу тізбегіне қатыстың екен, барлығымен бірдей жауап бересің.
Қазақстанда ше? Онлайн-казинолардың қызметі мен олардың жарнамасына "Ойын бизнесі туралы" (6-бап, 1-тармақ) және "Жарнама туралы" (6-бап, 5-1-тармақ) заңдарымен тыйым салынған. Алайда, ресми тыйым заңның тиімді қолданылатынын білдірмейді. Тәжірибеде заң бұзушылар негізінен айыппұлмен құтылып кетеді. Мұндай тыйым – блогерлер үшін ұйқышыл, үрмейтін иттің айбаты сияқты.
"Сәттілік салығы" немесе айыппұл абоненттік төлем ретінде
Салдарынан, құмар ойындардың жарнамасы ешқайда жоғалмады. Керісінше, ол интернетте бұрынғыдан да агрессивті әрі белсенді түрде өрістеуде. Жазылушыларының аудиториясы үлкен блогерлер адамдарды құмар ойынға қызықтырып, бұдан жақсы табыс тауып отыр. 2025 жылдың басынан бері агенттік онлайн-казиноларды жарнамалауға қатысы бар 40-тан астам отандық блогерді анықтады. Материалдар әкімшілік жауапкершілікке тарту үшін Мәдениет және ақпарат министрлігіне берілді. Құзырлы органдар айыппұл төлеттіріп, қоя берді.
"Заңнамада онлайн-казино жарнамасы үшін тікелей жауапкершілік қарастырылмағанын атап өткен жөн. Бұл ретте ӘҚБтК-нің 455-бабы 1-бөлігінде белгіленген қолданыстағы әкімшілік санкцияларды, яғни, 60-тан 400 АЕК-ке дейінгі айыппұл онлайн құмар ойындарды жарнамалайтын тұлғалардың содан алатын пайдасымен тіпті салыстыруға да келмейді. Бұл оларды жазаланған соң да заңсыз әрекеттерін ары қарай жалғастыруға итермелейді. Мысалы, белгілі бір блогер-музыкантқа қатысты былтыр 5 рет әкімшілік іс қозғалған!", – деп хабарлады ҚМА.
Бүгінде миллиондық аудиториясы бар блогер үшін айыппұл – жаза емес, тек операциялық шығын ғана. Мұны рұқсат етілмеген жерге көлік қойғаны үшін төленетін айыппұлмен салыстыруға болады: жағымсыз нәрсе, бірақ бизнеске әсер етпейді.
Сондықтан агенттік Үкімет пен Парламентке қаржы пирамидасын жарнамалағаны үшін қолданылатын ауыр жазаға ұқсастырып, енді заңсыз ойын бизнесінің қызметін жарнамалағаны үшін қылмыстық жазаны енгізу және әкімшілік жауапкершілікті қатайту бойынша түзетулер әзірледі. Олар Әділет министрлігіне жолданды. Ұсыныстар сол ведомство жанындағы жұмыс тобында талқылануда екен.
ҚМА келесі шараларды ұсынады:
• Әкімшілік құқық бұзушылық туралы кодекске арнайы норманы – жаңа 455-1 бапты енгізу. Онда заңсыз жарнамадан түскен табысты тегіс тәркілеп, сол табыстың 200%-дан 400%-ға дейінгі мөлшерінде (құқық бұзушылық қайталанған жағдайда) айыппұл салу санкциясын қарастыру;
• Қылмыстық кодекске жаңа 307-1 бапты (Заңсыз ойын бизнесін жарнамалау) енгізу. Егер іс-әрекет ірі мөлшердегі табыс табумен (1000 АЕК), сондай-ақ ірі залал келтірумен (азаматтарға – 1000 АЕК, ұйымға немесе мемлекетке – 5000 АЕК) немесе ауыр зардаптардың туындауымен (адам өлімі, өз-өзіне қол жұмсауы және басқасымен) байланысты болса, дәл осы қылмыстық жауапкершілік туындайды;
• Баптың жеке бөлігінде – 2-бөлімінде қосымша саралау белгілерін енгізу (қылмысты адамдар тобымен, бірнеше рет, адамның өзінің қызметтік жағдайын пайдалануы арқылы жасауы), сондай-ақ аса ірі мөлшерде табыс табумен (5000 АЕК) жасалған құқық бұзушылық үшін жауапкершілікті жеке қарастыру ұсынылды.
Президент Әкімшілігі тұжырымдамалық тұрғыдан бұл бастамаларды қолдады. Агенттікке Бас прокуратурамен, Әділет министрлігімен және Ішкі істер министрлігімен бірлесіп, оларды жыл соңына дейін пысықтау тапсырылды. Шешім қабылданды, тек егжей-тегжейін пысықтап, қабылдау қалды. Жаңа заңнамалық түзетулерді жаңа Парламент – Құрылтай тарихтағы тұңғыш сессиясында қарайды деп күтілуде.
Жасанды интеллект цифрлық "аждаһаға" қарсы
Оған дейін салада әлеуметтік-экономикалық ахуал ары қарай нашарлай беретін түрі бар. Блогерлердің керемет, қызық стористері, "Сен жеңесің, бағыңды сына!" деген ұрандары артында тас-талқаны шыққан тағдырлардың моласы жатыр. Ашық деректерге сәйкес, ойынға тәуелді адамдардың қатары тек ресми түрде 700 мыңнан асқан.
Ал, "сұр" букмекерлер мен шетелдік онлайн-казинолар қанша миллион адамды "тұзағына түсіріп" үлгіргені белгісіз: есебі жоқ. Қазақстандағы ресми тіркелген ұйымдар ұйымдастыратын құмар ойындар мен бәс тігу нарығының өзі бес жылда 20 есе өсті. Бұл салада бір жыл ішінде 553,7 млрд теңгенің қызметі көрсетілген. Яғни, қазақстандықтар өзгеден қарыз алып, банктен, МҚҰ-дан несие рәсімдеп, құнды заттарын ломбардқа тапсырып, тапқан-таянған табысын және жинағын салып, осынша миллиардты лотерея, казино және букмекер ұйымдарына жинап берген.
Бұл цифрлардың артында ауыр зұлмат тұр: отбасылардың бұзылуы (ажырасулардың 40%-ына лудомания себеп), суицидтік мінез-құлық (үлесі 20%-ға дейін жетеді), алкогольдік және есірткіге тәуелділіктің артуы, сондай-ақ қарыздарды өтеу үшін жасалатын қылмыстың өсуі. Әрбір ойынқұмардың қарызының орташа көлемі 10 млн теңгеден асады.
Сонымен қатар, нарықтың өзі баяғыда өзгеріп кетті. ҚМА-ның мәлімдеуінше, қазіргі кезде елден жасырын, жертөледе жабық жұмыс істейтін астыртын казинолар мен ойын автоматтары іс жүзінде жойылды және олар ойынға тәуелділер арасында сұранысқа ие болмай қалды. Құбылыстың бұл ескі формасымен күрес айтарлықтай табысқа жетті.
Бірақ кесапат ешқайда кеткен жоқ: ол тек ыңғайлырақ, бақылауы қиын және ауқымы әлдеқайда кең ортаға ауысты. Енді негізгі қауіп шетелде тіркелген онлайн-казинолардан төніп тұр. Олардың танымал болу себептері түсінікті: қолжетімді, анонимді, аз ақшадан бастауға рұқсат етеді, әрі оны қазақстандық, ресейлік ел танитын тұлғалар дәріптейді.
Қаржылық мониторинг агенттігі жүргізген талдау Қазақстанда онлайн-гемблингтің кедергісіз жұмыс істеуіне, тосқауылдарды оңай айналып өтуіне жағдай жасайтын себептерді анықтады. Олардың бастысының бірі – "айна" ("зеркалка") сайттар. Механикасы қарапайым: бір ресурс бұғатталған бойда орнында мекенжайы сәл ғана өзгертілген клоны іске қосылады. Оның мекенжайы ойынқұмарлардың смартфонына тікелей тасталады. Тиісінше, олар еш кідіріссіз ойынын жалғастыра алады.
Статистика үрей тудырады: тек соңғы 3 жылдың ішінде "Кибербақылау" жүйесінде 40 мыңға (!) жуық сілтеме бұғатталған: 2023 жылы – 4,2 мың, 2024 жылы – 14,7 мың, 2025 жылдың өзінде – 20 мыңнан астам. Жыл сайын үлкен қарқынмен өсіп келеді. Негізінен, бұлар – Қазақстанда танымал 36 онлайн-казиноның "айна" сайттары.
Демек, мемлекет бір басын шапса, орнына бірнешеуі өсіп шығатын "аждаһамен" күресіп жатқан болып шығады. Оларды жасанды интеллект жасап береді. Ал, бұғаттау қолмен жүзеге асырылады: министрлік пен құзырлы органдардың мамандары өздері іздеп тауып, тұсау салумен айналысады.
ҚМА сарапшылары мұндай "қолмен" басқару моделі тиімді бола алмайтынын ескертті. Заңсыз ресурстардың көбею жылдамдығы оларды бұғаттау жылдамдығынан әлдеқайда жоғары. Сондықтан бұғаттауды автоматтандыру ұсынылуда: жауапты министрлік жанынан белгіленген критерийлер бойынша онлайн-алаңдардың айна сайттарын өзі автоматты түрде іздеуді және бұғаттауды жүзеге асыратын, ЖИ-ге құрылған платформа құру қажет.
Сыбайлас па, жазықсыз жан ба?
Таяуда болған тағы бір оқиға – заңсыз ойын бизнесін ұйымдастырды деген күдікпен Интерпол желісі бойынша іздеуде жүрген блогер Қайсар Қамзаның Вьетнамда ұсталуы елді елең еткізді. Polisia.kz мәліметінше, ол онлайн-казино арқылы 100 млн теңгеден астам заңсыз табыс тауып, қаражатты өзінің криптовалюталық әмиянына аударып отырған.
"ҚР ІІМ Интерпол арналары арқылы Вьетнам Социалистік Республикасының құқық қорғау органдарымен өзара іс-қимыл жасаса отырып, заңсыз ойын бизнесін ұйымдастырғаны үшін халықаралық іздеуде жүрген блогерді Камран қаласында ұстады. 2,4 млн жазылушысы бар блогер әлеуметтік желілерде онлайн-казиноның жарнамалық видеоматериалдарын орналастырып, пайдаланушыларды құмар ойындарға қатысуға тартқан. Қазіргі уақытта оны Қазақстанға экстрадициялау мәселесі шешілуде", – деп хабарлады полиция.
Бұл жерде оқиғаның мән-жайы ерекше назар аудартады: блогерге қатысты іздеу тек 2026 жылдың 10 қаңтарында тіркелген. Бірақ 2025 жылдың өзінде-ақ ол реттеушілердің назарына іліккен: сол кезде Туризм және спорт министрлігі Қамзаны заңсыз онлайн-ұтыс өткізген заң бұзушылар тізіміне енгізіп, 1 179 600 теңге айыппұл салып, қоя берген.
Оның үстіне тергеу нұсқасы бойынша, бес жыл бойы Қайсар Қамза ойынқұмарларға арналған, 368 мың жазылушысы бар "Қора энтертейнмэнт" жабық Telegram-каналын емін-еркін басқарып келген. Әрине, күдіктілер ісі тек бір кейспен шектелмейді. ҚМА дерегінше, 2025 жылы құмаройын жарнамасына қатысы бар ондаған блогер анықталды.
"Онлайн-казинолардың қызметі көбіне есірткі бизнесінен, бопсалаудан және қаржылық алаяқтықтан түсетін "лас ақшаларға" негізделеді. Жаңа клиенттер жинау үшін олардың иелері отандық миллиондық аудиториясы бар блогерлерді пайдаланады, ал, бұлар оңай олжаға кенелу үшін сенгіш, аңқау азаматтарды қаржылық тұзаққа итермелейді. 2025 жылдың басынан бері агенттік құмар ойындарды жарнамалауға қатысы бар блогерлерді анықтады", – деп хабарлады ведомство.
ҚМА-ның "қара тізіміне" енген заң бұзушы блогерлердің нақты есімдерін мына жерден білуге болады. Агенттік оның арасында әйел-ана блогерлердің көптігін қынжыла жеткізді. Ұрпағына жамандығы тиер деп қорықпайтын болса керек.
Дегенмен, бұлар да ӘҚБтК-нің 455-бабы бойынша әкімшілік жауапкершілікке тартылды: яғни, айыппұлмен құтылған. Өйткені оларға заңнама жұмсақ. Мысалы, танымал қазақстандық хип-хоп орындаушысы өткен жылы азаматтарды заңсыз құмар ойындарға тарту мақсатында агрессивті науқан жүргізгені үшін бес рет жауапкершілікке тартылған.
Агенттік мәліметінше, онлайн-казино жарнамасы үшін блогерлердің бірі 8 млн теңгеден астам, екіншісі 15,8 млн теңге алған. Сол үшін салынатын айыппұл 259 мың теңгеден басталады.
Осылайша, миллиондаған табыс тауып отырған блогерлер айыппұлын еш қиындықсыз төлеп тастап, темір торға қамалмай, бұрынғы кәсібіне қайта оралуда. Айыппұл бизнес-модельдің бір элементіне – тәуекел үшін төленетін өзіндік бір салыққа айналып кетті.
Осы жағдайларды ескеріп, Қаржылық мониторинг агенттігі заң бұзушылардың әрекетін бұдан былай ҚР Қылмыстық кодексінің 28-бабының 5-бөлігі тұрғысынан, яғни, заңсыз ойын бизнесіне сыбайластық (жәрдемдесу) ретінде қарастыратынын мәлімдеді. Алайда блогерлерге үкімді бәрібір сот шығарады.